Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы сапары мен осы жолғы мемлекеттік ресми сапарының арасында 26 жыл (1992 ж. мамыр) өтіпті. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас сенімді, өзара достық негізде өрбіп келеді. Ал бұл сапардың жөні ерекше. Осы жолғы Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев кездесуінің нәтижесі екі ел арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсетініне сенім мол. Оған, әрине үлкен негіз бар.
Әр мемлекеттің түпкі мақсаты елдің ішкі ахуалын жақсартып, сыртқы саясатта да ынтымақтастыққа жету екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда АҚШ-тың алатын орны ерекше. Өйткені Америка барлық салада алға шыққан алып держава. 330 миллионға тарта халқы бар, қарыштап дамыған елдің өркендеп өсуі өзгелерге үлгі. Әлемдегі ең үздік, аса сапалы ғылым, білім ордаларының дені, ғалымдардың ғаламат жаңалықтар ашуы да осы елде ұшырасады. Нобель сыйлығын алғандардың басым бөлігі де АҚШ-та. Аузын айға білеген Американың әлемдік саясаттағы орны да өзгеше. Қазақстан өз кезегінде әлемде бейбіт бастамаларымен, ынтымақтастыққа бағытталған игі шараларымен танымал. Сонымен қатар АҚШ экономикасы жоғары технологияға негізделген. Әлемде ең үздік дамыған озық үлгідегі кәсіпорындар осы елде. Демек, бұл елмен экономикалық қатынаста тек қаржы тартумен қатар, озық технологияларды да келтіру маңызды. Міне, осының бәрі өзінің оң нәтижесін беріп отыр.
Қазақстан Президенті биылғы жылдың басында АҚШ Президентінің арнайы шақыруымен Ақ үйде болған алғашқы мәртебелі мейман. Оның үстіне Орталық Азия елдері басшылары арасынан Д.Трамптың бірінші қабылдағаны – Қазақстанның Көшбасшысы. Біз бұдан алып державаның Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін аңғарамыз. Дүйім жұрт көз тігіп, құлақ түргеніндей, бұл жәй кездесу емес, АҚШ Президенті Елбасын қатты құрметтейтінін айтып, Қазақстан бүгінде өте жақсы табыстарға қол жеткізгенін тілге тиек етуі, оны ыстық ықыласпен қарсы алуының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Орталық Азия АҚШ үшін маңызды екенін тағы бір мәрте растады. АҚШ-тың Қазақстанға өзгеше назар аударуының себебі, еліміз экономикасы бойынша аймақтағы ірі мемлекет, сонымен қатар саяси жүйесі ашық, тұрақты мемлекеттер қатарында. Дональд Трамп бастаған АҚШ әкімшілігінің бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі осында жатса керек.
Қаржылық мәселеге келсек, жалпы сомасы миллиардтаған долларды құрайтын ірі жобаларды жүзеге асыруға келісім жасалды. Ол экономикалық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік салалардағы тиімді әріптестікке жол ашады. Сондай-ақ сыртқы саясатта ұтымды шешімдер жасалғаны тағы бар. Әлем экономикасының шамамен 24 пайызы АҚШ-тың үлесінде екені белгілі. Небір дамыған озық технология, алып өндіріс орындары да осы елде. Ал мұндай алпауыт елмен экономикалық байланыс орнатуға әркім де мүдделі. Осы тұрғыдан келгенде Елбасының осындай ірі мемлекетпен жан-жақты байланыс орнатудың оңтайлы тәсілін таба білуі ел дамуы жолындағы тарихи қадам екені сөзсіз.
Әлемдік ақпарат құралдарының пайымдауынша, сапар өте жемісті өтті. Оған екі ел басшыларының өзара жеке әңгімелесуі мен кеңейтілген құрамдағы кездесулері себеп болды. Екіжақты экономикалық, саяси мәселелер, екі ел арасындағы даму үрдістерімен қатар, аймақтық ауқымды мәселелер, жаһандық қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмай, жан-жақты талқыланды.
Сапар барысындағы маңызды мәселенің бірі – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Төрағалық етіп, жаһанның ең биік мінберінен Мемлекет басшысының төрелік айтуы – еліміздің және әлемнің жылнамасындағы тарихи маңызды оқиға. Халықаралық аренада Елбасының сөз сөйлеп, ғаламдық процестерге орай ұтымды ойларын ортаға салуы үлкен бедел әкелді. Ғаламдық үрдістерде кейде күрмеуі қиын, оңай шешіле салмайтын, икемге келмейтін, өткір мәселелер болады. Осындайда тығырықтан жол тауып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің түйінін шешу кез келген мемлекет үшін оңай шаруа емес. Міне, осы тұрғыда Қазақстан Республикасы дер кезінде ұсынған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» атты бағдарламалық құжаты БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінде «Жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау: сенім шаралары» тақырыбын көтерген отырыс барысында жалғасын тауып, өз жемісін берді. Ядролық қарудан бас тарту, терроризммен күрес мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Ғаламдық проблемаларды шешіп, әлем елдерінің ой-пікірін бір арнаға тоғыстыру әсте оңай іс емес. Қазақстан бұл міндетті асқан абыроймен атқарып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Солтүстік Кореяны да осындай қадам жасауға шақырғаны әлем жұртшылығының назарын аударды. Қазіргі Солтүстік Корея ядролық қаруды иемденгісі келетін амбициясы бар өзге де мемлекеттердің осындай әрекетке баруына түрткі болуы мүмкін деген ескерту айтты. Президент бұл орайда Қазақстанның мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін де жеткізді.
Қазақстан Президентінің алып держава АҚШ-қа жасаған ресми сапары тиімді болғанына ақпарат құралдары баса назар аударды. Осы сапардың экономикада, сыртқы саясатта және әлемдік қоғамдастықта қаншалықты маңызға ие болғанын сараптап, саралап ұсынушылар аз болмады. Соның бәрі біздің елге, мемлекетіміздің басшысына деген оң пікірлерін айтып жатты. Қазақстан Президентінің АҚШ-қа ресми сапарының нәтижесі қос мемлекеттің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергенін айқындады.
Елбасы АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен болған кездесу барысында Дональд Трамптың Ақ үйдің өзге басшыларынан мүлдем бөлек екенін айтып өтті. Ол нақты істің адамы, айтқанын орындайтын, турасын айтатын басшы деді. Осындай нәтижелі кездесу қорытындысына орай ендігі жерде екі ел арасында тиімді оң өзгерістер болатынын нық сеніммен жеткізді. Бұл сәтті сапар, жаңа дәуірдегі тарихи белес болды.
Ақан БИЖАНОВ, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор