«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.
«Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.
Төменде Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялық паркі» акционерлік қоғамынан фоторепортаж беріліп отыр.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуы кеңінен аталып өтілді. Шындығында бұл бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы мойындап отырған теңдесі жоқ оқиға еді. Ал одан кейінгі жерде кешегі атом полигонының астанасы атанған Курчатов қаласының енді бейбіт мақсатта жұмыс істей бастағанын баршамыз жақсы білеміз.
Атом аждаһасының аузына құм құйылғанына жыл өтпей жатып Елбасы Жарлығымен сол Семей атом полигоны кешені базасында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Сонымен бірге, қазір Курчатовта ядролық технологиялар паркі жұмыс істеп тұр. Мұның алғашқысы ғылыммен айналысса, екіншісі сол ғылым жаңалықтарын іс жүзіне асыруда.
Курчатовта технопарк салу мәселесі алғаш рет Елбасының 2003 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген еді. Келер жылы-ақ мамандар оның жобасын техникалық-экономикалық жағынан сарапқа салып, іске кірісіп кетеді. Арада екі жылдан соң Үкіметтің «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамын құру туралы шешімі шығады. Содан бері оны техника ғылымдарының кандидаты Абзал Құсайынов басқарып келеді. Акционерлік қоғам президенті ең алдымен технопарк құрылысының уақытында іске қосылуына күш салды. Технопарк ғимаратымен бірге қызметкерлерге арналған тұрғын үй құрылысы қоса жүргізілді.
Тегінде технопарктің алдына тиімді инновациялық инфрақұрылым мен жоғары технологиялық компанияларды қалыптастыра отырып, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына септесу міндеті жүктелген болатын. Соған орай қоғам өз алдына 2020 жылға дейін 20 жоғары технологиялық компания құруды мақсат етіп қойған еді. Соның бәрі ядролық, радиациялық және нанотехнологияларды іске қосу арқылы атқарылуда.
Бүгінгі күні технопаркте консалтинг қызметі жұмыс жасап тұр. Оның міндеті бизнес-жоспар жасау, маркетинг зерттеулерін жүргізу, инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалау, кәсіпкерлік субъектілерге заңдылық және экономикалық жағынан жәрдемдесу, жарнамамен айналысу болып табылады.
Айталық, әкімшілік-өндірістік, ЭЛВ-4 электронды жеделдеткіш базасындағы радиациялық технологиялар кешендері, басқа да корпустар мен жүйелердің ұсынатын қызметтері сан алуан. Соның бірі – әкімшілік-өндірістік кешен өткен жылы іске қосылған болатын. Мұнда бизнес-орталық, бизнес-инкубатор, лабораториялық өндірістік және офистік кеңселер, көрме және конференц-зал орналасқан. Бизнес-орталықта технопарк клиенттеріне қосымша қызмет көрсететін сервистік компаниялар жайғасқан. Ал бизнес-инкубатардың міндеті технологияларды дамыту қызметін ұсыну, клиенттерге қажетті алаң тауып беру, оларға сондай-ақ қаржы және техникалық шешімдер іздестіруге жәрдемдесу. Өткен жылы кешен базасында «Инновациялық технологиялар. Нақтылық және алдағы міндеттер» деген тақырыпта алғашқы халықаралық конференция өткізілді.
Радиациялық технологиялар кешеніндегі жағдай да осындай. Бұл кешен бұрнағы жылы пайдалануға берілген болатын. Онда бірнеше өндірістік жүйелер орналастырылған. Электронды жеделдеткіш түрлі салада, атап айтқанда, полимерлерді тігу, медициналық бұйымдарды сүзгіден өткізу ісінде кеңінен пайдалануда.
Қазіргі өндірісті озық технологияларсыз көзге елестету мүмкін емес. Радиациялық технологиялар соның басты бірі болып табылады. Біздің елімізде өндіріске радиациялық технологияларды енгізу ЭЛВ-4 электронды жеделдеткішін іске қосу арқасында жүзеге асырылуда. Ал мұның технологиялық мүмкіншіліктері орасан зор.
Технопаркте «Табыс» деп аталатын венчурлық қордың құрылғанына төрт жыл болды. Оның иевестиция тартуда, озық инновациялық технологиялар алмастыруда маңызы ерекше. Технопарктегі мұндай жарқын істерді жалғастыра беруге болады. Болашақ жобалар туралы да әңгіме өз алдына. Сонымен бірге мұнда түрлі шетелдік компаниялар жемісті еңбек етуде. Ал кешегі кеңес заманында ол мүмкін бе еді?
Қазірде технопаркте екі жүзге жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы жүз мың теңге мөлшерінде. Ал ертеңгі көрсеткіш бұдан да жоғары болатындығына еш күмән жоқ.
Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңіріндегі меншікті тілшісі Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.