Атам қазақта ана сүтіне жарымаған деген сөз бар. Сол секілді қазақ тілінің уызына жарымаған жарнамалар туралы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Көрнекті ақпарат тіліндегі өзекті мәселелер» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл басқосудың басты мақсаты, «Тілдер туралы» Заңның 19 және 21-баптарының орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту десек, дөңгелек үстелдің ұйымдастырушысы «Қоңыр» орталығының директоры Қуантай Амантай ақпарат құралдарындағы жарнамалар туралы өз ойын ортаға салды. Әрине, мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындау ісіндегі кеңес заманының үстемдігі құдыққа құлап, құрдымға кеткеннен кейін сірескен сеңнің сөгілгенін, қасиетті тіліміздің қадірін түсінетіндер көбейгенін жоққа шығара алмаймыз. Астананың өзінде бір кездері жалғыз қазақ мектебі болса, қазір ол ондап саналады. Қоғамдық көліктегі тілдің беті де бері қарап келе жатыр.
Дөңгелек үстелде Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы О.Асанғазы өзі жетекшілік ететін мекемедегі жұмыстар туралы айта келіп, ендігі жерде жансыз жарнамаларға журналистер қауымы да араласу керектігін тілге тиек етті. Шынында, тіл мәселесінде қарапайым жұртқа айтар өкпе-наз жоқ. Тек шенді мен шекпенділер ғана мемлекеттік іске кей тұстарда атүсті қарайтыны бар. Оразкүл Асанғазықызы елордада 800 мыңнан аса халықтың 770 мыңы қазақ екенін, бұл дегеніңіз 10 адамның 8-і өз қаракөздеріміз болып отырғанын жеткізді. Сол секілді салық саласында 98 пайыз, банкте 95-97 пайыз өз қандастарымыздың жүргенін, жақында әуежайда болғанда тіркеуден өткен 300 адамға 8 қазақ қызы тек ресми тілде қызмет көрсеткенін, сол 300 адамның 4-уі ғана өзге ұлт өкілі болғанын, бұл қалай, деген мәселені тиісті орындардың алдына көлденең тартқаннан кейін, әлгі 8 қыздың бәрі ана тілінде сөйлегенін мысалға келтірді.
Біз көп жағдайда «Тілдер туралы» Заңды алға тарта береміз. Алайда осы заңның өзінде де көп жақсылықтар бар. Ол аз десеңіз, Әкімшілік құқықтық кодекстің 81-бабы бойынша кез келген жеке адам мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ете алады. Егер ол орындалмай жатса, сотқа жүгінуге ешкім тосқауыл қоя алмайды, дей келіп, Астанада 7 мың кәсіпкер бар десек, оларға тиесілі мекемелердегі жан ауыртар жарымаған жарнамалардан құтылу үшін Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті Астанадағы тілге мән бермей отырған мекемелерді тексеру жөнінде еліміздің Бас прокуратурасына хат түсіріп, соны бекіттіріп берсе, өздері заң талабын мүлтіксіз атқаратынын атап өтті.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы А.Шәріп басылымда соңғы кездері тіл туралы 50-ден аса әр алуан тақырыпта мақалалар басылғанын, бірақ оған тиісті орындардың көңіл аудара бермейтінін айтып, бір замандары М.Дулатов «Қазақ тілінің мұңы» деген ащы мақаласы «Ауыл тілі» газетіне басылғанда Ж.Мыңбаевтың жауап бергені туралы дәйек келтірді. Ол бұдан кейін М.Әуезовтің бесігіңді түзе деген сөзіне жүгініп, оның ар жағында сол бесікті тербететін ана тұрғанын, ана тұрмысын түземей, дәстүріңді түзей алмайтыныңды айта келіп, бала әлдиі жоғалғанмен, бала тілін жоғалтуға қақымыз жоқ екенін алға тартты.
Ал ЕҰУ-дің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қ.Сақ бір замандары М.Дулатов ұлт ісі дегенде ұлы-кішісі болмайды дегенін атап өтіп, одан әрі кейбір жарнамалардың қасиетсіздігінен, әйелдер туралы жарнамада бұзылған әйелдер орталығы деп жазылғанынан мысал келтірді. Белгілі қаламгер С.Шүкірұлы мерзімдік басылымдардағы мемлекеттік тілдің қамтылуы туралы айта келіп, нақты мысалдарға жүгінді. Әсіресе, өзге тілді газеттер мемлекеттік тілге мән бермейтініне бұлтартпайтын фактілер келтірді. Сол секілді «Хабар» телеарнасының тілшісі тіл және қоғам туралы ойын ортаға салса, қазақ радиосы «Астана» студиясының редакторы Б.Қасымұлы жарнамадағы мемлекеттік тілдің келіссөз тұстарына тоқталды. Ал, Жарнама газетінің қызметкері А.Мұқанова тіл заңы бұзылып жатса да, үнсіз жүретінімізді ашына жеткізсе, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті О.Шәріпбаев әкімдер өзі басқарып отырған өңірдегі мемлекеттік тілдің жағдайы туралы есеп берсе жөн болар еді. Бұл тұрғыдан келгенде, ойлы министр, алғыр әкімдердің іс тәжірибесін бүкіл отанымызға таратуымыз керек, деді. Ол бұдан кейін Астана қаласында «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшесін құру қолға алынғанын айтты.
Дөңгелек үстел қорытындысында журналистер қауымы ендігі жерде тіл мәселесіне өздерінің ат салысатынын, әсіресе жарнамаларды жақсартуда рейдтер ұйымдастыру арқылы өз үлестерін қосатынын, көшелерде жарысып тұрған көп жарнамалардың орнына тіл туралы жарнамалар ілу қажеттігін, онда Елбасының сөзінен бастап, бүкіл Алаш арыстарының ұйқыдағы санаңды оятып, рухыңды тербейтін сөздерін екі тілде жазып, суреттерін қоса іліп қою мәселесін қозғап, осыған тиісті министрлер мен лауазымды мекемелер, ұлт жақсылары үлес қосса, мемлекеттік тілдің мәртебесі өз шешімін табар еді, деп тарасты.