Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық тыныс-тіршілігіндегі күрделі және өзекті мәселелерді көтеруімен құнды. Онда Қазақстанның жаңа кезеңдегі дамуының 10 басым бағыты айқын көрсетілген.
Біріншіден, индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс, бұл елімізге ауадай өте қажет.
Иә, уақыт қандай ұшқыр десеңші! Күні кеше компьютерге, ұялы телефонға елең етіп, таңданып едік, енді заманауи құрал-жабдықтардың көптеген жаңа үлгілерімен танысып, білудеміз. Қоғамды, өндірісті, тұрмысымызды жаңартудағы жаһандық тренд – цифрландыру.
Әлемдік дамудан тысқары қалмай, 2050 жылға қарай бәсекеге мықты 30 елдің қатарына қосылу бағытын Елбасымыз өте сенімді түрде межелеп беріп отыр.
Тағы бір ерекше тоқталар тұс, Жолдау Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің толайым табыстарын да қаперге салды. Баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін сезіне келе еліміздегі баламалы энергия үлесін барынша арттыру міндетін қозғады.
Демек, еліміз серпіліп, түлей түседі. Бұл сөзсіз. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық сатыға көтеру, адами капиталды жаңа сатыға көтерудің негізі – мектеп мұғалімінің беделін арттыру, біліктілігіне сай оның жалақысын көбейту, бәрі-бәрі де жаңа Жолдауда тайға таңба басқандай өрнектелген. Кең-байтақ ортақ шаңырағымызда игі істер арнасы кеңи береді, жұртымыздың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтеріледі, міне, жарқын тағдырымыздың жоралы жолы бұл.
Біз, Ұлттық ұландықтар әрқашан да Елбасымен біргеміз. Ел үшін экономикалық және саяси-әлеуметтік дамумен бірге рухани дамудың да маңызды екенін жақсы білеміз.
Сөз соңында айтарым, Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауға баршамыз белсенді түрде атсалысуымыз керек.
Әлібек СЕРӘЛИЕВ,
генерал-майор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы
ОРАЛ