Президент Н.Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім саласын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Биыл да еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуының негіздерін көрсеткен Елбасы адам капиталының дамуына, оның ішінде білім саласына ерекше тоқталды.
Елбасы өз Жолдауында «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет», деп атап өтті.
Президенттің бұл тапсырмасы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымына да аса зор жауапкершілік жүктеп отыр. Жаңа буынның педагогтары оқушыға тек білім беріп қана қоймай, оны өз бетінше ізденуге машықтандырып, баланың бойында өмір бойы жаңа білімдерді меңгеру қабілетін қалыптастыруы тиіс. Біз өз түлектеріміздің осы талаптарға сай болуына үнемі баса назар аударып келеміз.
Мәселен, біздің оқу орнында Тұңғыш Президент атындағы орталық жұмыс істейді. Ғылыми-инновациялық кабинет Н.Назарбаев орталығы деп аталады. Бұл кабинетте жоғары жылдамдықты локальды және Wi-Fi интернет жүйесі бар. Бұл жерде ғылыми жобамен айналысатын студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы жұмыс істейді.
Оңалбай АЯШЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры
Оңтүстік Қазақстан облысы