Өскеменде облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қатысуымен «Алғашқы нарықтық реформалардан индустриялық-инновациялық жаңғыртуға. Шығыс Қазақстан облысының Тәуелсіздік жылдарындағы дамуы» атты дөңгелек үстел өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген басқосуға Қазақстанның гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол Алияров, саясаттанушы Айдос Сарым, облыстағы саяси партиялардың, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік емес ұйымдар мен діни конфессиялардың өкілдері қатысып, тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, көпұлтты халқымыздың тамыры терең рухани бірлігі мен татулығын нығайтып, мемлекет экономикасын дамытудың, қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтаудың, халықтың демографиялық өсімін ұлғайтып, денсаулығын, әл-ауқатын одан әрі арттырудың жолдары мен басым бағыттарын әңгіме арқауы етті.
– Бүгінгі шара өткенімізді саралап, болашағымызды бағдарлап, неге жеттік, нені қолға алуымыз керек деген сауалдарға жауап іздеу мақсатында тәуелсіз еліміздің, оның бір құрамдас бөлігі – Шығыс Қазақстанның дамып, өркендеуі үшін қолға алынуы қажет маңызды міндеттер жөнінде ой қозғап, пікір алмасу үшін өткізіліп отыр. Еліміздің индустриялық-аграрлы аймағы болып отырған біздің өңірде 20 жыл ішінде экономика қарқыны бүкіл еліміздегідей 5-7 пайызға өсіп, 8,5 есеге артты, өңірлік жалпы өнім көлемі қазіргі күні 1 триллион 280 миллиард теңгені құрады. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында индустрияландыру картасына облыстан 605 миллиард теңгенің 37 жобасы еніп отыр. Өткен жылы соның 12-сі жүзеге асырылса, биылғы жылдың аяғына дейін 47 миллиард теңгенің жобасы іске қосылмақ. Өңірдің ауыл шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Құрғақшылыққа қарамастан күзде астық түсімі гектарынан 12 центнерден айналып, 600 мың тонна астық жиналды. Ауыл шаруашылығы саласында марал мен омарта шаруашылығын өркендетуге де үлкен мән берілуде. Әлеуметтік-мәдени нысандар жаңартылып, жұмыстары жетілдірілуде. Бір ғана мысал келтірейін, қазіргі күні облыста 37 жаңа мектеп салынуда. Келер жылы аймақта бірде-бір апаттық жағдайдағы мектеп болмайды. Өңір экономикасының өркендеп, дамуы нәтижесінде 20 жылда халықтың табысы 10 есеге артты, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бүгінгі күні облыста жұмыссыздық деңгейі еліміздегі жалпы орташа көрсеткіштен төмен болып (республикалық көрсеткіш – 5,4), 5,1 пайызды құрап отыр. Республикалық «Жол картасы» бағдарламасы аяқталғанымен облыста өзінің «Жол картасы» жалғасуда. Оған облыстық бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінген.
Облыс орталығы Өскеменде ашылған республикадағы ең алғашқы этноауыл да Шығыс Қазақстанда тәуелсіз елімізді, жерімізді мекен еткен ұлттардың өткені мен бүгінін қадірлеп, қарапайым халықтың салт-дәстүрі мен өмірін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді көздеуден, достық пен татулықты ту етуден туған іс, тамаша мәдени-тарихи нысан. Дөңгелек үстелде Қазақстанның қоғамдық саяси дамуы кезеңдеріне тоқталып, жас мемлекетіміздің экономикалық, саяси тұрақты ел болуы Отанымызды мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығынан бастау алатындығын айтқан Қазақстанның гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол Алияров сол ізгі мақсаттарға жетуде Өскемендегі осындай этноауылдың, аймақта жұмыс істеп жатқан ұлттық мәдени орталықтардың алып отырған орны, көтеріп отырған жүгі ерекше екендігін жеткізді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап бірнеше жыл бойы бұғаулап, тұралатқан экономикалық, қаржылық қиындықтарды жеңіп, өндірісі өркендеп, елі мен жері көркейіп, гүлденген, атын төрткүл дүние мойындаған Қазақстан 20 жылда танымастай болып өзгерді. Мемлекетіміздің өңірлерін өркендету, экологиялық ахуалды, халықтың денсаулығын оңалту, жұмыссыздықты азайту, ұлтымыздың болашағын баянды ету жолында әлі талай шаруалар күтіп тұр. Сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Евгений Григорьев, тағы да басқа қатысушылар сол мұраттарға жетудің егжей-тегжейіне тоқталып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Өскемен.