• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қаңтар, 2018

Президент стипендиясы табыс етілді

507 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының құрметті атақтары мен мемлекеттік наградаларын иеленген шығармашылық тұлғаларға, мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында берілетін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының 2017 жылғы мемлекеттік стипендия­сы иегерлерінің есімі белгілі болды. 

Елбасы тапсырмасы бо­йынша Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықова биылғы жыл­ғы мәдениет саласындағы стипен­дияларды табыс етті. Стипен­диялар еліміздің мәдение­тін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін шығармашылық өкілде­ріне жыл сайын беріліп келеді. Биылғы мемлекеттік сти­пен­дия әдебиет пен өнер саласы­ның 75 қайраткеріне берілді. Сти­пендия Асанәлі Әшімов, Би­бігүл Төлегенова, Сәбит Ораз­баев, Мырзатай Жолдас­беков, Сәбит Досанов, Есмұхан Обаев, Меруерт Өтекешева, Роза Әшірбекова, Ескендір Хасан­ғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Ахмет Ашири, Тынымбай Нұр­ма­ғамбетов, Марфуға Айтқожина, Нүкетай Мышбаева, Ақұштап Бақтыгереева, тағы басқа әдебиет пен өнердің ірі өкілдеріне табыс етілді. Сондай-ақ Медет Шо­табаев, Ирина Тен, Әділ Ахме­тов, Жамбыл Дүйсенов және басқа да жас дарындарға мемле­кеттік қолдау көрсетілді.

Салтанатты шараны ашып, мемлекеттік сыйақыға ие болып, мерейі тасыған ұлт мақ­та­ныштарын құттықтаған Г.Әб­ді­қалықова өнер мен мәдениеттегі биылғы елеулі жетістіктерді атап өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің: «Ұлт­тың әлеуетін арттыру үшін мәде­ниетіміз бен идеологиямыз­ды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзі­нің тарихын, тілін, мәдениетін біле­тін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қа­зақстандық біздің қоға­мымыздың идеалына айналуы тиіс», деген сөзіне рәсімге қатысушылар назарын аударды.

Жиында КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жастардан талантты опера әншісі Медет Шотабаев, тележүргізуші Ирина Тен, актриса Роза Әшірбекова Елбасының қамқорлығына рахмет айтып, лебіз білдірді. Мемлекет тара­пынан беріліп отырған мате­риалдық жәрдем өздерін шабыт­тандырып, таланттарын жарқы­ратып көрсетуге қолайлы жағ­дай туғызатынын айтты. «Прези­дентіміздің өнер мен әдебиетке, талант пен дарынға деген көз­қарасына өз басым ризамын. Мем­лекет басшысының бұл ілти­паты бізді де үлкен міндет пен жауапкершілікке бағыттайды. Міне, ортамызда жасы 102-ге кел­ген қазақтың үлкен актрисасы Айша Абдуллина Президенттің осы ықыласына бөлену үшін со­нау Шымкенттен келіп отыр. Бұл – өнердің күші! Өнер бізді ел құр­метіне бөлесе, Елбасы бізді құр­меттеп отыр. Елді алға сүй­рейтін әдебиет, өнер, спорт. Пре­зидентіміздің осы сеніміне лайық болу үшін біз де өз парызымызды адал атқаруды ұмытпайық», деді.

Мемлекеттік хатшы Елба­сының халыққа арнаған «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында алға қойылған міндет­тердің іске асырылуына және еліміздің мәдениеті мен өнерінің одан әрі дамуына Қазақстанның шығармашыл зиялы қауым өкілдері алдағы уақытта да елеулі үлес қосады деген сенімін білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ