Заманауи дипломатия әлемінде айтулы сапарлар жиі бола ма? Әлбетте, сирек. Рас, алаулатып-жалаулатып, күллі журналистерді жинап, ресми реңк беріп өткізетін кездесулер жетерлік. Алайда мазмұнды, ұңғыл-шұңғылына дейін ойластырылған, елден ерекше сапарлар саусақпен санарлық.
Көптеген сапарлар болмысынан ресми, маңызы жоқ, нақты шешімдер мен нәтижелерсіз болады. Қысқаша айқанда, осындай протоколды шараларда мемлекет қаржысын босқа шығындап, қазына есебінен шопинг жасап, қыдырып қайтумен шектелетіні бар. Бірақ кейбір сапарлар маңызы және геосаяси тұрғысынан алғанда құрметтеуге лайық. Ең бастысы, тәжірибеге бай, кездейсоқ қадам арқылы өзі ұстанған дипломатияны жүргізеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы АҚШ-қа сапары осындай табысты аяқталған маңызды оқиға екені сөзсіз. Мұнымен не айтқым келгенін түсіндірейін.
Мені Н.Назарбаевтың өзі таңғалдырады. Меніңше, осы сапарда оның басқа мемлекет басшыларымен, әсіресе, Американың қазіргідей жаңа әрі өзгеше көшбасшысымен ең үздік кездесуі өтті. Қазақстан Президентінің табынушысы емеспін, оның айтқан сөздері мен әрекеті мені әрдайым таңғалдыра бермейді. Алайда Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның алға қойған бағытын, қайда бет алғанын, қалай өмір сүріп жатқанын көріп әрі бақылап отырып, қалай ырза болмассың? Жіберілген мүмкіндіктерді сынағандар елдің табыстары мен нақты жетістіктерін қаперінде ұстауы тиіс.
Сапардың темірқазығы дәл Н.Назарбаевтың өзі, оның Дональд Трамппен өрнекті әңгімесі болды. Оның айтарлықтай ерекшелігі – кездесу барысында мұқият әңгімелесуі. Н.Назарбаевтың тағы бір артықшылығы – әріптесін өз ығына жыға отырып, жеке, адами мәселелерден үлкен, жаһандық саясатқа өте білуі. Оның дарыны мынадан байқалады: ол қысқа сөйлей отырып, мәселенің мәнісін нақты көрсетіп, сапардың маңызын айшықтай түседі. Сапардың қорытындысы бойынша, АҚШ Президенті қазақстандық көшбасшыға бір күндік жұмысын арнағанын мойындады. Сонымен қатар Д.Трамп кездесудің жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Талқылайтын мәселелер, айтатын әңгімелер жетерлік болып, бір-біріне құрметін көрсетті. Айта кету керек, бұл Д.Трамптың өзіне де маңызды әрі тиімді сапар болғаны анық. Бұған дейін ол көптеген маңызды басшылармен кездесуінде ортақ мәмілеге келе алмады, адами тұрғыдан жақындаса алған жоқ және алдағы уақытта олармен кездесуге құмартуы неғайбыл. Дегенмен АҚШ Президенті Н.Назарбаевпен қайта кездесуге ерекше ықыласпен әзір екенін көрсетті. Д.Трамптың Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа бірнеше мәрте «highly respected» (аса құрметті) деп өз құрметін көрсеткенін бәріміз көрдік. Бұған дейін Д.Трамптың мұндайын байқамаған едік. Мұның бәрі ресми сөйлесудің бір парасы емес, шынайы болғаны анық.
Қазақстан – жас әрі егемендігі мен аумақтық тұтастығын жоғары бағалайтын мемлекет. Бұл – бәріне аян. Америка басшысымен болған кездесуде осыны ерекше атай отырып, әңгіме арқауына айналдыру, тәжірибесі мол саясаткер, айрықша парасат иесі Н.Назарбаевтың ғана қолынан келеді. Көпшілік Қазақстан басшысын Президент мәртебесі бар Талейран, геосаясаттың хас шебері және бәрімен дос көшбасшы деп санайды.
Оның мұндай ерекшелігі Ресей – АҚШ арасындағы қарым-қатынастың нашарлап кеткеніне қисынды түрде уайым білдіргенінен байқалды. Бұл – расында таңғаларлық. Оның әккілігі, сұңғылалығы, дипломатиялық таланты Қазақстанға тек пайда мен халықаралық абырой әкелсе, басқа не керек?! Осы орайда, Қытаймен де, АҚШ-пен де, Ресеймен де достық байланыста болу үшін теңдессіз дипломатиялық талант қажет екені белгілі.
Президент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған жоғары деңгейлі осы бір ресми сапарының өзге бір қырына назар аударғым келіп отыр. Әрине сапар өте тамаша ұйымдастырылды. Мен посткеңестік Қырғызстанның ішкі-сыртқы саяси қызметіне 15 жылдай араласқан бұрынғы мемлекет қайраткері ретінде Мемлекет басшысының сәтті ұйымдастырылған сапарының қандай болатынын бірден білемін. Мұндай істе ұсақ-түйек деген мүлдем болмайды. Десек те, қазақ Президентінің АҚШ-тың вице-президентімен, Мемлекеттік хатшысымен және осы елдің іскерлік-саяси топ өкілдерімен өткен кездесулері зор еңбекпен және таңғажайып жағдайда ұйымдастырылғанын жете түсінемін. Ал Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде БҰҰ-ның бас кеңсесінде баяндама жасауы өз алдына бөлек әңгіме. Қалай десек те, Қазақстанның жарты әлемді қамтыған Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы мен республика атынан өкілдік етуі тарихи оқиға әрі қазақстандық саясаткерлер осындай жарқын жобаларды сәтті жүзеге асыра алуда. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысының қаңтардағы сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. «Астана-балет» театрының Линкольн орталығында өнер көрсетуін де ерекше атап өтуге болады. Бұл – Мемлекет басшысының сапарын ұйымдастырудың озық үлгісі. Бұл – сөзсіз Қазақстанның жетістігі.
Осы сапар барысында мынандай маңызды геосаяси шындық байқалды: Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы геосаяси көпірге, әлемдегі кикілжіңдер мен қарулы қақтығыстарды бейбіт түрде шешудің алаңына айналып отыр. Мұның бәріне себепкер кім? Қайталап айтайын, Н.Назарбаев пен оның мықты командасы. Қазақстан Президенті – команданы топтастыра алатын әрі «Манчестер Юнайтед» бапкері сияқты небір қиын матчтарда жеңіске жеткізе алатын көшбасшы.
Н.Назарбаев дарынды көшбасшы екенін аймақтағы экономиканы, инфрақұрылымды дамыту арқылы көрсетті. Қазақстандық саясаткерлер армандай біледі және жобалардың орындалуына бел шешіп кірісе алады.
Кейбіреулер халықаралық аренада имидж қалыптастыруға бөлінген қаражаттың маңызын түсінбейді. Егер осындай абыройлы имидж қалыптаспаса, кім Қазақстанды Ақ үйде жоғары бағалап, оның басшысын «highly respected» (аса құрметті) деп атайды?
Халықаралық қоғамдастықтың мойындауына ие болу оңай емес. Әрдайым шын ынтамен күш салып жұмыс істеуді, көп көлемде инвестиция салуды қажет етеді. Әлем тарихында мұндай мысалдар өте көп. Өз заманында маңызы зор жобалар көпшілік тарапынан сынға ұшырап, кейінірек соның мәнін түсініп, ескерткіш орнатып жүретініне тарих куә.
Мен пайғамбар емеспін және көріпкелдігім де жоқ. Алайда қазақтардың келешегі үшін теңдессіз осы салада еңбек етіп, тер төгуіне тура келетініне сенімдімін.
Осмонакун ИБРАИМОВ,
профессор, Қырғызстан Ғылым академиясының мүшесі, Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы