Еліміздегі шағын несиелеу жүйесі азаматтардың үлкен бір тобының әлеуметтік мәселелерін экономикалық тетіктер арқылы шешу құралына айналғанына да біраз уақыт болды. Осының арқасында бұрын қаржыға қолы жетпей келген шаруалар мен жеке адамдар өздерінің тұрмыс-тіршіліктерін түзету үстінде.
Дегенмен, шағын несиелеу рыногында барлық ойыншылардың әрекет етуіне қарамастан, ондағы шағын несиелеу ұйымдарын техникалық қолдаудың барлық мәселелері толық шешімін тапты деуге әлі де ерте. Өйткені, жұмыс үстіндегі ШНҰ-ның барлығы бірдей қуаттылық деңгейіне көтеріле алмай келеді. Осы мәселеге орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында шағын несие ұйымдарының саны жедел артып, олар халыққа 16 миллиард теңгенің 110 мың несиесін бергендігін атап көрсете келе шағын несие беру ісімен шұғылданатын ұйымдардың қызмет сапасын арттыру, шағын несиені беруді еңбекпен қамту мәселесіне қарай бұруды Үкіметке тапсырған болатын.
Сектордағы инвесторлар, соның ішінде халықаралық инвесторлар арасында жүргізілген зерттеулер шағын несиелеу ұйымдарының қаржылық жағдайының тұрақсыздығы, несие портфелі сапасының төмендігі, техникалық және ресурстық базаның әлсіздігі, шағын несиелеу ұйымдары қаржылық есептілігінің бірыңғай стандарттарының жоқтығы, кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, білікті кадрлардың аздығы секілді проблемалардың бар екендігін көрсетті.
Осыған байланысты аталған мәселелерді шешу ісіне көмек көрсететін әлеуетті бір ұйымның қажет екендігі анықталды.
Осының нәтижесінде өткен жылдың желтоқсан айында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен осы істе едәуір тәжірибе жинақтап, табысқа жеткен Польшаның Шағын қаржыландыру орталығының күш біріктіруі нәтижесінде елімізде Шағын несиелендіру ұйымдарын қолдау орталығы пайда болды.
Бұл орталық мемлекеттік даму институты мен халықаралық арнаулы мамандандырылған ұйымның күш-жігерін біріктіре отырып шағын қаржыландыру секторында әлемдік деңгейде сирек кездесетін, бірақ сыннан өткен ерекше жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Орталық ШНҰ-на инновациялық әдіс-тәсілдер мен мамандандырылған сапалы қызметтерді енгізу жолымен осы секторды дамытуды мақсат етеді. Осы мақсатта посткеңестік кеңістікте бұрын-соңды кездеспеген тың тәсілдердің бүкіл бір жүйесі әзірленіп, шағын несиелендіру ісімен шұғылданатын ұйымдарға ұсынылуда. Сондай жобалардың қатарында шағын несиелендіру ұйымдарын институттық нығайту жөніндегі тиімді тетіктерді құру, осы ретте техникалық қолдау көрсетудің басқа елдерде сыннан өткен халықаралық тәжірибелерін енгізу, ауылды жерлердегі қаржыландыру инфрақұрылымдарын дамыту, шағын несиелендіру секторындағы сапалы консалтингтік қызметті қалыптастырып нығайту және осы іспен шұғылданатын мамандандырылған ұйымдарды құру секілді жаңалыққа негізделген жұмыстар бар.
2011 жылдың өн бойында орталық аталған мақсаттарды жүзеге асыру бағытында, соның ішінде бірінші кезекті шараларды қамтамасыз ету бағытында кең көлемді ақпараттық және практикалық жұмыстарды жүргізіп үлгерді. Бұл жұмыстар шағын несиелеу ұйымдарын, соның ішінде ауылды жерде жұмыс істейтін ұйымдарды институттық нығайту, сектордың мөлдірлігі мен ашықтығын арттыру, шағын қаржыландыру мәдениетін жетілдіру және рыноктың осындай түріне инвестициялар тарту секілді төрт бағыт бойынша жүзеге асырылды.
– «Қазіргі күнде Орталық ШНҰ-ын институттық нығайту, шағын қаржыландыру секторының айқындығын жоғарылату, шағын қаржыландыру мәдениетін көтеру және шағын несиелеу секторына инвестиция тарту секілді төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.
ШНҰ-ын институттық нығайту ШНҰ-на техникалық қолдау көрсету арқылы жүзеге асырылады. Техникалық қолдау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде орталық ШНҰ қызметкерлеріне тренингтер өткізеді. Онда шағын несиелендіру қызметін жақсартудың, есептілікті нығайтып, шетелдік инвестицияларды тартудың, стратегиялық, қаржылық жоспарлар түзудің қыр-сырлары түсіндіріледі.
Екінші кезең – диагностика. Диагностика Орталық мамандарының ШНҰ-ның орналасқан жеріне барып, ШНҰ-ның қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқару арқылы жүзеге асырылады. Диагностика нәтижесінде ұйымға тиісті нұсқаулықтар әзірленіп, нұсқаулықты орындаудың мерзімі белгіленеді.
Үшінші кезең – мониторинг кезеңі. Бұл кезеңде ШНҰ жақсартылған жұмысы қайта құлдырамау үшін тұрақты бақылауда ұсталады. Жылына 4 рет мониторинг жүргізіледі.
Орталық үстіміздегі жылы Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 тренинг өткізді. Оған 88 шағын кредиттеу ұйымының 157 маманы қатысты.
Мұндай тренингтер соңғы уақыттардан бері интерактивтік режим арқылы да жүргізілетін болды. Мұнан кейін 14 шағын несиелеу ұйымы диагностикалық байқаудан өтті», – дейді Орталықтың директоры Мәдина Байниетова.
Шағын несиелеу ұйымдары әдетте ауылдық өңірлерде ондағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қалыптастыруда үлкен рөл ойнайтындығы белгілі. Сондықтан бұл істің дамуына жергілікті билік өкілдері де барынша ынталы. Осыған орай Ақтөбе облысында ШНҰ дамытудың өңірлік бағдарламасы пилоттық негізде жүзеге асырыла бастады. 2011-2013 жылдарды қамтитын бұл жоба аталған ұйымдарды қаржылық және институционалдық дамытуға бағытталған. Ақтөбе облысының таңдап алынуы бекерден-бекер емес. Мұнда шағын несиелеу ұйымдары көптеп саналады.
Қазіргі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, шағын несиелеу ұйымдары, аталған Орталық, шағын несиелеу ұйымдары ассоциациясы секілді ұйымдардың өзара ынтымақтастығы өз жемісін беруде. Осының нәтижесінде жергілікті рыноктарда жобаларды қолдаудың жаңа әдіс-тәсілдері өмірге еніп келеді. Қазіргі күні аталған облыста бағдарламаны жүзеге асыруға 5 шағын несиелеу ұйымы қатысуда. Олар оқытудан, диагностикалаудан өтті. Осының нәтижесінде қаржы мен институттық көрсеткіштерін едәуір дәрежеде нығайтудың сәті түсті.
Қалай алып қарағанда да өткен жылы ғана құрылып, қазірдің өзінде қызу жұмыс жүргізіп жатқан аталған Орталықтың шағын несиелеу рыногындағы тиімділігі мен пайдасы зор. Оның қызметінің пайдасын біз көп өтпей-ақ сезіне бастайтын боламыз.
Файзолда САНАТ.