• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қаңтар, 2018

Боксит жаңғыртылған карьерлерде өндіріледі

2002 рет
көрсетілді

Еуразиялық Топ құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасында Аят кенішінің №9, Красногор кенішінің №17 жаңа карьерлері пайдалануға берілді. Жаңа кен орындары компанияның алюминий дивизионы құрамындағы Павлодар алюминий зауытын шикізатпен қамтамасыз етіп, кәсіпорынның өндірістік қуатын сақтауға ықпал етеді. 

Аталған нысандардың құры­лы­сы екі жыл бұрын қолға алын­ған болатын. Мысалы, КБКБ Красногор кенішінің №17 жаңа карьеріндегі кен жыныстарын ашу жұмыстары 2016 жылғы қаң­тарда басталған еді. Тәулігіне 18 мың текше метр шамасында кен жынысы тиеліп, шығарылып отыр­ды. Ұзындығы – 2 шақырым, ені – 0,9 шақырым, тереңдігі 111 метр карьерден аршылатын жы­ныс­тың жалпы көлемі 53 млн тек­ше метрден астам болатын. Оның құрылысымен қатар боксит төгетін қоймаға апарар көлік жолы төселіп, су тартқыш және кернеуі 6 кВ электр қуатының үш желісі тартылды. Қазір №17 карьердегі таза кеннің алғашқы тоннасы өндірілді. Жыл басынан жұмыс үдерісі қарқын алды. Оған бес экскаватор, тоғыз автосамосвал, үш бульдозер мен бір автогрейдер іске жұмыл­ды­рыл­ған. Осы карьерден жылына 1 млн тоннаға дейін боксит кенін өнд­іру жоспарланып отыр.

Ал Аят кенішінің №9 карь­ері­нде боксит өндірісі қаңтар айы­ның соңында басталмақ. Бұл карьердің ұзындығы – 700 метр, ені – 600 метр, тереңдігі 119 метр болады. Жарылыс жұмыстарынан кейін боксит кенін өндіру қолға алынады. Авто­жол, сорғы стансасы, су бұр­ғыш, электр қуаты желісі, жа­рық­тандыру үшін бағандар құрылысы аяқталған. Бүгіннің өзінде карьерде екі экскаватор, төрт автосамосвал, бульдозер және автогрейдер жұмыс істеуде.

– Кеніштердегі карьерлерді жаңғырту құрылысына 6 миллиард теңгеден астам инвестиция жұмсалды. Жоба Аят және Красногор кеніштері қуатын және шахтаның сапалы көрсеткіштерін сақтау, 2018 жылға арналған өндірістік жоспарды толық орындау үшін жүзеге асырылды. Біз өндірістік көрсеткіштерді орындауға және Павлодар алюминий зауытына бокситті жеткізуге дайынбыз, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасының директоры Сергей Щелоков.

Қазір Краснооктябрь боксит кен басқармасының Шығыс Аят кен орнында тағы бір карьердің құрылысы жүріп жатыр. Кеніш­тер­дегі мұндай жаңғырту құрылыс жұмыстары 2020 жылға дейін жалғасады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Лисаков қаласы