• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қаңтар, 2018

Өскемендегі аялдамаларда 10 жылы автобус қызмет көрсетеді

351 рет
көрсетілді

Өскеменде қала әкімі Қуат Тұмабаевтың тапсырмасымен 25-27 қаңтар аралығында сағат 17:00 мен 19:00 аралығында шаһардағы 10 автобус аялдамасында тұрғындар үшін қатты аязға байланысты жылу автобустар жұмыс істейтін болды. 

«Жылыту пункті» деген жазуы бар қоғамдық көліктерде тұрғындарға шәй мен кофе тегін беріледі. «Бұл автобустар қала шетіндегі оқушыларды мектепке тасуға арналған қоғамдық көліктер. Балалар аязға байланысты сабақтан босатылғандықтан автобустар осындай игі мақсатқа пайдаланылуда. Он автобус Өскемендегі адамдар ең көп жиналатын «Ушанов алаңы», «45-інші гастроном», «Қазақстан», «Ивушка», «Орталық базар», «Әділет үйі», «Өзен вокзалы», «Халифа Алтай мешіті», «Ахмер (әскери қалашық)», «ГЭС» секілді аялдамаларда тұратын болады», - дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әсем Қайратбек.

Кеше Өскемендегі аялдамаларда немесе жол бойында тұрған тұрғындарды үйіне тегін жеткізіп салып жүрген жүргізушілер туралы жазған едік. Мұндай ізгі іс облыс орталығында әлі де жалғасуда. Алайда қаладағы кейбір полицейлер осы сәтті «тиімді» пайдаланғысы келген секілді. Полиция қызметкерлері аялдамада тоңып тұрған адамдарды үйіне жеткізбек болып тоқтаған жүргізушілерге айыппұл салыпты. Қала тұрғындарының бірі осы жағдайға байланысты әлеуметтік желі арқылы Өскеменнің әкіміне шағым айтып, қайырымды жүргізушілерге араша түсуді сұрапты. Қуат Тұмабаев қалалық ІІБ бастығына жүргізушілерге айыппұл арқалатқан полицейлерді анықтап, тиісті шара қолдануды тапсырды. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН