Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы 1997 жылдан бастап есептегенде жиырма бірінші Жолдау екен.
Осынша уақыттан бері республиканың бірінші тұлғасының экономикалық және әлеуметтік саладағы жеткен жетістіктерді қамтитын және нақты көрсеткіштерімен бекітілетін, сондай-ақ әрі қарайғы қысқамерзімді, ортамерзімді, ұзақмерзімді басымдықтар мен жоспарлар, бағыт-бағдарларға бейімделген халық алдындағы есеп беруі дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Биыл бұл құжат дамыған елдерде орын алып жатқан төртінші өнеркәсіптік революцияға бағытталды. Қазақстан да осы үдерістің үдесінен табылуы тиіс. Ең маңыздысы, бұл жоспар бір жағынан ұлттық даму идеологиясын жан-жақты қамтыса, екінші жағынан алғанда жоспарлы келешекті жүзеге асыруды қамтамасыз етуге, оны нақты ресурстар жүйесімен бекітуге өзек болып отыр. 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық жоспары мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы өте маңызды бағдарламалық құжаттар екені белгілі. Биылғы Жолдау осы бағдарламаларды орындау тетіктерін байыта түсті.
Жолдауда он негізгі басымдық айтылды. Соның ішінде жаңа технологияларды енгізу, инновациялық орталықтар мен технологиялар трансфертін құру, қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру, меншікті экожүйенің цифрландырылған және басқа да инновациялық шешімдерін табу, ІТ мен инжирингтік қызметті дамытуға негізделген индустрияландыру мақсатына басымдық беріліп отыр.
Сонымен бірге өнеркәсіптің инновациялық дамуы шеңберінде әлеуметтік тәуекелдердің тууына байланысты мәселелерді де есепке алуымыз керек. Мәселен, ауқымды жұмыс күші жұмыс орнынан босауы мүмкін. Осы ретте оларды еңбекке орналастыру саясатын дамыту үдерісін қалыптастыру қажеттілігі байқалады.
Он міндеттің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл ретте адам капиталын жаңғырудың негізі ретінде дамытуға арқа сүйеген абзал.
Гагик АРУТЮНЯН, «Нораванк» ғылым-білім қорының директоры
ЕРЕВАН (Армения)