Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындар осылай дейді
Дегенмен, өзге елден келгендер үшін жаңа қонысқа орналасып кету оңай болмады. «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» деген емес пе. Алыстан келген ағайынды анталаған проблемалық мәселелер бүгін де аз емес. Рас, оралмандардың көші-қонын реттейтін 1997 жылғы 13 желтоқсанда шыққан «Көші-қон туралы» Заң бар. Тарихи Отанына көшіп келгендерге мемлекет тарапынан бір реттік көмек те беріледі. «Адамды тұрмыс билейді» дегендей, тіркелу, жұмысқа тұру, жаңа ортаға қалыптасып, үйренісу, бейімделу сияқты көптеген мәселелердің барлығын жергілікті билік толықтай қамти алмайды. Көбінде оралмандар қиыншықтардың тауқыметімен өздері ғана бетпе-бет қалады.
Осыдан үш жыл бұрын Рудный қаласындағы «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық ұйымы оралман ағайындарға көмек қолын созды. Қауымдастық 2009 жылы «Қош келдіңдер, ағайындар!» атты жоба жасап, алдымен тарихи Отанына қоныс аударғандардың әлеуметтік-тұрмыстық түйінді мәселелерін зерттеді. Ал өткен жылы «Ақ ниет» жобасын жасап, оралмандардың әлеуметтік-мәдени мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасады. «Отандастар» атты аймақтық фестиваль өткізіліп, оған Федоров, Таран аудандары мен Қашар кентіне, Рудный қаласына орналасқан қандастарымыз, олардың арасындағы өнерпаздар қатысты. Рудный қалалық тарихи-өлкетану музейінде халықтық шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды. Оған оралман ағайындар 110 ұлттық, тұрмыстық бұйымдарын ұсынды. Фестиваль де, көрме де келушілердің, көрермендердің қызығушылығын тудырды. Алыста жүрсе де ұлттық дәстүр-салтын жоғалтпаған ағайын ұсынған бұйымдардың ішінде жәдігердей музейге сұранып тұрған заттар да аз болмады. Ең бастысы – осы игі шаралар атажұртқа келген ағайындардың арасынан небір тума таланттарды, дарынды адамдарды көпшілікке танытты.
Биыл рудныйлық іскер әйелдер оралман ағайындар үшін жасаған «Тағдырымыз бірге!» жобасын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнады. Жоба жетекшісі Рысбике Сүймекова жыл тәулігінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жұртшылық алдында есеп берді. Оған оралман ағайындармен бірге осы жоба бойынша бірлесіп жұмыс атқарған Рудный қалалық, Қашар кенті әкімшіліктеріндегі көші-қон, әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, халықты жұмыспен қамту бөлімдерінен мамандар қатысты. Жобаны жүзеге асырушылар оралмандар тығыз орналасқан елді мекендерге жыл бойы 14 рет барып, жергілікті атқару билігі өкілдерімен оралмандардың кездесулерін, заңгер кеңесін ұйымдастырды. Олар тіркелу, азаматтық алу, жұмысқа орналасу мәселелері төңірегінде сауалдарын қойды. Оралмандарға қатысты әлеуметтік мәселелер сан алуан. Соның ішінде жұмыссыздық пен баспана алу мәселесі өткір тұр. Жұмысқа жарамды ағайындардың 70 пайызы орта біліммен шектелген. Сондықтан оларды мамандықтарға қайта оқыту жұмыстары да жүргізілді.
Үкіметтік емес ұйым жобасының есебінде тағы бір өзекті мәселе сөз болды. Рудный қаласында бірнеше жылдан бері оралмандар арасында пәтер алаяқтығы орын алып келеді. Бүгінге дейін Іскер әйелдер қауымдастығына он адам арыз-шағым айтып келген. Олардың арыздарының барлығы тергеу органдарында, сотта жатыр. Бірақ нәтиже аз. Жергілікті жерді дұрыс білмейтін ағайындар бір реттік мемлекет көмегін алғаннан кейін қаладан арзан баспана іздейді. Осыны біліп алған алаяқтар оларды алдап соғады.
– Осы пәтер алаяқтығы өршіп тұр. Негізінде оралмандардың алаяқтарға алданып беріп қойған ақшасы – мемлекет қаржысы. Олар квота бойынша өздеріне бюджеттен бөлінген қаржыны алысымен арсыз адамдардың қармағына ілініп жатады. Өкінішке қарай, жергілікті тергеу орындары, прокуратура бұған өте марғау қарап отыр, – дейді Рысбике Қасымқызы.
Үкіметтік емес ұйым осылай қолға алып, алыстан атажұрт деп аңсап жеткен ағайынға үш жыл бойы көмек қолын созды. Жоба шеңберінде оралмандар арасындағы белсенді адамдарды көшбасшылық мектебінен өткізді. Енді олар да қоныс аударғандар тап болған қиындықтар түйінін шешетіндей деңгейге жетті.
– Іскер әйелдер қауымдастығы «Ақсақалдар алқасын» құрды. Оған Өзбекстаннан көшіп келген ағайындардан ірібасты кісілер мүше болдық. Кез келген мәселемен жергілікті биліктің, соттың есігін тоздыра бермейік, ағайындық жасап, өзіміз тезге салып шешейік деген түйінге келдік. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, ағайындылар түсініспей қалады, қарыз ақша алып, бермей қоятындар бар. Міне, осындай тірліктің ұсақ-түйегін өз арамызда талқыға салып, шарбақтан шығармай шешіп отырдық. Ағайындарға күн көру үшін талпынуды, еңбек етуді, мұнда алақан жаю үшін келмегенімізді түсіндірдік, – дейді Сабыр Наурызбаев ақсақал.
– Рудный қаласына Үшқұдықтан қоныс аударғаныма бес ай болды. Келісімен «Тағдырымыз бірге!» жобасын жүргізіп отырған Іскер әйелдер қауымдастығын тауып алып, солардың қызметтерін пайдаландым. Олардың кеңесімен ерінбей бес ай бойы жұмыс іздедім. Шүкір, балаларым да, өзім де жұмысқа орналастық, – дейді Қаламбек Әбжанұлы деген азамат.
Оралман ағайындардың жергілікті атқару билігіне ұсынысы да жоқ емес. Жоба қорытындысына арналған басқосуда оны да ортаға салды.
– Өзбекстаннан келген ағайындардың әр шаңырағында, құдайға шүкір, кемі үш-төрт баладан бар. Рудный қаласында қазақша балабақшаның жетімсіздігі бізге білініп отыр. Осы мәселені қала әкімдігі ескерсе екен, – дейді Сабыр Наурызбаев.
Көш көлікті болса да, қиындықсыз болмайды. Жалпы алғанда, Қостанай облысына Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындар мүмкіндігінше атажұртқа үйренісіп, осы жердің жергілікті тұрғындарындай, өздерін қазақстандық сезініп отыр. Бәрі де өз аталары аңсап өткен Тәуелсіздіктің арқасы екенін түйсініп, алға сеніммен қарайды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай облысы,
Рудный қаласы.