• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қаңтар, 2018

Уәде көп, іс жоқ

261 рет
көрсетілді

Осы көрініс жылда қайталана­тын­дықтан, орын алған олқылықтар түзе­тілудің орнына тағы құр сөз болып қалмай ма деген күмән-күдіктен тұрғындар арыла алар емес. 

Жұртшылық алдында есеп беріп жатқан аудан, ауыл әкімдерінің баяндамаларына көз жүгіртсеңіз, сықиған, сірескен цифрлардан көз сүрінері анық. Әрине атқарылған жұмыстардың қорытындысы іспеттес мұндай мәліметтердің келтірілгені дұрыс-ақ. Бірақ статистика мекемесі сияқ­ты жадағай деректерді қуалағаннан гөрі адамдардың өмір сапасын, тұрмыс-тіршілігін оңалтудың, жұмыссыздықты еңсерудің, жаңа жұмыс орындарын ашу­дың оңтайлы жолдары қарастырылса, бәре­келді ғой. Өкінішке қарай, кей атқа­мінерлер жылда қайталанатын проб­ле­малық мәселелердің тігісін біржолата жат­қызудың орнына, оны айналып кетуге, орындалмас уәдені үйіп-төгуге бейім. Оны жылда қайталанатын олқылық-кем­шіліктердің бұл жолы да андыздап қоя беруі айғақтап берді.

Тимирязев ауданына қарасты Дружба елді мекенінің тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге дейін ауыл шетінде орнатылған жалғыз пункттен тасып-ішуге мәжбүр. Егде адамдар үшін бірнеше шақырым жерге қатынау оңай емес. Және де күніне екі рет қана алу мүмкіндігі қарастырылған. Мы­наған не дерсің, пәлен жыл бойы шешімін таппай келген сауалдың стандартты жауабы былай болып шықты: «Биыл шешеміз!». Басшылардың жылда ант-су ішкендей қабылдайтын құрғақ уәделерінен әбден запы болған тұрғындар 13 су колонкасы орнатылады дегенде шалқаларынан түсе жаздағандары рас. Жиында мәлім етілгендей, 18 ауылды ауыз сумен қамтуға қажетті 59 миллион теңге жергілікті қазынада бар болса, есепті кезеңге дейін неге тап-тұйнақтай орындалмады деген сұрақ көлденеңдейді.

Алғыстан гөрі арыз-мұңы басым ауылдың қара қазандай өкпелері денсаулық сақтау саласына да қаратыла айтылды. Мәселен, Татьяна Криворучик пен отағасы көптен бері қан қысымы дертімен ауырады екен. Тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын көрінеді. Олай болса, аудандық орталықтандырылған аурухананың бас дәрігері Жанар Қосубаеваның «биыл мәселе туындамайды» деуіне жол болсын! Ауадай қажетті препараттардың шалғайдағы ауылдарға жеткізілмегенін көріп-біле тұра! Ал Мағауия Зікіриннің «Науқас жігітті ауданға апарып едік, шланг пен шам жоқ дегенді көлденең тартып, облыс орталығына шығарып салды» деген шағымына не сылтау айтар екен?

Қызылжар ауданы Якорь елді мекені­нің тұрғындарын да сапалы ауыз су жайы көп жылдан бері толғандырып ке­леді. Олардың есепті кездесуде ашына сөйлейтіндей жөні бар. Күніне бір-ақ рет бері­летін су кей кездері қасқалдақтың қанын­дай көзден бұл-бұл ұшатын көрінеді. Өйткені ескі құбырлар қалыпты қысымға шыдас бермегендіктен үйлерге су жетпей қалатын кездер көп. «Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті су мұнарасын сапасыз тұрғызғандықтан, осындай күйге душар болып отырмыз. Басшылардың қалыпқа келтіреміз деген уәделерін күте-күте шыдамымыз таусылды», дейді тұрғындар шарасыздықтан не істерін білмей.

Мұнда да қордаланған проблемалар жетіп артылады. Көшелер әлі жа­рық­­­тан­дырылмаған. Дәріхана бірінші кезек­тегі дәрі-дәрмекке мұқтаж. Тіпті қара­­пайым белсендірілген көмірді таппай­сыз. Аудандық орталықтандырылған ауру­хананың бас дәрігері Александр Құдай­бергеновтің «Біз жылына бір-ақ рет дәрі-дәрмек сатып аламыз. Жүрек, тағы басқа ауруларға арналған препараттар болмайды. Ондай қымбат дәрілерді аудан, болмаса облыс орталығынан сатып алуларына тура келеді» деген уәжіне күлесің бе, жылар­сың ба?

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында адами капитал жаңғыру негізі екенін, мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға кепілдік беретінін атап көрсетіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызына билік орындарының назарын аударған болатын. Сондықтан жұртшылықпен есепті кездесулер өткізіп жатқан барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындардың әлеуметтік мәсе­лелерін кейінге ысыра бермей нақты іске көшкендері абзал.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы