Облыс орталығында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Береке бастауы – нан» атты фестиваль болып өтті. Ауыл-ауылдан, қалалардан келген нан пісірушілер өз өнімдерін көпке таныстырып бір жасап қалды. Қара нан, ақ нан дейсіз бе, сыртына бал жағылған тәтті тоқаштар мерекенің сәні мен мәніне айналды.
Ас атасы – нанның дастарқанға қандай еңбекпен келіп жететінін осындай аста-төк молшылық пен береке-бірлікті, татулықты айқындайтын мерекелер ұқтырар. Биыл облыста 400 мың тоннадан астам астық жиналды. Астық бағасы арзан. Жиын-терін уақыты да аяқталды. Бұл мерекені облыстың ауылшаруашылық жылын қорытындылаған жиыны деп те айтуға болар. Диқандар мен наубайшылар, кәсіпкерлер, ұннан түрлі тәттілер жасайтындар өздері өсіріп, өздері пісірген нан-тоқаш, бауырсақ, бәліш-самсалардың түр-түрін әкеліп, осы мерекелі күннің межелі сәтіне тарту жасағандай болды. Ауылшаруашылық көрмесіне 200-ге жуық нан-тоқаш өнімдері қойылды. Ұн тартушы кәсіпорындар мен наубайханалар, дүкендер саны көбейгенін осыдан-ақ байқауға болады. Мысалы, Екібастұзда тәулігіне 24 мың бөлке нан шығаратын «Энергия Капитал» кәсіпорны құрылды. Ал, түрлі тәттілер, нан-тоқаш пісіретін шаруа қожалығының басшысы Нұржамал Қарашашева пісіретін өнімдерді шарбақтылықтар жақсы біледі. Александр Поляков басқаратын «Победа» серіктестігі салмағы бірнеше кило тартатын «Каравай» нанын пісіріп әкеліпті. Серіктестік бірнеше жыл бойы бидайдың элиталық түрлерін өсірумен айналысады. Сонымен бірге, Павлодар ауданының жеке кәсіпкері Анна Солдатова нан-тоқаштардың 8 түрін пісіреді. Күніне бір мың бөлке нан шығарады. Ауылдағы дүкенінде күніне 400 бөлке нан сатылатын көрінеді. Зейнеткерлерге 10 пайыздық жеңілдік берілген.
Фестивальға қатысушылар «үздік нан-тоқаш өнімдері көрмесі үшін», «өнім түрлерін көбейткені және маркетинг саясатын жетілдіргені үшін», «үздік наубайшы», «үздік кондитер» және басқа аталымдар бойынша марапатталды.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар.