...бір мың түп ағаш егілді
Күзде Пестрое көлінің жағасында «Солтүстік жұлдызы» кешенді саябағы бой көтеріп, Елбасы салтанатты түрде ашқан болатын. Сол жолы 70-ке жуық шырша, терек көшеттері егілген еді. Жуырда облыс әкімі Серік Біләлов бастаған қала, аудан әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері «Жасыл желек – ұлт денсаулығы» акциясы аясында осында жөке ағаштарының көшеттерін отырғызды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған шара басталғалы демалыс саябақтарына бір мыңнан аса ағаш егіліп, жасыл желекке оранды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Петропавл.
...реанимобиль көліктері тапсырылды
Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар қалалық және аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінің басшыларына медициналық жедел жәрдем көліктерінің кілттерін тапсырды. Облыстың аумағы үлкен, жолы ұзақ, сондықтан кейде жол көлік апаты болып тұрады. Міне, сондай кезде аталмыш көліктер дер кезінде жетіп, жарақат алғандарға көмек көрсетеді.
Құны 121 миллион теңге тұратын 9 реанимобиль көлігінде қажетті құрал-жабдықтардың, дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттардың бәрі бар. Өңір басшысы Аягөз, Зайсан, Зырян аудандарында диагностикалық орталықтың ашылатынын айта келіп, көліктердің алдағы уақытта да барлық аудандарға берілетінін айтты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы.
...картоп қоймасы
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жалғасып келеді. Осы мақсатта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағытымен ауыл шаруашылығы саласындағы тың ұмтылыс нәтижесінде аймақтардағы тауар өндірушілердің жұмысын жеңілдететін бастамалар көптеп кездесетіні жайлы айтқан абзал.
Қапшағай қалалық аумағындағы Шеңгелді елді мекенінде сыйымдылығы 3 мың тонна болатын картоп сақтайтын қойма пайдалануға берілді. Аталған жобаның тиянағын келтірген «ЖетісуАгро» серіктестігі облыстағы картоп пен көкөніске қатысты күрделі жағдайдың күрмеуін тарқатуды алға қойған. Осылайша банктен 28 млн. теңге несие алып, қоймаға қажетті құрал-жабдықтарды Голландиядан әкелген.
Мемлекеттің қолдауымен салынған қоймада сақталған өнім қала тұрғындарының азық-түлікке деген сұранысын қанағаттандыратын болады. Несиені өтеуде де жеңілдік бар.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.