Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында Комиссия мәслихаттар депутаттарының сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындады және алдағы Мәжіліс депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті.
Парламент Мәжілісі депутаттары өкілеттігінің парламентарийлердің өздерінің бастамашылығымен мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын 2012 жылғы 16 қаңтарға тағайындағаны белгілі.
«Сайлау туралы» Заңның 87-бабы 5-тармағына сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қарашадан басталды. «Сайлау туралы» Заңға сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Қазақстанның Коммунистік партиясы бұл науқанға қатыса алмайды. Өйткені, сот шешімі бойынша оның қызметі уақытша тоқтатылған еді. Бұл ретте сайлау комиссияларының Қазақстанның Коммунистік партиясының ұсынымы бойынша сайланған мүшелері өздерінің жұмысын жалғастыратын болады.
Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 51-бабы 4-тармағымен белгіленген талаптарды қанағаттандыруы, сондай-ақ Конституцияның 33-бабы 2 және 3-тармақтарына сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуы тиіс. Осылайша, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлау және сайлану құқығы жоқ.
Біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ. Саяси партияның жоғары органының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Саяси партиялар тізімдерді мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жасайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бірге бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.
Отырыста сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихаттарының кезекті сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындау және тиісті Күнтізбелік жоспарды бекіту туралы қаулы қабылдады.
Ортсайлаукомның төрағасы Қ.Тұрғанқұлов отырыстан соң болған брифингте: «Мәлихаттар депутаттарының кезекті сайлауын партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауымен қатар өткізу туралы шешім қабылдай келе, біз заңның сайлауды тағайындау мен өткізуге қатысты нормаларын, сондай-ақ бұл сайлаулар Президент сайлауымен және Парламент Сенаты депутаттарының сайлауымен бір мезгілде өткізіле алмайтыны туралы талаптарын толық сақтап отырмыз», – деді.
Ортсайлауком қабылдаған Күнтізбелік жоспарға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау учаскелерінің шекаралары туралы, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы ақпарат 23 қарашадан кешіктірілмей, ал мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша сайлау округтерінің тізімі, олардың шекаралары мен орналасқан жері, аумақтық және мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша округтік сайлау комиссияларының құрамы 26 қарашадан кешіктірілмей жариялануы тиіс.
Ал сайлау науқанының негізгі кезеңдері мына мерзімдерде өтетін болады: партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында кандидаттарды ұсыну 16 қарашадан 5 желтоқсанға дейін жүреді. Партиялық тізімдерді тіркеу 16 қарашадан бастап 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қараша мен 14 желтоқсан арасындағы кезеңде өтеді. Бұл ретте мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау рәсімдерінің мерзімі партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы үшін анықталған мерзімдермен сәйкес келмейді. Заң бұған жол береді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 16 желтоқсанда басталады. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы барлық қажетті кадрлық және материалдық ресурстарға ие. ОСК сайлауды тиісті ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге, азаматтардың және барлық сайлау үдерісіне қатысушылардың өздерінің конституциялық құқығын ерікті әрі тиімді іске асыруын қамтамасыз етуге дайын. Жуық арада Үкімет сайлау науқанының қаржылық мәселелерін шешетін болады.
Ортсайлауком сайлау науқандарын әзірлеу мен өткізуге қажетті сайлау құжаттарының үлгілерін де кешегі отырысында бекітті. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары толығымен жасақталған және жұмысқа қабілетті. Жыл бойы тағы 42 учаскелік сайлау комиссиясы құрылып, олардың құрамы сайланған. Жақында Сыртқы істер министрлігіне халықаралық байқаушылар институтын ашу туралы хат жолданатын болады. Сайлау заңнамасына сәйкес шетмемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша 2012 жылғы 10 қаңтарға дейін жүргізеді.
Брифинг соңында болуы мүмкін мәселелердің алдын ала отырып, Қ.Тұрғанқұлов «Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің бұл сайлауда пайдаланылмайтынын айтты, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жақын арада Орталық сайлау комиссиясының тұрақты жұмыс істейтін баспасөз орталығының ашылатыны туралы да хабардар етті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.