150 мыңға жуық халқы бар Жаңаөзен қаласы өзінің жарты ғасырлық тойы қарсаңында жаңа істермен жаңғыруда. Жуырда ғана қалада мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының өндірістік базасы ашылды.
Жалпы аумағы 9 гектар жерді алып жатқан базада мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының 300-ден аса қызметкері жұмыс істейді. Сондай-ақ аталған басқарманың 5 цех, 2 учаскесі осы нысанға орналасуда. Мамандардың айтуынша, мұндай ірі нысан ТМД елдеріндегі мұнай-газ секторында алғаш рет салынып отыр.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың күні кеше жариялаған Жолдауындағы 10 басымдықтың негізгісі де өндірістік саланы жаңғырту бағытында болды. Өткен жыл қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 110,3%-ды құрады. Ал «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы 5013,1 мың тонна шикі мұнай, қала кәсіпорындары арқылы 281,7 млн текше метр табиғи газ өндірді. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы бүгінде 9000-дай мұнайшыны жұмыспен қамтып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып отыр, – деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов нысанның ашылу салтанатында.
Өткен жылы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының мұнай өндіру көрсеткіші 5 млн 480 мың тоннаны құрады. Компаниямен оған қатысты мекемелер 20 307 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – апатты және тозығы жеткен үйлер.
– Арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына пәтер беріп, апатты үйлерді бұзу жұмыстарын жүргізу бағытында бірнеше шара қолға алынды. Өткен жылы бұл мақсатта 431,9 млн теңгеге 56 пәтер сатып алынды және № 59 үйдің тұрғындарына пәтер кілттері табысталып, тиісті құжаттар рәсімделуде. Апатты жағдайдағы №43 үйдің тұрғындарын толықтай пәтермен қамтамасыз ету үшін қосымша 14 пәтер сатып алу қажет. Бұл 284 млн теңге бөлуді қажет етеді. Сондай-ақ тозығы жеткен 59 тұрғын үйдің конструкцияларын бекітіп, қауіпті учаскелерін қалпына келтіру шараларын бюджет қаржысынсыз, өзге мекемелердің күшімен шешу жолдары да қарастырылуда, – дейді Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев.
Жұмыссыздық пен ауызсу мәселелері де Жаңаөзен қаласындағы басты мәселелердің бірі. Қала бойынша 1088 адам жұмыссыздық есебінде тіркеуде тұр. Қала және оған іргелес ауылдарда тіркеуде жоқ жұмыссыз жүрген тұрғындардың, отбасы жағдайы төмен отбасылардың нақты санын анықтау мақсатында қала әкімдігінде жұмысшы тобы құрылып, үйлерді аралау жұмыстарын бастаған.
Ауызсудың тапшылығы қалада, әсіресе жаз мезгілінде байқалады. Жаңаөзен қаласына тәулігіне «ҚазТрансОйл» АҚ-тан 20 мың текше метр, Түйесу, Сауысқан кен орындарынан 7,5 мың текше метр, барлығы 27,5 мың текше метр су беріледі, Еділ суы қалалық су тазарту ғимаратында тазартылады. Жаңаөзен қаласындағы тәулігіне 30 мың текше метр су тазартатын жаңа нысанның құрылысы осы жылы аяқталмақ.
Жергілікті әкімдік қалада ауызсу мәселесін шешудің жазғы мезгілдерде «ҚазТрансОйл» АҚ-пен берілетін Еділ суының көлемін тәулігіне 5 текше метрге, яғни 20 мың текше метрден 25 мың текше метрге дейін көбейту және «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың «Кендірлі» аумағындағы теңіз суын тұщыту зауыты құрылысының жобасын іске асыру секілді екі жолмен шешуге болатындығын айтады.
Жаңаөзендік тұрғындар жеке кәсібін бастауға ынталы, әсіресе жергілікті қолдауға ие «Өңірлік «Нұр капитал» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлігін іске асыруға бастамасы 1 млрд теңгенің үстінде несиені қамтитын 26 кәсіпкер ниет білдірген. Бұл кәсіпкерлер 500 жаңа жұмыс орнын құратын болады. Сондай-ақ қаланың индустриялық аймағында өндіріс орындарын құруға ниетті 36 кәсіпкер шамамен 250 жаңа жұмыс орнын ашпақ.
Жаңаөзендегі жасалып жатқан жұмыстармен бірге, жасалуы тиіс жұмыстар да бар. Бостандық пен Рахат шағын аудандарында дренаждық жүйе салу, ауыл ішінің автокөлік жолдары мәселесі, елді мекендерге тротуарлар салу, коммуналдық мекемелердің қаржы-экономикалық жағдайы секілді мәселелер өз шешімін күтуде.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы