• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қаңтар, 2018

Маңызды мүмкіндіктер

359 рет
көрсетілді

Елбасының биылғы Жолдауы мемлекетіміздің жаңа дамуының бағыты мен бағдарын көрсетіп отыр. «Тәуелсіздік дәуірі» атты кең тынысты еңбегінде жазылғандай, ширек ғасыр бізді шыңдады, әлемдік сын-қатерлерге төтеп беруге үйретті, Қазақстанның аты мен затын дүние жүзіне танытуға мүмкіндік берді. Ал рухани жаңғыру тынысымызды ашты.  

 

Елбасы Жолдаулары елдің жү­регінен – Астанадан жолданады. Сондықтан осыған дейінгі және осы жолғы Жолдауда да елорда құндылығы сөз етілді. Біз, жоғары мектептің өкілі және елорда­ның халық қалаулысы ретінде Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктеріне бай­ланыс­ты Елбасы Жол­дауын зор шынайы сезіммен қа­был­дадық. Бағдарламалық ма­ңызы терең, тұжырымда­ма­сы анық бұл Жолдау нәтижелі жұ­мыс­тарға бастайтынына сенімдіміз.

Президент әлемдік сын-қатер­лерге төтеп беретін даму мен жаңаруды күн тәртібіне қоюы – бәрімізге елеулі міндет жүктейді.

Мемлекет басшысы жол­дау­ларының бәрінде дерлік білім-ғылым жүйесі әрдайым ес­керіледі. Бүгінде ғылым мен білім – дамудың алғышарты ғана емес, қозғаушы күші де. Таяуда ғана мемлекетіміздің абыро­йын асқақтатқан ЭКСПО-2017 Астанадағы Назарбаев уни­вер­ситетінің, Еуразия ұлттық университетінің, Өнер универси­тетінің, Агротехикалық уни­вер­ситеттің, Медицина академия­сының, басқа да жоғары оқу орын­дарының ғылымға, мәде­ниетке деген талпынысын еселей түсті. 

Білім мен рухани жаңғыру­ға байланысты осыған де­йін­гі ізденістерімізді Елбасы нұсқаған дамудың жаңа мүмкіндіктері сапаландыра түседі деп санаймыз.

Жолдауда адам капиталына байланысты жаңа ұсыныстар айтылып, тың бағыттар көрсетіл­ді. Соның ішінде педагогика саласы мен мамандықтарын сапа­ландыруға байланысты тұжырымдар, білім мазмұнын замана талабына сай құруға қатысты ойлар, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологияларды озық жүйе аясында дамытуға қатысты байып­тамалар сала мамандарының көкейінен шығып отыр.

Елбасының «білім беру саласын экономиканың жеке саласы ретінде дамыту керек» деген ойы да жаңашыл әрі өзекті. Сон­дай-ақ университет ғылы­мына, жас ғалымдарды қолдауға қатысты маңызды тұжырым­дар зор мүмкіндік туғызады деп сенеміз.

Жолдауда «жастарды жаңа технологиялық қалыпқа да­йын­дау» тезисі ерекше айтылды. Сондай-ақ балалар техно­паркі мен бизнес-инкубаторын қа­­­лып­­­тас­тыруға байланысты Ел­ба­сы бас­тамасы елордадан өңір­­­лер­ге дейінгі білім жүйе­сіне жақ­сы ықп­ал етеді деген пікірдеміз.

Барлық салада, әсіресе білім сала­сында отаншылдық, бәсе­кеге қабілетті білім, тәжіри­бе қай қиындықтан болсын алып шығады. Жолдаудағы мемлекет тілі бастаған үш тілді терең меңгеру жайы, орта мектептің білім мазмұны, кәсіптік білімнің әлеуеті, цифрлы білік, оқу жүйе­сін сапаландыруға жеке капи­талды тарту және басқа да елеулі тұжырымдар саланың жаңа жағдайдағы дамуына кең жол ашады деп ойлаймыз. Елбасы елге сенеді, ел бір­тұтас халқымыз мемлекет бас­шының батыл да сали­қа­лы бас­тамаларын қолдайды. Жолдау­дың маңызы да осында.

Ерлан СЫДЫҚОВ,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,  ҚР ҰҒА академигі