• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2011

Жауапкершіліктің жарқын үлгісі

1057 рет
көрсетілді

Азаматтардың өтініштері Елбасының ұдайы бақылауында Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы­ның 1-бабында мемлекеттің «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқық­та­ры мен бостандықтары», ал 40-бабында «Республиканың Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конс­­титуцияның мызғымас­ты­­ғының, адам және азамат құқықтары мен бостандық­тары­ның нышаны әрі кепілі» делінген. Бұл – әр қазақстан­дық­тың еркін ерік-жігеріне жар­қын жол ашатын іргелі алғышарт. Конституциямызда бекітілгендей, азаматтардың «...мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жол­дауға құқығы бар». Яғни, азаматтар хат жазу арқылы мемлекетті басқару ісіне қатысу құқығын іс жүзінде жүзеге асыра алады. Азаматтардың хаттары демо­кра­тиялық даму жолын таң­да­ған кез келген мемлекетте елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалға байла­ныс­ты халықтың көзқарасын анық­таудың қуатты құралдары­ның бірі болып табылады. Осы орайда, бұл мәселені де назардан тыс қалдырмай Мемлекет басшысы 1995 жылы «Азаматтардың өтініштерін қа­рау тәртібі туралы» Заң күші бар Жарлық шығарып, ал 2007 жылғы 12 қаңтарда «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңға қол қойғанын атап айтқанымыз абзал. Елбасының атына, оның Әкім­шілігіне еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түсетін азамат­тар­дың өтініштерінде Прези­дент­тің жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына, эконо­ми­каның дұрыс бағытта дамып келе жатқанына елімізде тұр­ғын­дардың өз ризашылығын біл­ді­ріп, көкейлеріндегі ой-пікірлерін жеткізіп жатады. Сонымен қа­тар, орталық және атқарушы органдар мен мемлекеттік қызмет­шілердің тарапынан жол берілетін кейбір құқық бұзушы­лық­тарды қалпына келтіруді сұрап, тіпті, талап ететін арыздар да баршылық. Бұл тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының атына келіп түскен өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалмайтынын баса айтып өткім келеді. Тағы бір ескерте кететін жағдай, Тәуелсіз­дік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда өтініштердің са­ны да азайып, азаматтардың арыз­дарында көтерілетін мәсе­ле­лердің сипаты да өзгерді. Мә­селен, 1991 жылғы келіп түс­кен хаттар көрсеткішіне көз сал­сақ, Елбасының атына жол­данған 32 мыңнан астам өті­ніш­т­ің басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты болған. Онда зейнетақы мен жалақының уақ­ты­лы төленбеуі, ауыз су мен жы­лудың жоқтығы, электр қуа­тының сағатпен берілетіні сияқ­ты баршамызға белгілі жайттар жазылатын. Ал, енді, бүгінгі таңдағы еліміздің даңғыл дамып, қауырт өркендеуіне байланысты өті­ніш­тердің де мазмұны өзгергені байқалады. Өйткені, қазір азаматтардан келіп түскен сұрақ­тарда тек жеке бастарына ғана байланысты емес, жалпы аза­мат­тық қоғамның мүддесі жай­лы мәселелер көбірек қозғалуда. Бірнеше жылдан бері шешімі табылмай келген Астана қа­ласындағы Қ.Мұңайтпасов атын­дағы дарынды спортшы бала­лар­ға арналған республикалық мектеп-интернаттың ғимара­ты­на байланысты даулы мәселе ту­ралы Л.Никульшинаның жазған хаты Президент Әкімшілігінде бақылауға алынып, тиісті мемлекеттік органдарға тапсыр­ма­лар берілді. Нәтижесінде «Астана қаласының коммуналдық мен­шігіндегі ғимаратты рес­пуб­ликалық меншікке беру туралы» Астана қаласы әкімдігінің қаулысы қабылданып, Бөгенбай даңғылы, №5-үйде орналасқан оқу корпусы мен жатақхана ғимараты қабылдау-тапсыру актісі бойынша республикалық меншікке «Қ.Мұңайтпасов атын­дағы дарынды спортшы ба­лаларға арналған респуб­ли­ка­лық мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне берілді. Қазақ зағиптар қоғамы Батыс Қазақстан облыстық басқармасы Орал қаласындағы Циолковский көшесін абаттандырып, зағиптарға арналған тротуар салу мәселесін көтерген. Аталған көшені жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 1млн. 442 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары мен мүгедектердің қозғалысына арналған қоршауды орнату ісі толық аяқталды. Ақмола облысының Целиноград ауданы, Ақмол ауылындағы тұрғын­дар ауыз су мәселесінің шешілмегенін, қыста жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін, Астана мен Ақмол ауылы арасына автобус жіберуге кө­мек­тесуді сұрап жергілікті билік бас­шы­ларына арызданғаннан нәтиже шықпағасын Елбасына шағымдануға мәжбүр болған. Президент Әкім­ші­лі­гін­де бұл шағым бақылауға алын­ған­нан кейін жергілікті бюджеттен 166 млн. теңге бөлініп, ұзындығы 3,5 шақырым Нұра топтық су құбырының апатты бөлігі ауыстырылды, жылу беретін қазандық жөнделді. Сонымен қатар, «Астана–Ильинка–Ақмол» және «Астана–Ақмол» бағыттарына тұ­рақ­ты 2 автобус бөлінді. Сонымен бірге, шетелде жүрген отандастарымыз да өздерінің өтініш­тері арқылы Елбасы бекіткен «Нұрлы көш» бағдарламасына ризашылық­тарын білдіріп, Қазақстандағы қоғам­дық-саяси жағдайларға қатысты жылы пікірлерін айтуда. Өтініштердің жалпы мазмұнына көз жіберсек, қолымызға тиген ша­ғым­дардан көбінесе сыбайлас жем­қор­лықпен күрес, азаматтардың тұр­ғын үй жағдайларын жақсарту, оқу­шы­лардың білім алу деңгейін бай­ып­ты бағаламау, азаматтар мен мемле­кет арасындағы азаматтық-құқықтық мен­шік­тік қатынастарды қамтамасыз ету мәселелері тұрғысынан қолданыстағы заңдар мен қабылданған шешімдердің орындалуын тиісінше қа­дағалап, ба­қы­лайтын мемлекеттік жүйе­нің жұ­мы­сына халықтың көңілі толмайтыны байқалады. Бұл бағыттағы тәлімді тәжірибенің бірі – Елбасының халықпен тікелей сұхбаттасуы дәстүрге айналды. Аса қуанарлығы, тікелей эфирде жүр­гізілетін осындай іс-шараны ризашы­лықпен қолдаған ел тұрғындарының саны жыл сайын арта түсуде. Мысал келтіретін болсақ, 2002 жылы Елбасына 1047 азамат сауал жолдаған болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 44 мыңнан асқан. Бұл тұрғыдан алғанда да тікелей эфир кезінде келіп түскен өтініштердің барлығы қатаң бақы­лауға алынып, көтерілген мәселе­лердің мәні бойынша орталық және жергілікті билік органдарының бас­шы­лары хат иелеріне жазбаша түрде жауап береді және де олардың  Елбасына міндетті түрде есеп беретінін атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың басынан бері Президент Әкімшілігіне азаматтардан 19 мыңға жуық хат келіп түссе, азаматтарды қабылдау бөлмесінде 800-ден астам, оның ішінде Әкімшілік басшылығы тарапынан 63 азамат қабылданды. Жалпы статистикаға жүгінсек, Пре­зидент Әкімшілігіне хат жаз­ған­дардың ішінде әлеуметтік қорғал­ма­ған топтың өкілдері, атап айтқанда, 2491 зейнеткер, 316 Ұлы Отан соғы­сы­ның мүгедегі мен ардагері, 920 мү­гедек, 1037 көп балалы ана бар. Ал, өңірлерден келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласының (3755), Оңтүстік Қазақстан (2403) және Қарағанды (1746) облыс­тары­ның, сондай-ақ Астана қаласының (2184) үлесіне тиеді. Әрине, Президент Әкімшілігіне келіп түскен өтініштерді түгелдей Елбасының қарап шығуға мүмкіндігі жоқ екені жасырын емес. Арыздар ең алдымен Жалпы бөлімде мұқият оқы­лып, қатаң сұрыптаудан өткеннен кейін, ең маңыздылары ғана Прези­дент­тің, Мемлекеттік хатшының, Әкім­ші­лік Басшысының, басқа да жауапты лауа­­зым иелерінің қарауына жіберіледі. Келіп түскен хаттарда көтерілетін мәселелердің басым бөлігі орталық және жергілікті атқару органдарының, басқа да мекемелердің құзырына жа­та­ды әрі ондай бұл мәселелердің ал­дын алу, шешімін табу осы орган­дар­дың міндеті. Егер де аталған мемлекеттік органдар азаматтардың арыз­да­рына дер кезінде көңіл аударып, әділ шешім қабылдаса, тұрғындар тікелей Ел­ба­сы­ның атына арызданып әуре болмас еді. Осыған байланысты 13 мың­нан астам (72%) арыз Әкім­ші­лік­тің Жал­пы бөлімінде мұқият қаралып, тиісті мемлекеттік органдардың қа­рауы­на жолданды. Биылғы жылы Елбасы қараған хаттардың 124-і бақылауға алынды. Соның ішіндегі 98 өтініш бойынша берілген тапсырма орындалып, 26 өтініштің орындалуы бақылауда тұр. Президенттің тапсырмаларын бар­лық лауазымды адамдар мен мемлекеттік органдар уақтылы, ең бастысы, сапалы орындауға міндетті екені белгілі. Елбасының атына келіп түскен хаттардың орындалуына Президент Әкімшілігі қатаң бақылау жүргізіп, азаматтардың шағым-өтініштері мен талап-тілектерін қарау барысында еш­қандай тәртіп бұзушылыққа жол берілмеуін қамтамасыз етеді. Ал өті­ніш­терді қараудың қорытындысы бойын­ша заңсыздыққа жол берген лауазым иелері анықталса, олар тиісті жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте үсті­міздегі жылы 36 өтініш бойынша түр­лі мемлекеттік органдардың 42 қыз­мет­кері әкімшілік немесе тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап айтуымыз керек. Ендігі жерде қазақстандықтардың Мемлекет басшысына жиі жазатын құқық бұзушылық пен заңнама талап­тарының орындалмауына қатысты өтініштерінен нақты мәліметтер бере кеткен орынды болар. Өйткені, жо­ға­рыда айтылғанындай, Конституцияға сәйкес, адам құқықтары мен бостан­дық­тарына кепiлдiк берiлуiне бай­ла­нысты, осындай мазмұндағы хаттарға аса зор көңіл бөлінеді. Сол себепті аза­маттар мен заңды тұлғалар құқық­тарын қорғау үшін өтініштерін Елба­сына білдіріп, мәселенің оң шешімін табуынан үміттенеді. Алайда барлық мәселелердің түйіні тек заңды жолмен ғана шешілуі тиіс. Мысалы, «Кентауэнерго» мекеме­сі­нің директоры Б.Кескінбаевтың қала көшелеріне жылу құбырларын тарту үшін тұрғындардан ақша жинап, жұ­мысты аяқтамағаны жөнінде Кентау қаласының тұрғыны К.Ақеділованың өтінішін қараудың нәтижесінде кәсіп­кер жинаған 500 мың теңге тұрғын­дарға қайтарылып, Б.Кескінбаев пен №5 «Жылу энергия орталығы» стан­са­сының техникалық директоры Қ.Тұяқ­баев қызметтерінен босатылды. Ал, Теміртау қаласының тұрғыны А.Семкина Елбасына арызданғаннан кейін ғана халыққа қызмет көрсету орталығынан төрт айдан бері ала алмай жүрген төлқұжатын алды. Негізінен Елбасының 20 жыл бойы жүргізіп келе жатқан сарабдал саяса­тын азаматтардың қолдайтынын Президент Әкімшілігіне келіп түскен өті­ніштерден нақты көруге болады. Хат жолдаған ел тұрғындарының басым бөлігі Нұрсұлтан Әбішұлына тілек біл­діріп, сенім артып жататыны осы­ның айқын айғағы. Жыл басынан бері азаматтардан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайды жақсарту мен мәде­ниет­ті дамыту, мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын одан әрі жетілдіру ту­ра­лы 240-тан астам ұсыныс келіп түссе, 404 адам елде болып жатқан қоғамдық маңызы бар оқиғаларға қолдау көр­се­тіп, жылы лебіздерін білдірді. Бұл хаттар Елбасына баяндалып, бірқатары газеттерде «Президент поштасынан» атты айдармен жарияланды. Мемлекет басшысы жұмыс кесте­сінің өте тығыздығына қарамастан, жастардың өтініштеріне көп көңіл бөліп, оларға өз ризашылығын жеткізуді тапсырып отырады. Ағымдағы жылы 200-ге жуық өтініш білдірушіге алғыс арқалаған хат жіберілді. Елбасының тапсырмасымен Қазақ­станның елордасы – күллі дүниеге танымал болған Астана қаласын кө­руді армандаған балалардың өтініш­тері құпталып, қанағаттандырылды. Мысалы, Ақтөбе қаласының тұрғыны, арбаның көмегімен жүретін мүгедек М.Жетесовтің, Өзбекстан азаматы, мектеп оқушысы М.Жамалбековтің Астана қаласын көргісі келетіні жө­ніндегі өтініштері Елбасының жеке тапсырмасының негізінде орындалып, М.Жетесовпен бірге тағы 5 мүгедек, М.Жамалбеков және оның анасы Астана қаласының мерейтойына қаты­сып, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы Қобда ауылының тұрғыны М.Шагированың өтініші де Елбасының назарынан тыс қалмай, оның сурет салуды ұнататыны ескеріліп, Ақтөбе гуманитарлық кол­лед­жінің дизайн бөліміне түсуіне ық­пал етілді және облыстық «Ауылдың гүл­денуі – Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафетасының топ жетекшісі ретінде Астана қаласына келіп кетті. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік қызметшілердің бәрі бірдей Ар-намыс кодексінің талаптарын орындамайты­ны туралы шағымдар да Президент Әкімшілігінің ұдайы бақылауында. Мәселен, Ішкі істер министрлігі қыз­меткерлерінің шағымы бойынша заң департаментінің бастығы қызметтік міндетін өрескел бұзғаны және теріс мінез-құлық көрсеткені үшін қызме­тінен босатылды. 2010 жылдың ақпан айынан бастап Елбасының арнайы тапсырмасымен «www.akorda.kz» ресми сайтында «Пре­­зиденттің бизнесті қорғауы» атты бөлімнің ашылуы кә­сіп­керлердің жұмысына тың серпін берді. Мемлекет басшысы сайт­қа келіп түскен әр­бір шағымды аса мұқият қарап, анық­талған жайлар бой­ынша барынша қатаң шаралар қолдану жө­нінде талап қойды. Атал­мыш сайтқа қа­зірдің өзінде кәсіпкер­лер­ден 3500-ден астам өтініш келіп түсті. Өтініштерді талдау нәти­же­сінде кәсіпкерлердің Елбасы­ның атына шағымдануының басты себептері салық заңнамасының бұрма­ла­нуы, мемлекеттік сатып алу тендерлерін өткізу барысында орын алған заң бұзушылықтар, мемлекеттік меншікті жекешелендіру кезіндегі теріс іс-әрекеттер екендігі анықталды. Осы ретте, құқық қорғау органдарының та­рапынан кәсіпкерлерге қысым жаса­лып, заңсыздықтарға жол берілетіні туралы шағымдар да азаймай тұрға­нын қынжыла айтуға тиіспіз. Соны­мен қатар, жергілікті атқарушы органдар басшыларының жер мәселесіне байланысты заңсыз іс-әрекеттерге жол берулері де әлі орын алып отырғаны байқалады. Кәсіпкерлердің өтініштерінің ба­сым көпшілігі салық салу мен құқық қорғау саласына қатысты болған­дық­тан, оларға жан-жақты тексеру жүр­гізілді. Бүгінгі таңда 797 шағым тексеріліп, сайт арқылы өтініш иелеріне жауап берілді. Оның ішінде 186 ша­ғым қанағаттандырылып, 28 шағым не­гізсіз деп табылды, қалғандарына түсініктеме беріліп, өтініштерде көте­ріл­­ген мәселелер заңнамада белгіленген тәртіп бойынша шешілетіні хабар­ланды. Осылайша, 2011 жылы кәсіп­керлердің шағымдарының негізінде заңсыздықтарға жол берген 18 құқық қорғау органының, сондай-ақ 24 ор­талық және жергілікті билік орган­дарының қызметкерлері жауапкершілікке тартылып, 3 мемлекеттік қыз­метші лауазымынан босатылды. Кәсіпкерлердің арыз-шағымдарын мемлекеттік органдар деңгейінде қа­рау­дың нәтижелері бойынша тасымал­даушы кәсіпорындардың банкротты­ғына жол бермеуге бағытталған шаралар қабылдау туралы мәселе қарас­тырылып, Электр қуатын пайдалану қа­ғидаларының ережелері қайта қа­ралуда, сондай-ақ «кіріс» ұғымын бірізді түсіндіру және оны есептеудің әдістері мәселесін шешу мақсатында қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету­лер енгізу үшін Бас прокуратура, Жо­ғар­ғы Сот, Қаржы полициясы агенттігі және «Атамекен» одағы өкілдерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Осындай игі істердің атқарылуына ықпалын тигізіп, тығырыққа тіреліп тұрған көптеген мәселелердің оң шешімін табуына себепші болған осы сайт­тың ашылуына өз ризашылық­тарын білдіріп, алғысын айтып жат­қан кәсіпкерлер аз емес. Елбасының атына жазған шағы­мынан кейін ғана Алматы қаласы қаржы полициясы қызметкерлері заң­сыз алып қойған кәсіпкерлердің компьютер техникасы иелеріне кері қай­тарылды. Кейіннен серіктестіктің ди­рек­торы А. Фомин сайтқа былай деп хат жазды: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осы хат арқылы «Контекс Плюс информационные системы» ЖШС-нің мүліктерін тартып алған заң­сыз әрекеті туралы өтінішімді әділет­тілікпен қарауға ықпал еткеніңіз үшін шын алғысымды білдіргім келеді». Міне, қысқаша түйіп айтқанда, талапшылдық пен заңдық нормалар қатаң сақталғанда ғана еліміздің өсіп-өркендейтіні айтпаса да белгілі. Қазір Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық белесіне қадам басқан, ел тіршілігі қалпына келіп, толғағы жеткен түйткілдер сая­бырсыған тұста да Елбасы азамат­тар­дың өзекті мәселелерін ұдайы наза­рында ұстайтынына қысқаша тоқта­лып өттік. Бұл міндет, әрине, мемлекеттік қызметшілерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Мірболат ЖАҚЫПОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімнің меңгерушісі.
Соңғы жаңалықтар