Еліміздің қай саласында болмасын қолға алынған бірқатар тың бастамалар өз нәтижесін беретін кезеңге жетті. Әсіресе құқық қорғау саласында көптеген игі өзгерістер мен нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіледі деп күтілуде.
Соның бірі ретінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жандана түсетіні көңіл қуантады. Әрине, өткен жылдары да бұл бағытта қыруар жұмыс іске асты. Жалпы, жемқорлыққа қарсы күрес барысы Қазақстанның 2050 жылға дейін дамуының ұзақ мерзімді стратегиясындағы басымдықтармен ерекшеленетіні белгілі. Ал сарапшылар оның жетістігінің тетігі 2025 жылға дейін есептелген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда анықталғандығын айтады. Бұған атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі нақты дәлел.
Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру үшін 59 жаңа заң қабылданды. Оның бәрі сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға дем беру үшін қажет. Соның бір айқын дәлелі ретінде, Transparency International «Әлемдік сыбайлас жемқорлықтың барометрі» халықаралық зерттеуі бойынша Қазақстандағы азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үлесі екі есеге артып, пара бергендердің саны азая түскенін айтуға болады. Мұндай жүйелі жұмыс барысы елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа халықтың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Демек, елімізде үнемі жүргізіліп келе жатқан жүйелі де салмақты жұмыстардың арқасында қоғамда қатерлі дертке қарсы төзбеушілік қалыптасты. Екіншіден, жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі заңдарымыздың сапасы арта түсті. Бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерге сауға жоқ. Тіпті қаржы жымқырып, шетелге қашып кеткендер де құтыла алмайды.
Мәселен, миллиардтаған қаржыны талан-таражға салғаны үшін Қазақстан соттары қылмыскер деп таныған шетелде бассауғалаушыларды елге қайтару ісі жалғасын таппақ.
Бұл мәселе халықаралық ұйымдар өкілдері мен шетел мемлекеттерінің елшілерімен талқыланды. Сондықтан қазір алда тұрған ең маңызды міндет – бюджет қаражаттарын жеке мүддесіне пайдаланатындарды әуел бастан анықтау және елден капиталдың шығуын болдырмау. Ол үшін әлемдік қоғамдастықпен бірлесіп шетелдік банктердегі шот ұстаушылар туралы деректерді ашуға, оффшордан шығару бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Бұған өз кезегінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін шетелдік әріптестер де көмектерін аямақ емес. Ендігі жерде осындай қылмысқа қатысы бар адамдар жауапкершіліктен қашудың қандай түрін қолданса да, бәрібір жазадан құтыла алмайтынына күмән жоқ. Сондықтан ортақ мақсатқа сай халықаралық күш біріктірілсе, елден қашып кеткен қылмыскерді де экстрадициялау және активтерді қайтару сөзсіз орындалмақ.
Осылайша сыбайлас жемқорлықпен күрестің қатаңдатылғаны көңіл қуантады. Жалпы, мемлекеттік қызметшілер үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Шенеуніктерге мемлекеттің қаржысын сыбайласып жымқыратындай еш себеп жоқ. Жылдан жылға жағдай жақсара бермек. Президент «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға өткен жылдың 23 қазанында қол қойған болатын. Онда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуы толық айқындалды. 2018 жылы мемлекеттік қызметшілер жалақыны жаңа жүйе бойынша алады. Өз жұмысын адал әрі сапалы атқарған адам жоғары жалақыға қол жеткізеді. Әрбір мемлекеттік қызметкердің жұмысын бағалау жүйесі де енгізіліп отыр. Жалпы, елімізде сыбайлас жемқорлық көріністеріне тосқауыл қою үшін Елбасының сындарлы саясаты арқасында қолға алынған және қолға алынатын жаңа жұмыстар өрісі осылайша кеңейе бермек.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»