Ақтөбелік Роза Бисекенова алғашқыда ісмерлік өнердің бастауы мен қыр-сырына ою ойып, сырмақ тігетін анасы арқылы қанығыпты.
Кейіннен ол тігіншілікке біржолата ден қояды. Осы мақсат оны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен дизайнерлік мамандық алуға жетелейді. Бүгінде халықтық қолөнерімізді ұлттық құндылық ретінде қастерлей білетін қаршадай қыз дербес тігін ательесінің иесі.
Біз онымен ой-пікір алмасқан кезде киімдерді ұлттық нақыштар мен этно стильдік үлгіде тігуге басымдық беретінін білдік. Розаның қолынан шыққан сәнді де сапалы ұлттық киімдер түрлерінде кең-байтақ даламыз бен көгілдір аспанмен ұштасқан тауларымыз көрініс тауыпты. Ал екінші бірінде киіз үйлер бейнеленіп, кербез жолдары бедерленген. – Камзол-қажекейлер мен бас киімде орналасқан ою-өрнектерді жүннен дайындаймын. Төрт түліктің таңбалары да осындай әдіспен әдіптеледі. Көйлекпен бірге көмкерілген қазақтың ұлттық ыдысы – торсық та бұл топтаманы толықтыра түседі, – дейді ол.
Ал қошқар мүйіз стилі қолданылған келесі бір өніміне жас дизайнер «Назерке» деген атау беріпті. Бойжеткендерге арналған көгілдір түсті бұл көйлек нәзіктік пен әсемдіктің белгісіндей әсер қалдырады. Ал алтын түсті ою-өрнектер мен маржан тастар салмақтылық пен сындарлықты танытып тұрғандай.
Ең бастысы, жас дизайнердің ұлттық киімдер тігу ісіне кәсіби шеберлікке қоса үлкен жауапкершілікпен қарай білетіні байқалады. Бұл ретте Роза ежелгі ұлттық стильді қазіргі заманауи сән үлгілерімен үндестіруге, әрі өзге дизайнерлердің қолтаңбасын қайталамауға ұмтылады. Р.Бисекенова Ақтөбе қаласындағы «Руханият» музейінде қызмет жасайтын «Шебер Арт» клубының белсенді мүшесі. Өткен жылы оның «Ою ойылым өрнектеп» атты жеке көрмесін тамашалаушылар да көп болып еді.
Өткен жылдың аяғында Алматы қаласында өткізілген «Қазақстанның жыл көйлегі-2017» ұлттық байқауында жүлдегер атанған Роза Бейсекенова алдағы наурыз айында Үндістанда өткізілетін дүниежүзілік сән байқауына жолдама алыпты. Ол мұнда ұлттық нақыштағы киім үлгілерін әлемдік сән корифейлерінің назарына ұсынбақ.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе