«Ахат бізге жиен болып келеді. Олар Шуға келсе, біздің үйге түседі, біз Алматыға бара қалсақ, олардікіне соқпай кетпейтінбіз. Жаратылысынан кеңпейіл, қонақжай жанның үйінен кісі аяғы арылмайтын. Ақкөңіл азаматтың жары да адалынан жолықты. Осы жолы да Ахат пен Назым есіктен күліп қарсы алып, төрде отырған қадірлі қонақтармен таныстырды. Олар тың туындыларымен тыңдарман жүрегінен орын алған аты дардай талантты тұлғалар Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиев болатын. «Сен маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтамын» демекші, қазақ сазының сайыпқыранына айналған азаматтар – Ахаттың жақын достары. Нұрғиса түйдей құрдасы болса, Шәмшінің бес жас кішілігі бар. Ұлы адамдар қарапайым келеді дегенге сол күні көзім анық жетті. Қазақ өнерінің майталмандарымен бір дастарқан басында әдемі әңгіменің, жарасымды қалжыңның куәсі болдым», деп марқұм әжем жиі айтып отыратын.
Анықтап сұрағанымда, Әбілахат Еспаев Сәдуақас атамыздың Зылиха атты туған қарындасының ұлы болып шықты. Үлкен атамыз Үмбетұлы Сәдуақас Қостанай облысы, Аманқарағай ауданында дүниеге келген. Жастайынан зерек өскен ол арабша сауат ашып, кейіннен Құран Кәрімді жатқа оқитын қариға айналады. Бала кезден домбыраның құлағында ойнаған Сәдуақас дастан-қиссаларды таңды таңға ұрып жатқа айтатын болған. Оның бұл қасиетін сол уақытта мұғалімдік қызмет атқарып жүрген қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет Майлин байқап, оны қасына алып, толғау-дастандарын тамсана тыңдаған.
Арқаның ақылына көркі сай аруы Зылиха да ағасынан қалмай домбыра тартып, ән салған екен. «Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» демекші, Әбілахат Еспаевтың өнері ана сүтімен нағашы жұртынан дарыса керек.
Қазақтың көрнекті композиторының туған қызы Гүлсім Әбілахатқызының қолындағы деректерге сүйенсек, Әбілахаттың шежіредегі шын аты – Гәбділахат деп жазылған. Ол 1925 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысына қарасты Тобыл өзенінің жағасында орналасқан №2 ауылда Ыбырай Алтынсаринмен аталас Смағұл отбасында дүниеге келген. Көзі ашық, көкірегі ояу Смағұл мұғалімдіктен мектеп директорына дейін көтеріледі. 1932 жылы «Алаш» партиясының мүшесі ретінде қудалауға ұшырап, Қостанайдан Жамбыл облысы, Меркі ауданына отбасымен қоныс аударады.
Аумалы-төкпелі аласапыран заманда бүкіл ауыл сүзекпен ауырып, жұқпалы дерттен Зылиха төрт баласымен бір күнде қайтыс болады. Содан Смағұл қасында жүріп аман қалған ұлы Әбілахатты арқалап, Шу ауданының Алға ауылына көшіп келеді. Мұнда Смағұл Мәриям атты жергілікті арумен бас қосады. Араларында бала болмағандықтан кеңпейіл Мәриям бар аналық мейірімін төгіп, Әбілахаттың бетін қақпай өсіреді. Жылжып жылдар, ағып айлар өтеді. Мектепті аяқтаған жалындаған бозбала өз еркімен соғысқа аттанады. Қан майданда ауыр жараланған солдаттардың қатарында Әбілахат та болған. Қиындыққа бой бермейтін балаң жігітті КСРО қорғаныс министрлігі Ресейдің Могилев қаласындағы әскери училищеге оқуға жібереді.
Оны үздік тәмамдаған Әбілахат Кавказ аймақтық әскери академиясында ұстаздық етеді. Ол жердің кемінде 25 жыл әскерде жұмыс істеу керек деген шартын естіп шамданған әкесі Смағұл атадан қалған жалғыз тұяғын Сталинге хат жазып жатып, оның «Қарттың баласын қайтарыңдар!» деген бұйрығымен баласын әскери қызметтен қайтарып алады.1948 жылы елге оралған Әбілахат Еспаев Шу ауданының Төле би ауылындағы мектепте әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Сол мектепте ҚазПИ-ді бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жүрген болашақ жары Назым Сарымолдаевамен танысып, шаңырақ көтереді. Қазақтың ән өнеріне өзіндік үлес қосқан Әбілахат Еспаевтың артында Сейітжан, Болат, Гүлмира, Гүлсім және Кәукен атты ұрпағынан тараған жеті немере, екі шөбересі бар. Ұл-қыздары мен немерелерінің ешқайсысы өнер жолын таңдамады.
Тұла бойдағы шалқып-тасыған әуез сазы тума талантқа тыныштық бермей, өнер мен мәдениеттің ордасына айналған ару қала Алматыға әкеледі. 1951 жылы отбасымен осы қалаға көшіп келіп, ҚазМУ-дің тарих факультетіне оқуға түседі. Алатаудың баурайында шабыттанған композитор біраз әндерді жарыққа шығарады. Жазған әндерін тыңдаған Латиф Хамиди «Молодой человек, вы очень талантливый, вам надо все бросать и музыку писать», дегеннен кейін оқуын тастап, Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлық бөліміне, Василий Великановтың сыныбына тапсырады. Бірақ балалы-шағалы Әбілахат Смағұлұлы тіршілік түйткілдеріне байланысты бұл оқуын да жалғастыра алмай, Қазақ радиосына жұмысқа орналасады.
Қасиетті Шу жерінің топырағы тағдырлы тұлғаның шабытын шарықтатып, талантын шыңдайды. Осы тұста Әбілахат Смағұлұлының алғашқы музыкалық ұстазын да айта кеткен орынды. Ол Варшава консерваториясын бітірген кәсіби композитор Август Шницер болатын. Шу ауданындағы орта мектепте оқып жүрген Әбілахат сол Шницерден музыкалық сауат ашып, 17 жасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне жазылған «Туған ел» атты тұңғыш туындысын шығарады.
Композитордың шығармасы қашанда жан-жақты болды. Еспаевтың әуендері ойға оралымды, жүрекке жылы, үйренуге жеңіл, ұлттық нақышқа бай. Мұның сыры Әбілахат әндерінің байырғы халық әндерімен сабақтас, үндес, рухтас келуінде. «Аққуым», «Ақ сәуле», «Шофер келді қырманға», «Қыз қуу», «Бейбітшілік сақталады», «Республика туралы жыр», «Өзің де, жігіт, қызықсың», «Қыз әзілі», «Жігіт жауабы», «Әлі есімде», «Маржан қыз», «Қайдасыңдар, достарым», «Ұстазым менің, ұстазым» сынды Еспаевтың есті әндері әлі де ел есінде. Мұнымен шектеліп қалмай, ол Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың», «Мен сәлем жазамын» өлеңдеріне ән-романстар жазған. Композитордың «Ойлан, тап», «Құлыншақ», «Ортеке» әндері арқылы балалар музыкасына да қосқан үлесі зор.
«...Ол балаларға арнап көптеген әндерді дүниеге әкелді, келер ұрпақ Әбілахаттай атасына мүмкін миллиондаған рахметін айтар» деген пікірін Нұрғиса Тілендиев бекер айтпаса керек. Сонымен қатар композитор С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке», И.Байзақовтың «Ақбөпе», Ә.Тәжібаевтың «Той болады», Б.Майлиннің «Шұға», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектакльдерін әнмен әрледі. Жамбыл Жабаевтың өлеңіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы» атты әнімен 1973 жылы КСРО-ның әйгілі композиторлары қатысқан Бүкілодақтық ән байқауында жүлделі екінші орынды жеңіп алады.
Оның әндері сол кездің өзінде Қазақстанда ғана емес, шетелдерде шырқалған. «Маржан қыз» әнінің Үндістан мен Жапонияда әуелеуі соның дәлелі. Әбілахат Еспаевтың сәтті шыққан шығармаларының бірі – «Ұстазым менің, ұстазым» әні. Ел арасында кең тараған бұл ән ұстаздар қауымының әнұранына айналды. 1960 жылы Алматыда өткен мұғалімдердің құрылтайында ұстаздар туралы жаңа ән керек болып, Жамал Омарова «Бұл әнді тек Әбілахат қана жаза алады» деп үлкен сенім артады. Осылайша бір күннің ішінде жазылған ән көптің көңілінен шығады. Жалпы Әбілахат Еспаев 250-ге тарта ән жазған.
«Ақын мен композитордың өмірі қысқа, ән ғұмыры ұзақ» деген Әбілахат қамшының сабындай-ақ қысқа өмірінде ұзақ ғұмырлы ән қалдырып кете барды...
Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, журналист