Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда жеткен жетістіктерінің көрмесін тамашалады. Елбасы аймақ басшыларының өз өңірлеріндегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы жөніндегі есептерін тыңдап, арнайы экспозициялармен танысты. Бұл көрме аталған өңірлердің елордадағы күндеріне орай ұйымдастырылды.
Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко өз есебінде Мемлекет басшысына өңірдің 20 жылдағы әлеуметтік және экономикалық, сондай-ақ мәдени салалардағы жетістіктеріне жан-жақты тоқталды.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, тәуелсіздік жылдары ішінде өңір экономикасының барлық салаларының серпінді дамуы байқалған. Жалпы өңірлік өнім 1993 жылғы 2,3 млрд. теңгеден 2010 жылы 586 млрд. теңгеге дейін, яғни 255 есе өскен. Ақмола облысындағы индустриялық секторда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жоғары технологиялық зауыттар мен фабрикалар құрылып, 20 ірі өндіріс қызметінің кескіні сақталған.
Облыс әкімі өнеркәсіп өнімінің өндірісі 1993 жылғы 837 млн. теңгеден 2010 жылы 180 млрд. теңгеге дейін артқандығына, ал Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылған 2 жылдан бері 92 млрд. теңгенің 33 жобасы іске асырылып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылғанына да тоқталып өтті. 1991 жылдан бері облыста 1,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ал соңғы бес жылда жыл сайын орташа есеппен 170 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – көрсеткіштің 1991 жылмен салыстырғанда 5 есе ұлғайғанын айғақтайды. Облыстың басқа салалардағы жұмыстарының нәтижелеріне назар аударар болсақ, тәуелсіздік жылдары ішінде облыста 58 балабақша мен 305 шағын орталық, оның ішінде жаңа құрылыс жүргізу есебінен – 2,2 мың орынға арналған 9 балабақша ашылса, 6,3 мың оқушыға арналған 20 жалпы білім беретін мектеп салынған. Денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінген қаражат 1991 жылмен салыстырғанда 200 еседен асқан. Соңғы 5 жылда 6 жаңа денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде Қан құю орталығы, перинаталдық орталықтың жаңа корпусы мен Көкшетау қаласында туберкулезге қарсы диспансерлік балалар бөлімшесі бой көтерген.
Бұлардан бөлек, облыста 776 мәдениет мекемесі қызмет көрсетуде. Облыс орталығында Қазақ сазды-драма театры ашылды, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өңірдің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің жинағы жарық көрді, М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұлардың барлығы облыстағы ауқымды істердің бір көрсеткіші.
Бұдан кейінгі кезекте Ақтөбе облысының жетістіктеріне арналған көрмені аралап көрген Елбасыға өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени жетістіктері жөнінде аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов баяндап берді.
Ақтөбе облысы – Қазақстанның серпінді дамушы өңірінің қатарындағы аймақтардың бірі. Жалпы өңірлік өнім 2010 жылы 1993 жылмен салыстырғанда 822 есеге өскен. Мерейтойлық жылы жалпы өңірлік өнімді 1 триллион 300 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделіп отырған көрінеді. Елдің өнеркәсіптік жалпы өнім көлеміне үлесі бойынша облыс көш басындағы үздік бестіктің санатында тұр. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның арқасында облыста тек соңғы жеті жылда 400-ге жуық инвестициялық жобаның іске асырылуы 25 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызған.
Тәуелсіздік жылдарында өңірде 4,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа 139 денсаулық сақтау нысаны салынды. Білім саласында мектепке дейінгі мекемелердің саны 76-дан 503 бірлікке дейін артты, 40-тан астам жаңа жалпы білім беретін мектеп ашылды. Мәдениет пен өнер салаларында елеулі табысқа қол жеткізілді. Егер 1999 жылы 201 мәдениет мекемесі болса, ал 2011 жылы олардың қатары 480-ге дейін ұлғайды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында археологиялық, этнографиялық экспедиция жүргізілді, 20-дан аса ескерткіш, мүсіндер мен кесенелер қалпына келтірілді. Бұлардың барлығы – Ақтөбе облысының Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесінде жеткен жетістіктерінің бір парасы.
Бұл күні Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 20 жылы ішіндегі Алматы қаласының табыстарына арналған көрмені де аралап көрді. Қала әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық салалардың дамуы жөнінде баяндай келе, облыс ішінде оңтайландырылған бастамаларға кеңінен тоқталды.
Алматы – Орталық Азиядағы көшбасшылық ұстанымға ие ірі мегаполис. Қазақстан халқының 10 пайызға жуығының Алматыға қоныстануы да көп жәйтті аңғартса керек.
Қала Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 20 пайызын өндіреді және мемлекеттік бюджеттің барлық кірісінің 25 пайызын береді. 1993 жылы Алматының жалпы өңірлік өнімі 2,1 млрд. теңгені құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 4 трлн. 271 млн. теңгеге жеткен. 20 жылдық мерзім аралығында қалада 10 млн. шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде соңғы бес жылда 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. 2001-2011 жылдар аралығында қалада 31 денсаулық сақтау нысаны салынды. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қалада 35 мектеп тұрғызылды.
Күн санап шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, бүгінде Алматы қаласында 74 мыңнан астам белсенді шағын және орта бизнес субъектілері есепте тұр. Бұл салада 350 мыңға жуық адам, яғни еңбекке қабілетті тұрғындардың 50 пайызы қызмет етуде. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына 16 өңірлік жоба енгізілген. 2010 жылы оның 4 жобасы іске қосылса, бүгінде Индустрияландыру картасына енгізілген тағы 38 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса, биылғы жылдан бастап, Алматы қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қала басшысының айтуынша, бұл да өңірдің дамуына ықпал ететін бағдарламалардың қатарына қосылмақ.
Көрме аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Бейбітшілік және келісім сарайының Опера залында өткен Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының Гала-концертін тамашалады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.