Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленді.
«Нұр Отан» партиясы еліміздегі жетекші саяси құрылым ретінде айтулы оқиғаға бірден назар аударып, алдағы парламент және мәслихат сайлауларына толықтай дайын екендіктерін мәлім етті.
Арнайы баспасөз мәслихатында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Осыған байланысты, бүгін біздің партиямызда республикалық қоғамдық штаб құрылды. Бұл штаб құрамына елімізге танымал азаматтар, белгілі саясаткерлер, қоғамдық ұйым өкілдері кірді. Енді біз партиямыздың сайлау бағдарламасы бойынша насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, сенімді өкілдердің міндеттеріне де ерекше назар аударамыз. Ал, біздің ең басты мақсатымыз – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауында «Нұр Отан» партиясының үлкен, әділ және таза жеңісін қамтамасыз ету. Сол үшін республикамыздың барлық аймақтарында, қала мен аудандарында осындай штабтар ашылатын болады», – деп атап өтті.
Штабты партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин басқарады. «Нұр Отан» партиясы барлығы 16 аймақтық, 210 қалалық және аудандық сайлауалды штабтарын құратын болады. Сайлау компаниясының нақты жоспарын жасау және заң талаптарына сай болуын бақылау жұмыстарымен республикалық штаб айналысады.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Оразалин: «Нұр Отан» партиясын біз мәдениет пен өнер саласының жанашыры деп білеміз. Осы салаға қолдау көрсету үшін партиямыз қыруар жұмыстар атқарып жатыр. Сондықтан да біз, өнер адамдары, Елбасымыз басқарып отырған «Нұр Отан» партиясын әрқашанда қолдауға әзірміз. Алдағы Мәжіліс сайлауында да осы партия жеңіске жетеді деген сенімдеміз», – деді. Ал «Сауап» республикалық қоғамдық қорының президенті, жазушы Бақытбек Смағұл ауған соғысы ардагерлерінің әрқашан Елбасының партиясын қолдайтынын, «Нұр Отан» партиясының әлеуметтік салаға көп көңіл бөліп, азаматтарымыздың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету, татулық пен тұрақтылықты сақтау, ең бастысы, барша қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын сөз етті. Басқалар да осы тұрғыда сөз саптады.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Нұрлан Нығматулин Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 25 қарашада Астанада партияның XIV съезін шақыру туралы қаулыға қол қойғанын хабардар етті. Онда сайлауалды бағдарлама талқыланып, үміткерлердің партиялық тізімі бекітілетін болады.
Қорыта айтқанда, «Нұр Отан» сайлау үдерісіне толықтай дайын.
«Егемен-ақпарат».