Жақтырмайтын жаққа бармаған жөн
Ресейде Тәжікстанға қарсы науқан басталды. Елдің ақпарат құралдары бұл елді ғайбаттаған хабарларын жиілетті. Ол Тәжікстанда екі ресейлік ұшқышқа сот болған соң күшейе түсті. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі сол сотқа байланысты қатқыл мәлімдеме жасады.
Сірә, ақпарат құралдары да, басқа мекемелер де осындай мәлімдеменің жасалуын күткендей, шулап қоя берді. Бүгінге дейін жақсы қарым-қатынаста болған елді ғайбаттауда енді олар жарысқа түскендей.
Алдымен жамандауға асыққан Қорғаныс министрлігі болды. Бұлардың Тәжікстандағы 201-ші әскери базасында 5,5 мың адам қызмет етеді. Оған дейін оның 3 мыңдайы әскерге шақырылғандар болады екен. Енді онда тек келісім-шартта тұрғандарды ғана жібереміз дегенді айтады. Басты себеп – жергілікті халық Ресей әскеріне қарсы көрінеді. Жас жігіттерді, өздерінше қамқоршы болып, ондай жерге жібермегеніміз дұрыс деп база басшылары көлгірсиді.
Рас, олар жергілікті халықтың нендей айып тағатынын да жасырмайды: солдаттар «арақ ішеді, төбелеседі және боқтасатын» көрінеді. Сондай-ақ, әскерилер ұрланған жанар май, автобөлшектер сатып, жергілікті халықты әскери мүлікті ұрлауға арандатады екен. База басшыларының айтуынша, бұл айыптың көпшілігі «түкке тұрмайды». Сірә, олар жергілікті халық үшін «арақ ішу, төбелесу, боқтасу» түкке тұрмайтын нәрсе емес екенін ұқпаса керек.
Басқа елге барған екенсің, сол елдің тәртібіне бағын, ұнатпасаң барма, деуге болар. Бірақ Ресейге сол елде база ұстаған керек. Тәжіктер үшін емес, өздері үшін. Сондықтан да тәжіктермен тіл табысқаны жөн-ақ. Ал бұлар онда өктем жүргісі келеді. Баяғы кеңестік замандағыдай. Тәжікстанның тәуелсіз ел екенін мойындағысы жоқтай.
Ал жаңа дауға себепші болған екі ұшқышты соттауға келетін болсақ, тағы да сол «ағалықтың» көрінісі. Оқиға былай өрбіген. Осы жылғы наурыз айында Ауғанстанда жұмыс істеген екі АН-72 әскери ұшағының экипажы Кабул әуежайындағы келісім-шарттары бітіп қалған соң, одан арғы тағдырларын айқындап алу үшін Тәжікстанға ұшып шығады. Қорғантөбе әуежайында оларға қонуға рұқсаттың жоқтығын айтады. Ұшқыштар қайтадан Кабулға ұшуға жанар майы жетпейтіндіктен, амалсыз қонуға рұқсат сұрайды. Жерде оларды кеденшілер мен шекарашылар тексеріп, ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары оларды тұтқынға алады. Арада бір ай өткенде, ұшақ командирлеріне айып тағылып, басқа мүшелері босатылады.
Енді, міне, қазан айында сот болып, ресейлік Владимир Садовничий және Эстония азаматы Александр Руденкоға «контрабандалығы, шекарадан заңсыз өткені және халықаралық ұшу ережелерін бұзғаны» үшін деген айып тағып, сот оларды 10 жылға соттаған екен, президенттің рақымшылық жарлығына байланысты оны 8,5 жылға түсіріпті. Ал прокуратура 13 жылға соттауды сұраған.
Ресей жағы, мүдделілер үкім негізсіз, куәлер жоқ дегенді айтады. Контрабанда дегенін кім біледі, ал шекараны заңсыз өткені, халықаралық ережені бұзғаны айқын. Рұқсатсыз ұшып келу басынғандықтың асқынған түрі екені даусыз. Әлемдік тәртіп бойынша, контрабанда дәлелденсе, сол екі ұшақты да Тәжікстан тәркілейді. 7 ай бойы үндемей келіп, сол ұшақтардан айырылатын болған соң, шу шықты. Сол ұшақтардың иесі Rokan Investinens Ltd компаниясы Ресей СІМ-іне іске араласпайсың деп өкпелеген де еді. Министрлік алғашында дәлелдерің жоқ деп компанияға ұрысқан. Бірақ, енді миинстр С.Лавров бас болып, күрт өзгерді. Сірә, жоғарыдан Тәжікстанды «тәубесіне келтіру» жөнінде нұсқау болған-ау шамасы.
Тәжіктерді, олардың басшылары Эмомали Рахмонды ғайбаттаудың барлық жолдары да іске қосылды. Ресей ақпарат құралдары тәжік оппозициясына сөз беріп, олар аянып қалмауда. «Известия» газетінде жарияланған мақаласында «қоғам қайраткері» Дододжон Атовуллаев деген өз елін, президент Рахмонды біраз жамандаған.
Тәжіктерге қарсы науқан қызып тұр. Оған президент Д.Медведевтің өзі қосылды. Бас санитарлық дәрігері Г.Онищенко дегені тәжік миграциясына тыйым салуды ұсынады. Қазір Ресейден 100 тәжікті қуу туралы шешім қабылданды, жаппай тексеріп жатыр.
Бұл науқанның қаншаға созылары белгісіз.
Үкімет өзгергенмен, қиындық кете қоймас
Бүкіл әлемді шулатқан Грекиядағы экономикалық күйзеліс кезінде ел үкіметін басқарған Георгиос Папандреу қызметінен кетіп, оның орнына белгілі қаржыгер Лукас Пападимос премьер-министр болып тағайындалды.
Сірә, Папандреуге, оның ПАСОК партиясына халықтың өкпесі қара қазандай. Ол қиындықтан шығудың жолын таппады. Еуропа бұл елге қаржылық көмек көрсетуден аянған жоқ: қарыз да берді, сол қарыздарын кешіріп те жатты. Бірақ жағдай оңалмады. Экономика құлдырай берді. Бюджетті қысқанға халық қарсылық білдірді. Үкіметтің сол халықтың көңілін табамын деп, тіпті оларды алдарқатқандай болып, елді еуро аймағында қалу-қалмауы жөнінде референдум өткізуді ұсынғаны суға кеткеннің тал қармауындай еді. Бұдан кейін оның билікте қалуы екіталай болатын.
Ендігі үкімет коалициялық болмақ, оны ұлттық бірлік үкіметі деп атап отыр. Оған қарсылық та аздау болар. Біріншіден, жұмысын енді ғана бастағандарға өкпе де айта алмайсың, олардың қызметіне баға беру үшін біраз уақыт керек. Одан соң, халық қарсылық жасаудан да әбден шаршап, мезі болғандай.
Жаңа премьер елге де, Еуропаға да белгілі қаржыгер қайраткер. Сегіз жыл елдің бас банкін басқарған соң, 2008 жылдан 2010 жылға дейін Еуропалық орталық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ол елді де біледі, Еуропаны да біледі. Оның пікірінше, еуролық аймақта қалу ғана Грекияны құрдымға кетуден құтқарады. Осы аймақта болу ғана бұл елге қаржылық тұрақтылыққа, экономикасын қайта құруға мүмкіндік береді.
Бұрынғы премьер Папандреу өзі қайыр сұрағандай болып жүрсе де, Еуроодақ талаптарын бірде тыңдап, бірде тыңдамағандай болып, бұлталаққа да салатын. Пападимос бірден үкіметтің бағыт-бағдарын айқындады, жұртқа жағатын арзан саудаға бармады, Еуроодаққа арқа сүйейтінін ашып айтты. Осы жерде Еуропаның да бұл елге жасаған жақсылығын айта кеткен жөн болар. Бұрынғысын айтпағанда, осыдан тура үш апта ғана бұрын Еуроодақ елдері Грекияға 100 миллиард еуро қосымша көмек беріп, бұрынғы 360 миллиард еуро қарызының жартысын кешу жөнінде шешім қабылдаған. Бұл енді теңдессіз көмек.
Әрине, үкіметке жаңа басшы келіп, оның бағыты түбірлі өзгеріп жатқанда, үкімет кабинетінде айтарлықтай өзгеріс болуы заңды. Таратылған ақпараттарға қарағанда, ішкі істер, әділет министрлері, үкіметтің арнайы өкілі өзгеретіні анық көрінеді. Дәл қазіргі таңда, елдегі ең маңызды қаржы министрлігінің басшысы Эвангилос Венизелос ауыспайды екен деген сөз бар. Ол соңғы кезде ғана тағайындалса керек.
Жаңа үкімет жаңалық әкелуге тиісті дейміз. Оның нәтижесі де болар. Бірақ өз басына түскен қиындықтан Грекия әлі біразға дейін арыла қоймас. Қалай дегенде де, гректердің жалғыз қалмай, бүкіл Еуропаның қамқорында болуы бақыты шығар. Ортақ үй осындайда керек-ау.
Мамадияр ЖАҚЫП.