Қай заманда да халықтық жауһар өнер туындысын тудыруға аса ауқатты, салтанатын асырамын деген бай-бағландар мен патшалар, хандар себепкер болған.
Осылайша небір жəдігер дүниеге келіп, ақыр аяғында ол бір ғана əулеттің емес, тұтас ұлттың, халықтың ауыз толтырып айтар, көзін қуандырар, жанын сүйіндірер қазынасына айналған.
Он саусағынан өнер тамған небір зергер, ұста, суретшілермен қатар ғалымдар мен ақын-жазушыларға сонау ықылым замандарда қолдау, көмек көрсетіліп келіпті. Тіпті ежелгі гректер мәдениетін зерттеудегі қазба жұмыстары уақытында археологтар жеке адамның өнер туындыларының жинағын жергілікті храмға бергендігі жайында тас тақтайшадағы жазуды тапса, көне Рим мемлекет қайраткері, этрустық Гай Цильний Меценат Вергилий, Гораций сынды ақындарды қолдауының үстіне суретшілер мен мүсіншілерге қамқор болуы тұтастай меценат терминін, ұғымын өмірге әкеледі. Ал патшалық Ресейдегі меценаттар көмегімен қанша ұлттық қазына жинақталды. Атақты галереялар, сирек қолжазбалар мен кітаптар жиған бай кітапханалар, музейлер орыс халқының мақтанышына айналды. Мәселен, XVIII ғасырда атақты қолбасшы Петр Румянцев-Задунайскийдің ұлы Ресей сыртқы істер министрі, сенатор Николай Румянцев-Задунайский 28 мыңнан астам кітаптары мен өзі жинаған коллекциясын «Отанымның пайдасына және ағартушылықтың игілігіне тарту еттім» деп, қазіргі Ресей мемлекеттік кітапханасының негізін қалады. Кезінде Романовтар әулеті де зергер Фаберженің қиялын қанаттандыратын тапсырыстар беріп, талай жауһардың дүниеге келуіне ықпал етті.
Қытай халқы ақылының атасы Конфуций өз қаражатына мектеп ашыпты. Былтыр Бейжіңдегі Гугун музейін аралағанда сонау қадымнан сақталған өнер туындыларын көрген едік. Сонда музей қызметкері олардың императордың, және аса дәулетті сановниктердің қолдауымен дүниеге келгенін ауыз толтыра әңгімелеген. Сол сәтте музейді тамашалай жүріп, шеберлерге тапсырыс беріп, жауһар тудырып, оны келер ұрпағына сақтап, халқының өлмес мұрасына, ұлтының мақтанышына айналдыра білген адамдардың тегін еместігін бағамдай түскендейсің. Мейлі пенде ретінде кемшілігі де, астамшылығы да болған шығар, алайда сол қателіктерін сан миллион жұрттың көзін суарып, жандарын рухани байытқан сәттердегі ләззат, рахат сезімдері жууы мүмкін-ау деген ой келген.
Біздің де бабаларымыз жақсылықтың жанашыры бола білген екен. Ақысын беріп, шеберлерді қанаттандырып, керек-жарағын тауып қамтамасыз етіп, тіпті соны жасап жатқандағы жылдық тірлігіне қажеттілігін өтеп, жаз сауынын, қыс соғымын беріп, зергердің өзгеге алаңдамай тек алдындағы ісімен айналысуына жағдай туғызған.
Өнерге жанашырлық көрсетуден түркі тектестер де кенде болмаған. Жұртшылыққа «Ғаламат ғасыр» хикаятынан таныс Осман мемлекетінің билеушісі-сұлтан Сүлеймен бірінші өзі ақын, зергер болуымен қатар заманындағы өнердің қанат жаюына қамқор болып, сол кезеңнің атақты сәулетшілері мен ақындарын, философтарын маңайына жинайды. Көзі ашық, парасатты сұлтанның арқасында Осман империясының шекарасы ұлғайып, Ыстанбұл шаһарының сәулетін күні бүгінге дейін көріктендіріп тұрған мешіттер салынды. Ғажайып тәждер мен асыл тасты небір туындылар ұлт қазынасына қосылды.
Тек тамырдан нəр алмаған біздің қазіргі дәулет иелері осы дəстүрден бейхабар болса керек. Егер ұзатылар қызына хас шеберге басына сəукелесін, үстіне тағымдарын, құлағына сырғасын жасатса, ол сол əулеттің құнды, бағалы дүниесі болып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жетіп отырса қайтер еді? Сол әулеттің, тұқымның энергетикасын бойына жиған құнды жəдігерге айналмас па еді? Ал оны кімге арналып, қай шебердің қолынан, шығып, кімнен кейін кім таққанының, кигенінің тарихы хатталып отырса, соның өзі тұтас ұлттың рухани құндылығына жатар еді?!
Тіптен қызына арнап тігілген той көйлегі сол тағымдармен бірге кейін музей экспонатына айналса қандай керемет болар еді. Ана бір жылы Вашингтондағы Смитсон институтының Ұлттық аллеяда орналасқан 11 музейінің бірталайын аралаудың сәті түскен. Сонда Ненси Рейганның, Хилари Клинтонның, Мишель Обаманың АҚШ президентін ұлықтау сәтінде киген көйлектері мен таққан әшекейлерін, туфлиі мен сөмкелерінің қойылғанын көрген болатынбыз. Олар президент жұбайларына, елдің тарихына жасалған құрмет болса, бұл жерде ұлттық өнерге жасалған қамқорлық ретінде өзгелерге де үлгі жақсы іс өрістер еді ғой.
Ал әзірге біздің бағландардың өрелері өсе алмай жатқандай көрінеді де тұрады. Тек қазақтың зергерлік бұйымдарының бай коллекциясын музейге табыстап, жалпы халықтық игілікке, көптің көзайымына айналдырған әзірге бір адамның ғана есімі белгілі. Ол – Иманғали Тасмағамбетов.
Қазақ Фабержесіне қолдау қайдан келеді?
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»