Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен ерекше ықылас таныта отырып танысып шықтық. Жолдауда жазылған барлық мәселелер орынды көтерілген. Ондағы экономикалық, әлеуметтік бағыттар бойынша алға қойылған міндеттер еліміздің дамуы үшін аса маңызды екені сөзсіз.
Жалпы, Жолдауда көрсетілген 10 бағыт Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында туындап отырған жаңа қағидаларға бейімделуімізге жол ашады. Осы орайда Жолдаудағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» тақырыбымен берілген жетінші бағыт бойынша ел назарына ұсынылған ауқымды міндеттердің қоғам өміріндегі орны ерекше деп ойлаймыз. Өйткені онда уақыт талабына сай маман даярлауға, ұрпақ тәрбиелеуге қатысты мәселелер егжей-тегжейлі жазылған. Мәселен, білім беруді жаңа сапаға көтеру, орта және жоғары білім беру саласын жаңартылған мазмұнға көшіру, сондай-ақ жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту тұрғысындағы міндеттер дер кезінде көтеріліп отыр.
Сонымен қатар, латын графикасына көшу, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, шет тілдерін меңгеру ісіне қатысты айтылған ілкімді ойларға жүрдім-бардым қарауға болмайды.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Елбасының мұғалімдер қауымының мәртебесін көтеруге ерекше назар аударып, олардың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға байланысты берген тапсырмалары барша жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
Қорыта айтқанда, Президенттің биылғы Жолдауы қоғамымызда тың серпіліс тудырып отыр. Бұл құжат халықтың Елбасына, атқарушы билікке деген сенімін арттыра түсті деп сеніммен айтуға болады.
Жанар БАЙДАЛЫҚЫЗЫ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Дайындық факультетінің оқытушысы ТҮРКІСТАН