Ұлысымыздың ұлы күніне, яғни ең басты құндылығымызды байыптайтын ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күніне еліміз ерекше дайындалады. Бұл – елдік дәстүрдің айнымас жолы. Өйткені біз ширек ғасырда күллі нәтижеге Елбасының салиқалы саясатымен, еліміздің баянды еңбегімен, айрандай ұйыған этностардың береке-бірлігімен жеттік.
Өткен жылдың соңында Президентіміз бүкіл халыққа тағы бір ерекше сый – төл тарихымызға зор үлес болып қосылатын «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын тарту етті. Оның жарық көруі – Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына тамаша сыйлық қана емес, Отанымыз үшін айтулы оқиға болды.
Кітаптың құндылығы – тәуелсіздік алғаннан бергі қиын да күрделі сәттеріміздің, жеңісті де жемісті күндеріміздің, айқын үдерістегі қалыптасу, өркендеу сатыларының, қазақстандық мемлекеттік құрылыс пен даму, татулық пен бірлік моделінің жан-жақты таразыланған, егжей-тегжейлі сарапталған шежіресі екендігінде.
Зерделеп оқыған жан «Тәуелсіздік дәуірі» тап қазір зәру кітап екенін ұғары анық. Өйткені ол біздің ең бір ширыққан және бетбұрысты сәттерде «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылып, қаншама қиындықты еңсергенімізді еске түсіріп, халықтың жадын жаңғыртады, жүрегіне сенім ұялатады.
Қозғалыс – дамудың негізгі белгісі. Ағынсыз судың – өмірге нәр беретін құнардан айырылатыны, қимылсыз қалудың – тіршілік иесі өсіп-өнуінің тоқтағанын білдіретіні сияқты, мемлекет өмірінде де жетістіктерге қанағаттанып, босаңсып, тоқмейілсуге болмайды. Елбасының халық алдына жыл сайын жаңа міндет қойып, бір биіктен соң келесі биікті бағындыруға жетелеуінің астары – мәңгілік қозғалыс философиясына барып тіреледі. Сондықтан да еліміз Ұлт көшбасшысының жетекшілігімен мемлекетті, қоғамды, экономиканы ең ауқымды модернизациялауға – үшінші жаңғыртуға кірісті. Бұл жолда белгіленген меже – Қазақстанды әлемнің ең озық дамыған отыз елі қатарына енгізу.
Экономикадағы, конституциялық құрылыстағы реформалық өзгерістер мен қоғамдық санаға қозғау салып, рухани жаңғырту қатар жүзеге асыруға тәуекел деп кірістік. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік ағзаны қалыптастыратын «базалық матрица» «оның әр элементінің нақты берілген параметрлерге сәйкес толыққанды дамуын қамтамасыз етеді және оның үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік береді» деп атап көрсетті.
Аталған кітаптың және бір құндылығы – мұнда тек өз еліміз үшін ғана өміршең мәселелер қозғалмай, әлемдік қауымдастықты қамтитын өзекті жайлардың талдануында дер едік. Қазіргі жапа-тармағай әскери күш-қуатын көрсетуге ұмтылушылар қайта пайда болып, геосаяси текетірес ушыға түскен, этносаралық және конфессияаралық шиеленістер, босқындар легі артқан әлемде Қазақстанның «бейбіт өмірдің бесігі» болуға ұмтылысы қай жағынан да құрметке лайық. Ұлт көшбасшысының түрлі этнос пен дін өкілдері мекендеген елімізде қоғамдық келісімді сақтау жөніндегі өнеге бастамалары ғана емес, әрбір пікірі әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары баға алғанын мақтанышпен айтамыз. Халықтың мың жылдық «ынтымақ – оқ өтпес сауыт, татулық – тамаша саулық» даналығы – бүгінгі Қазақстан ақиқаты.
Тәуелсіздік таңын оң-солын таныған азамат шағында қарсы алып, мемлекетшілдік пен отаншылдықты нығайтуға атсалысып, өз саласында Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға құзырет-қабілетіне қарай үлес қосып жүрген жандар үшін бұл кітаптың үйретер өнегесі де, берер білімі де, қалыптастырар талғамы да айрықша. Еңбектегі бөлім, тарау аттары да оқырманға ой салады. «Эволюция – революция емес», «әуелі – экономика, сонан соң – саясат», «адам капиталына үміт арту», «стратегиялық мемлекеттік жоспарлау», «ұлтаралық татулық пен келісім», «қазақстандық бірегейлік пен қазақстандық патриотизм» – біз үшін жай сөздер емес, әрбір азаматтың жүрегіне етене жақын, дамудың қазақстандық моделін сипаттайтын тұғырлы тіркестер, бекем діңгектер, алтын ұстындар.
Кітаптың «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы» деп аталатын алғашқы бөлімі 1991-1995 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды қамтиды. Ол – тәуелсіздік дәуірінің бастапқы, ең қиын жылдары еді. Және бұл қиындық біздің елде ғана емес, тәуелсіздігін енді жариялаған көршілес елдерге – советтен кіндік үзіп шыққан жұрттарға да тән болатын. Солардың ішінен алға суырыла шыққан Қазақстанның Орталық Азия өңірі көшбасшы еліне айналуы – Елбасымыздың өңірлік қауіпсіздік пен татулықты ойлаған көреген, сындарлы саясатының арқасы екендігі ширек ғасыр ішінде халықаралық деңгейде талай мойындалды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бірінші жаңғырту кезеңінде-ақ тұрақтандырушы рөл атқарғаны – тарихи шындық. Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп болатынына өзімізді де, өзгені де кәміл сендіре білген Н.Ә.Назарбаевтың қайраткерлік феномені – жаңа әлемдігі жаңа Қазақстанның іргетасы. Ассамблея ел бірлігін сақтау бағытында жаңа Конституцияны қабылдау және Президенттің өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту бойынша референдумдарға бастамашылық жасағаны белгілі. Солардың негізінде бұл жылдарда тіл, азаматтық бірегейлік, мәдениет саласында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі қаланған болатын.
Мемлекет басшысының қазақ халқына, оның тіліне, мәдениеті мен дәстүріне қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ жүргізген орасан зор жұмысы ерекше назар аударуға лайық. Соның арқасында қазақ халқы мемлекеттің, сондай-ақ елімізде тұратын барша этностардың тағдыры үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Әлемді рухани келісімге шақырған көне кітаптарда «Кімнің несібесі көп болса, содан сұрау да көп болмақ» – деп жазылғаны да бекер емес. «Қазақ ұлтының тұтастығының негізгі бастауы», «мемлекетке өзінің атын берген халықтың ежелгі, бай тілі», «біріктіруші фактор» деп сипатталған ана тіліміз Қазақстан халқының бірігуіне ұйытқы болып, тарихи жаңа тұғырға көтеріліп, мемлекеттік тіл мәртебесін алды.
Екінші жаңғырту баяндалатын «Ұлы бетбұрыс», «Қазақстанның екінші жаңғыруы» тарауларында Президенттің тікелей басшылығымен эксклюзивтік қазақстандық бірлік пен келісімнің үлгісі, оның қағидаттары мен бірегейліктің ірге қалар негіздері қалайша қалыптасқаны байыпталған. Бұл жерден этносаралық қатынастардың шиеленісуіне байланысты қауіптерді жоюдағы мемлекетшіл ізденістер туралы біле аламыз.
Бүгінде бүкіл ел болып атап өтетін «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні» сияқты қастерлі күндер мен қасиетті дәстүрлердің негізі де осы кезеңде қаланған. Бірлік пен жалпыұлттық келісім, бірлік пен ұлттық тарих, бірлік пен ұрпақтар сабақтастығы жылдарының өткізілуі, Алматыда алғашқы Достық үйі пайда болуы, басқа да айтулы іс-шаралар – Қазақстанның бірлік жолындағы елдік жөн-жобалары.
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік дәуірінде» татулық пен келісім саясаты аясында Ассамблеяның шоғырландырушы факторға, қазіргі қазақстандықтардың бірегейлігін қалыптастыру институтына айналғанын, жаңғыртудың үш кезеңіндегі тұрақтылық тұғырнамасына кеңінен тоқталып өтеді. Сондай-ақ Ассамблея атауындағы «халықтар» (халықтары) ұғымы мен сөзі нақтыланып, 2007 жылы этностар мүддесінің біртұтастығын айқындайтын «халық» (халқы) болып өзгергені, оның конституциялық мәртебеге және кепілді парламенттік өкілдікке ие болғаны, Ассамблея туралы заң қабылданғаны атап көрсетіледі.
Тап осы кезеңде Мемлекет басшысы ұлттық саясаттың негіз-қағидаттарын тұжырымдап, іске асырды. Атап айтсақ: а) этностық, конфессиялық, мәдени, тілдік әралуандық; ә) этностардың мәдениеті мен тілін дамытуға бағытталған мемлекет қамқорлығы; б) толеранттылық пен жауапкершілік құндылығы; в) қазақ ұлтының жұмылдырушы рөлі; г) Қазақстан халқының бірлігі.
Халықтың топтасуының осы кезеңін Президент «Мақсаттар мен іс-қимылдардың, ақыл-ой мен жүректің бірлігі» деп сипаттайды. Елбасының жалпыхалықтық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауға жұмсаған күш-жігері қазақстандық модельдің БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқты халықаралық институттар деңгейінде танылып, мойындалуына игі ықпал етті. Әрине, кітапта талданған елдің даму барысы, экономикада қол жеткен табыстар мен саясаттағы танымалдық, халықаралық аренадағы бедел – басқа да Қазақстан жолының басында Ұлт көшбасшысының тәуекелшілдігі, батылдығы, парасаты, тәжірибесі, маңдай тері тұрғанын отандық оқырман да шетелдік оқырман да қапысыз таниды.
Президенттің астананы тарихи-мәдени тоғыз жолдың торабындағы Арқа төсіне көшірудегі көпке мәлім саяси-экономикалық себептердің ішінде, біздіңше, Нұрсұлтан Әбішұлының алыстан ойлайтын, ұлт танымындағы «жаңа қоныс – жаңа іс», «байсалды көш – елдің құты» деген сенімі мен үміті тұрды. Яғни халықты жаңа сапаға, сірескен ескілікті сілкіп тастап, жаңаша ойлауға, жаңаша әрекет жасауға – рухани жаңғыруға бастау ниеті жатыр. Елдің экономикалық қуаты артып, мемлекетіміз бірнеше ірі халықаралық ұйымның мүшесі болумен бірге, оның төрағалық тізгінін ұстағаны – Отанымыздың олжасы. Әлемді алаңдатқан халықаралық шиеленістерді шешілуде, соның ішінде соңғы Ресей-Түркия қарым-қатынасындағы текетіресті реттеуде, Сирия түйінін тарқатуда бітімгерлік танытуда Қазақстан ұстанымы, мәмілегерлігі кітаптың «Қалыптасқан мемлекет» бөлімінде дәйекті баяндалады.
Сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында ширек ғасыр ішіндегі өре мен өріс, тығырықтан жол іздеу, өңір және әлем қауіпсіздігінің амалы һәм нәтижесі Мемлекет басшысы кітабында: «Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкілі болып сайлануы біздің тарихи жеңісіміз. Бұл – Қазақстан халқының есеюінің айғағы, еңбек сіңірген ұлттың табысы», – деп бағаланады.
Экономикалық, саяси реформалардан кейін рухани жаңғыруға жол ашылғанда, ел алдында міндет-мақсаттар межесі биіктей түсті. Соның бірі – Қазақстанның мәртебесін арттырып, мерейін өсірген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Мамандандырылған көрме өткізілген кезеңде шетелден келген қонақтарға Отанымыздың деңгейін, болмыс-бітімін, арман-мүддесін танытатын іс-шараларға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесе һәм белсене атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел өміріндегі елеулі оқиғаға арнап «Бейбітшілік және келісім энергиясы» іс-шаралар жоспарын қабылдап, орайлы жүзеге асырды.
Ассамблея мен өңірлердегі сәйкес құрылымдар ынтымақтастықта ұйымдастырған еліміздегі этносаралық татулық пен келісімді кеңінен таныстырған кешенді шараға алыс және таяу шетел қонақтары, соның ішінде саяси репрессия жылдары қазақ жерінен пана тапқандардың ұрпақтары, осында туып-өсіп, кейін тарихи отанына оралған этнос өкілдері көптеп қатысты. ЭКСПО саябағында, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілік және келісім саяжолы пайда болды. Жаңа мәдени нысанның салтанатты ашылуына қатысқан шетелдік қонақтар, дипломатиялық корпус өкілдері мұны «Қазақстандағы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтың рәмізі» деп қабылдайтындарын жеткізіп жатты.
Кітаптың үшінші жаңғырту кезеңі туралы бөлімінде жаңа қазақстандық отаншылдықтың мән-мағынасы, ерекшілігі ашылады. Бұл – тәуекел мен мүмкіндік теңдігі және ел тағдырына деген ортақ жауапкершіліктің белгісі. Бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясының басымдықтары, ал Елбасы ұсынған ынтымақ пен татулықтың «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген заманауи формуласы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясында көрініс тапты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – бес институттық реформаны және оның «Бірегейлік пен бірлік» атты төртінші бағытын іске асырудың алғашқы жылы болды.
Қоғамдық сананың жаңғыруы әлеумет санасының жаңғыруынан, адамдардың бойында қайырымдылық, әділдік, ізгілік, мейірімділік сияқты қасиеттердің нық орнығуынан басталады. Мемлекет басшысының бастамасымен біздің елде «Қайырымдылық керуені» қозғалысы бастау алып, діліне, дініне, тіліне қарамай барша отандастарымыздың бір-біріне деген адалдығының, достығының, бауырмашылдығының, сүйіспеншілігінің мерекесі – Алғыс айту күнімен нақтыланды. Уақыт өткен сайын біздің бірегейлігіміз бен бірлігіміздің басқа да тың нышандары жаңа қырынан көріне берері сөсіз.
Қай заманда да ел тарихындағы шешуші дәуірді кең қамтып, терең талдаған еңбек жоғары бағаланған. «Тәуелсіздік дәуірі» – осы деңгейдегі кітап. Ол – тұтас бір кезеңнің құнды дәуірнамасы. Сарапшылар тарихи публицистика жанрында жазылған еңбекті жай ғана кітап емес, Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет тарихы мен болашағына деген авторлық көзқарасын көрсететін туынды деп бағалауда. Және оның басқа еңбектен ерекшелігі – кітапты тарихи мемлекеттік реформалардың басында тұрған, әрбір шешуші сәтті ақылынан, парасатынан, жүрегінен, тәжірибесінен өткізген тұлғаның өзі жазғанында.
«Тәуелсіздік дәуірін» оқыған, зерделеген жан оның жаңа тарих бойынша әрі оқу құралы, әрі хрестоматия бола алатынына көз жеткізеді. Еңбектің іргелілігі, деректердің нақтылығы, дәйектердің молдығы, құрылымының жүйелілігі, тілінің түсініктілігі – елтану бағытындағы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың нұсқаулығы, оқулығы дерлік қасиеті.
Баянды бірлік пен байсалды тірліктің мән-маңызын жете түсінетін біртұтас Қазақстан халқы Мемлекет басшысының жаңа еңбегінен тағылым да, таным да ала беретініне сенімдіміз.
Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі