Таяуда телеарналардың бірінде берілген хабарда қазақ кино өнерінде жарқ етіп, көзден жалт болған таланттар қатарында Бағаш Нашарбекованың аты аталды. Осы есім құлақты елең еткізіп, бала кезіміздегі мына оқиғаны ойға оралтты...
Шамасы өткен дәуір бел ортасының соңғы жылғы жазы болар, Нұра бойындағы алақандай ауылымыз аяқ астынан дуылдасып қалды. Айлар аралатып, аудан жақтан кино әкеліп, көрсетіліп тұрушы еді. Ол әрдайым аңсаулы күн болғанмен, бұл жолғы жұрт қызығушылығы бөлек. Онда ауылдас қыз ойнайтындығынан құлақтанған көпшілік үйлерінен орындықтарын, төсеніштерін қолтықтай келіп, ашық алаңқай алдына таласып-тармасып жайғасып жатты.
Ымырт үйіріліп, күн ұясына батып, кешкі шаруа жайланған соң жыпырлаған жұлдыздар астында күткен кино да басталды. Астық қамбасының қотыр-қотыр қабырғасына ілінген ақ жаймаға «жан» бітіп, кинолентасынан қызылдар мен ақтар соғысынан оралған жігіттің сүйкімді бойжеткенмен жүздесуі көрініс бергенде, «Қараңдар, қараңдар, Бағаштың дәл өзі. Пай, пай, ән салар ма екен! Әншілігі де әсем ғой шіркін. Нашарбек ата, Әсия әже, сүйінші, сүйінші!» деген дауыстар түнгі ауылды дүр көтерді.
Міне, сонау уақыттан ұмытылмай келе жатқан осынау жайды еске түсіруге және сеп болып отырған – сол фильмнің, яғни «Біз Жетісуданбыз» фильмінің түсірілу сәтінен сақталған мына суреттер. Олардан картинада басты кейіпкер Нартайды ойнаған Кенебай Қожабековтің көше бұзықтары кесірінен мертікпеген, атқа секіріп мініп шайқасатын жалынды жас, ғашығы Райхан рөліндегі Бағаш Нашарбекованың ажары атқан таңдай перизат шағы, ақтар офицерін бейнелеуші Құрманбек Жандарбековтің кемел кезі елестесе, жеке фотодан балғын Бағаштың мөлдіреген тана жанарымен астасқан көрікті келбеті көз алдыңа келеді. 1958 жылы экранға шыққан бұл фильм жас режиссер Сұлтан Қожықовтың тұңғыш туындысы болатын. Кейін «Қыз Жібекті» мәңгілік еткен ұлттық кино өнері көрнекті суреткерінің алғашқы фильміне түсушілердің бірі Бағаш Нашарбекованың Қарағандыда тұратынын білдік. Онда ізі қалған, үміт күтілген, алайда одан соң көрермендер көзіне көрінбей кеткен аяулы арудың өмір жолы қалай қалыптасты екен деп ойлайтынбыз. Бар ғұмырын сүйікті ісі ұстаздыққа арнап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, айналасына мейірім шуағы ескен асыл әже көрінеді бүгін.
– Алдында «Ботакөз» фильмінде Ботакөзді ойнау үшін сынақтық байқауға шақырылған едім. Қарағанды педагогикалық институтында оқуымда көркемөнерпаздар үйірмесінде, 1957 жылы Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың Бүкілдүниежүзілік фестивалінде ән шырқап, би билеп көзге түсуім киношылар назарына іліксе керек, «Орталық Қазақстан» газетіндегі журналист нағашы ағам Қойшы Шаяхметов: «Сені «Қазақфильм» киностудиясынан іздестіріп жатыр. Бірнеше суретіңді алып кетті. Алматыға тез жет!», деген хабар жеткізді бірде. Дереу ауылға барып, әке-шешемнің рұқсатын сұрап, енді қайтар бетте боран соғып кетіп, сынаққа қатысуға кешігіп қалдым. Алайда жолым сәтсіз болмады. «Ботакөздің» ізін ала «Біз Жетісуданбыз» түсірілуде екен. Оны қоюшы режиссер Сұлтан Қожықов Райхан рөліне бірден бекітті», деп сыр ашып, ыстық шақты сағынышпен еске алған Бағаш апаның көңілі босап, көзіне жас келді.
Ол кезде киноға өскелең өнер ретінде үлкен мән берілетіні белгілі. Әр туындының жетістігі мен кемшілігі назардан тыс қалмайтын. Саланың жанашыры әрі білгірі Әбіш Кекілбаевтан бастап бірқатар өнертанушылар фильмге тәуір баға беріпті. Негізгі рөлді кейіптеген Б.Нашарбекова қадамы үлкен үміт тудыруы туралы пікірлер білдіріліпті.
Алғашқы фильмнен-ақ талабы мен таланты бірдей танылған болашақ көрнекті режиссердің «Бағашжан, Райхан рөлін ал да жұлдызыңды жарқыратар сынға сана. «Қыз Жібек» жыры желісі бойынша көркем фильм қою ойымда бар. Сәтін салса Жібекті ойнауға шақырамын», дейтіні бәрінен артық баға ретінде есте.
Әттең, адамның арман-мақсаты орындала берген бе? Үлкен өнерге өрлеуге үмітті өмір жолының өзгеруі үзеді. Ел ішін қимай ата-ана, сүйгені көңіліне қарайлау, тұрмыс құрып, нәресте сүйіп, Нұра, Ақсу-Аюлы, Қарағанды мектептерінде ұзақ жыл ұстаздық ету еңбек бақытына ұласады. Әйтсе де уақыт шіркін желдей есіп, желпіп өткенмен Қожықовтың өзі Жібекке көздеуі қалай ұмытылсын? Айықпаған тәтті мұң жүрек елжіретеді екен әлі...
Қарағандылық әйелдер арасынан киноға тұңғыш түскенін біреулер білсе, біреулер білмейтін жан турасында беймәлім бір сыр осындай. Отандық кино өнерінде өзіндік орны бар фильмге биыл 60 жыл толуына орай көрермендерге таныстырылып, табыстырылып жатса жөн-ақ.
Айқын НЕСІПБАЙ
Қарағанды