Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрінде «ат тергеу» дейтін өте маңызды әдеп бар. Аталмыш әдептің әуелгісі ұлысқа, елге, қауымға, еңбегі сіңген құрметті адамның атын тіке атамай, жанама ат қойып қадірлейді. Атап айтқанда «Қажы ата», «Би ата», «Батыр аға», «Әз ана» т.б. деген сияқты. Мысалы, ақын-жыршы Жамбыл Жабаевты ауыл-аймақ, ел-жұрты атын атамай «тәте» деп әспеттеген. Бұл дәстүрдің астарында қазақтың үлкенді сыйлау, абыройлы тұлғаларды қадірлеу сияқты аса құнды сыйластығы жатқаны аян.
Жоғарыдағы пікірімізге тағы бір дәлел – жуықта Семей қаласында жарық көрген «Абай туралы естеліктер» атты жинаққа ертеректе жазып алынған Абайдың баласы Мағауияның қызы Уәсиланың естелігі жарияланыпты. Онда естелік иесі өзінің Абай атасының тәрбиесінде болғанын айта келіп, атасынан естіген мына сөзді келтіреді: «Әкем (Абайды айтады ) бір күні былай деді: бір адамның, әйелдердің қайнағасының, не атасының, не сол елдің бір үлкен адамының атымен аттас болса, сонда ол адамды, не сол заттың атын атамайды да, жалған ат қойып алады. Мысалы, өзіңнің үлкен атаң Құнанбайды халық «Тәте» деп атаған, Кеңгірбай биді «Қабеке» деп атаған. Жас әйелдердің «әтиім», «сылқым», «ортаншым», «тетелес», «кішкентай», «төрежан» деп қайындарына, аталарына жалған ат қойып алуы да сол ғұрыптан шыққан, әдепті болудан шыққан сөз» дейді. Осыған қарағанда бұрынғы қазақ әулет үлкендерінің атын атау былай тұрсын, сол кісімен аттас адамның атын атамайтын болған ғой.
Сол сияқты атасы басқа әулетке жаңадан түскен келін, келген еліне сый-құрметтің белгісі ретінде күйеуінің туыстарын тіке есімімен атамай, арнайы ишаралап ат қою дәстүрі болған. Үлкендер жас келін тарапынан «тергеу» арқылы қойылған есім-атауларға қарап, оның тапқырлығын, шешендігін, ойлылығын аңғара алатын. Мысалы, қайын ата, қайын ағаларына – саятшы болса «бүркітші ата, аға», діндар адам болса «молда ата, аға», жақсы киінетін, сымбатты адам болса «сері ата, аға», жасына қарай «кіші ата, аға» деген сияқты т.б. ат қойса, қайындарына қалжыңға негізделген, күлкілі аттар да қояды. Мысалы, тапалды «сұңғақ бойлы», жалқауды «пысық қайным» деген сияқты.
Осы орайда, мына бір оқиғаға назар аударсақ: XIX ғасырдың 60-жылдары Аякөз-Бақты өңірінде өмір сүрген этнограф-тарихшы Құрбанғали Халид өзінің жазбасында: «Қазақта жасы кішілер үлкендерге «сен» демек түгіл, атын да атамайды. Ата-анасын, елдің үлкендерін атымен атамай құрметтеп, мағынасы бірдей, бірақ басқашалай атаумен атайды. Мұндай ат қоюға шеберлік жөнінде мынадай хикая бар. Бір-біріне жақын туысқан: Қамысбай, Қашқынбай, Қуанбай, Тезекбай, Бұлақбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай, Пышақбай, Қылышбай есімді ағайындыларға бір қыз келін болып түсіпті. Бір күні ауыл маңындағы бұлақтың арғы жағында қамыстың қасында жайылып жүрген қойға қасқыр шауып, жаралайды. Оны тезірек қайрақ пен пышақ әкеліп, бауыздап алмаса арам өлетін түрі бар. Бұл оқиғаны көзімен көрген жас келін ауылға былай деп айғай салыпты: – Ау, халайық, сарқыраманың (бұлақты айтады) арғы жағында, сылдыраманың (қамысты айтады) бергі жағында, маңыраманы (қойды айтады), ұлыма (қасқырды айтады) жаралап кетті. Жылдaм білеуіт (қайрақ) пен жаныма (пышақ) әкеліп адал орақтап алмаса өлетін түрі бар, депті.
Көрдіңіздер ме, бұрынғы қазақтың келіндері қысылтаяң жағдайдың өзінде үлкен қайнағаларының атын атамай жол тауып кеткен. Осы тәрізді тағы бір оқиға 1962 жылы Қытай елінен өтіп келген қазақтарды тізімге алу кезінде орын алғанын жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамыз өзінің «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романында былай деп баяндапты: «Аудандық милиция қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, жаңа келгендерді тізімге алды. Біздің бір жеңгеміз «фамилияңды айт» дегенде күйеуінің әкесі, яғни қайын атасының атын айтуға ұяты жібермей, күйеуінің атын айтып жіберген екен, оған паспорт сол күйінде келіп, біраз күлгеніміз бар».
Қазір осы дәстүр бұзылды. Бұған себеп көп. Соның бірі – жаңа түскен келінді күйеуінің фамилиясына көшіретін заң. Атасының атын айтуға ұялатын келіндерге кеңестік идеология сол атасының атын фамилия етіп тіркеп беріп, ұялмай баттитып айта беруіне жол ашты.
Сөйтіп байырғы ұлттық дәстүр, құндылықтардың бұзылуынан қазір ата-ене, қайынағаларын сыйлайтын келіндер азайды. Неге? Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан сыйластық, ата дәстүр, таным бұзылды. Яғни ұяттың орны ауысып кетті. Ұялуға тиіс дүниеден ұялмайтын әдет қалыптасты. Қазақтың «ат тергеу» дәстүрінің астарында ұлы құдірет «ұят» дейтін ұғым жатқан-тын. Соны жоқ ету арқылы, ағайынгершілік, сыйластықтан ажырап қалдық емес пе?!
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»