Кісілік келбеті қалыптасқан адамға қойылатын басты талап – парасаттылық пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып қалыптасу емес пе? Өйткені, адам өзінің мейірімділігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Сондықтан да, адамгершілік – адамның рухани арқауы. Ол – әрбір жанды бірге туғандай бауыр етіп, жақындастыратын, араларын кіршіксіз таза етіп, байланыстыратын ізгілікті қарым-қатынас. Демек, сыйластық сезімі әрқайсымыздың бойымызда жаратылғаннан бар. Қандай болмасын адамның өз сырын айта алатын, сезіммен сөйлей алатын, ағынан жарылатын, еш нәрсесін бүкпелемейтін досы болады. Ол – нағыз дос адам. Міне, осындай жанның бірі – Сансызбай Есілов.
Ол – Ақмола өңірінің тумасы. Өмірге келген жері осы өңірдегі 92 разъезд. Бір сөзбен айтқанда болат жолдың бойында өскен. Кішкентай бала кезінде «қара айғыр» деп аталатын паровозды да көрді. Жүк вагондарын ышқына тартып, түтіні будақтап, буы бұрқыраған локомотив сол кездегі қайнаған еңбекке қанат бітіргендей болушы еді. Әкесі Сейітжан кәнігі теміржолшы-тын. Балаларының үлкені болғандықтан ба Сансызбай оған көмектескісі келіп тұратын. Сондықтан да орта мектепті бітірген соң жеткіншек ойланбастан теміржолшы болуды армандап, Целиноград темір жол техникумына оқуға түсті. Оны 1973 жылы ойдағыдай тәмәмдап, Жалтыр стансасында техник – жол қараушы, кейін аға инженер болып еңбек жолын бастады. Жұмыс істей жүріп, сырттай Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірді.
Осылайша өмір баспалдақтарын баса отырып, Сәкең адал еңбегімен, кісілігімен және шынайы еңбекке берілген тазалығымен өз ортасында лайықты беделге ие болды. Алғашқы мемлекеттік қызметті Ақмола облысындағы Астрахан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып бастаған ол өзінің іскерлік қабілетімен облыс басшыларының көзіне бірден түсіп, Теңіз аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, кейін осы аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Мұнда табан аудармастан алты жыл қызмет істегеннен кейін Алматыдағы Жоғарғы партия мектебін бітіріп, облыстық деңгейде көптеген жауапты қызметтерді атқарды.
Сәкең Теңіз ауданының Баршын селосында болған жылдарын былайша еске алады: «Сол кезде Теңіз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қайриден Кәрібаевтың менің азамат болып қалыптасуыма көп әсер еткендігін ерекше атап өткім келеді. Ол кісі жалғыз маған емес, сол кездегі жастардың бәріне қамқор бола білді. Ағамыздың елі қадір тұтатын өмірлік ұстанымы мен зейін, зердесі, парасат-пайымы бәрімізге үлгі еді ғой».
Иә, Сансызбай жақсылықтың қадір-қасиетін білетін болғандықтан да тіршілікте тірек болған адамдарды осылайша сағынышпен еске алады.
Қаншама басшылық қызметте болса да Сансызбай Есілов қарапайымдылығынан арылған емес. Ол сенімге селкеу түсірмейтін, жақсы мен жаманды таразылап, бар мен жоқты түгендеп, ұлттық рухты биікке көтеретін азамат. Кейіпкеріміз өзінің осы мінезін Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болғанда айқын байқатты. Әр заманның өз тұлғасы болады емес пе? Тұлғалы адамдардың бәрінің даңқы дүрілдеген болуы мақсат емес шығар. Алайда еліміздің бас қаласы Астананың іргетасын қалап, оның гүлденуіне жан аямай еңбек еткеннің бірі осы Сәкең. Елорда әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет істеудің талабы өте жоғары екендігін бәріміз жақсы білеміз. Ерекше атап айтарымыз, Сансызбай Есілов бұл мемлекеттік қызметті өте іскерлікпен атқарды. Астананы көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі болғандықтан да оның иығына түскен жауапкершілік жүгі ауыр еді.
Бәрімізге мәлім, елордамыз Алматыдан Ақмолаға қоныс аударғанда ас ішетін қоғамдық асханаларды былай қойғанда, жоғарғы эшелондағы мемлекеттік шенеуніктер тұратын жатын орынның болмауы да қиындық туғызды емес пе? Қалада ауыз су мәселесі де тапшы. Электр жарығы жиі сөнеді. Ол кезде қала бюджетінде ақша «күрмеуге» де жетпейді. Дегенмен, сол кездегі Ақмоланың күнделікті тіршілігін өзі қатаң бақылауға алып отырған Елбасының еңбегі орасан екендігін бәріміз жақсы білеміз. Астана құрылысын салудың алғашқы кезеңін терең толғаныспен айтатын Сәкең сол жылдарды былайша еске алады.
– Ол кезде қала басшыларының кабинетте отыруы өте сирек. Үнемі әлеуметтік маңызы үлкен мекемелер мен құрылыс басында жүреміз. Бірде Вячеслав су қоймасының қалаға келетін ескі құбыры жарылып, шаһар жарты күн сусыз қалды. Жанталасып ескі құбырды жамап жасқап жатырмыз. Апатты жағдайды жөндейтін барлық бригаданы басқарып мен жүрмін. Сәлден соң, қала басшысы Әділбек Жақсыбеков маған телефон шалып: «Сансызбай, құбырдың басындасыңдар ма? Қазір Елбасы сол жердің жағдайын өз көзімен көруге келе жатыр. Қарсы алып, проблемаларды түсінікті етіп жеткізіңдер», деді. Жиырма минөт өтпей Нұрсұлтан Әбішұлы да келді. Сонда Елбасы мәселенің жай-жапсарын мамандардан сұрай отырып: «Әрине қазір мемлекетте ақша тапшы, бірақ келер жылы ауыз су мәселесін түбегейлі шешетін боламыз. Ал қазір мынадай қиындыққа мойымаңдар», деді. Президент сөзінде тұрды. Бір жыл өткен соң Жапония үкіметінен инвестициялық несие келіп, бас қаламыздағы ауыз су проблемасы түбегейлі шешілген еді.
Жалпы ішкі ойын жасырмай жеткізетін Сәкең қашанда ақылды жандардың қасында жүріп, өмір мектебінен сүрінбей өтіп келе жатқанына қуанады. Әсіресе, Астананы алғаш салып, қалыптастыру кезінде Елбасының жанынан табылған Әділбек Жақсыбековтің іскерлік қарымын жоғары бағалайды. Онымен қызметтес болғанын бақытты күндерінің біріне санайды. Расында да қиын-қыстау жылдары алты жыл бірге жұмыс істеу оңай емес. Мен, – дейді Сәкең бір сөзінде, – Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында «...Астананың алғашқы әкімі Әділбек Жақсыбековтің да еңбегін жоғары бағалаймын», деп ерекше айтып өткені белгілі. Өз басым бұл пікірге толықтай қосыламын. Шын мәнінде Әдекеңмен болған алты жыл ішінде мен оның елді жаңаша басқару стиліне, әсіресе қайсарлығына, табандылығына, білгірлігіне, қарамағындағыларға деген сенімі мен адалдығына ерекше ризамын.
Астананың алғашқы қалыптасу кезеңін осылайша еске алған Сәкең бүгінгі гүлденген, әлемнің ең көрікті қаласына айналған алып шаһарды көріп, көкірегін ризашылық сезім билейді. Шындығында да Астананы ауыстыру мемлекеттік идеологияны жасаудағы бетбұрыс кезең болды. Елорда мемлекетіміздің қалыптасу нысанына айналды. Өйткені жаңа Астанаға келешегін іздеген мыңдағын жас қыз-жігіттер келді. Бас қала қазір солармен көркейіп өсуде. Сәкең Астанада төрт әкімнің Әділбек Жақсыбековтің, Темірхан Досмұханбетовтің, Өмірзақ Шөкеевтің, Асқар Маминнің бірінші орынбасары болып қызмет істеді. Бәріне де адал болды. Іскерлігімен көзге түсе білді.
Менің ойыма 2006 жылы болған бір оқиға түсіп отыр. Елорда әкімі Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалғандықтан, оның орнына Асқар Мамин келіп жұмыс істеп жатқан. Ол кезде мен «Астана ақшамы» газетінің бас редакторымын. Қала активінің бәрі залда Елбасын күтіп отыр. Президент келе сала Астананың әлеуметтік инфраструктурасын жақсарту жөнінде қала басшыларына қатаң талаптар қойды. Актив жиналысы аяқталғаннан кейін соңынан Асқар Мамин Елбасына өзінің орынбасарларын таныстырды. Кезек Сәкеңе келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы ризашылық әзілмен: «Сансызбай, сен нешінші әкіммен жұмыс істеп отырсың?» деді. «Төртінші», деді Сәкең. «Ой, сен нағыз мызғымайтын Микоян екенсің», деп жұртты ду күлдіргені бар.
Сөз жоқ, Елбасының бұл әзілінің астарында адам еңбегін бағалау құрметі жатқандығын байқау қиын емес. Мемлекетіміз Сансызбай Есіловтің адалдықпен атқарған жұмысын елеп, оны «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен марапаттады. Экономика ғылымдарының кандидаты болғандықтан Сансызбай Есілов елорданың қаржылық жағын сауатты басқарды. Ол өзінің қарамағындағыларға қатаң талап қоя білудің арқасында жұмысы нәтижелі болды. Қаланың саяси өміріне де белсене араласты. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының алғашқы төрағасы ретінде де билік партиясының беделінің өсуіне өлшеусіз еңбек сіңірді.
2007 жылы Сансызбай Есілов Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші шақырылымы бойынша партиялық тізіммен Мәжіліс депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы атану адамға үлкен ұлттық міндет жүктемей ме? Сәкең осы жолда да Парламент мінберінен өзінің озық ойлы ұсыныстарын айта алды. Әлеуметтік тұрақтылық елдің тыныштығына кең жол ашады. Сондықтан ол кешегі Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болғандықтан да мемлекет ақшасының әлеуметтік саланы көтеруге көбірек бөлінуіне үнемі назар аударып отырды.
Адамгершілік – адамның рухани арқауы десек, бұл қасиет ардақты азамат Сәкеңнің бойында жетіп артылады. Оған «жақсы адам» деген халықтың әдептілік бағасын қосыңыз. Ол кіршіксіз таза болу деген сөз ғой. Асыл уақытты бағалап, жақсыларды жағалаған Сансызбай Есілов бойынан осы айтылғандардың бәрі де табылады.
Мағжан САДЫХАНҰЛЫ, журналист.