Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жүргізген діни сараптама жұмыстары барысында 2017 жылы 4 332 материалға (діни әдебиеттер, діни бағыттағы басқа да материалдар) зерттеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 196 нысанға теріс қорытынды берілді.
Сараптама жүргізудегі мақсат – Конституция нормалары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына теріс әсер ететін заң бұзушылықтарды анықтап, оларға сараптама жасау.
Діни сараптама объектілеріне діни мазмұндағы және діни бағыттағы нысандарды қамтитын ақпараттық материалдар, рухани (діни) білім беру бағдарламалары, жарғылық және діни мазмұндағы басқа да құжаттар жатады. Бұл ретте діни әдебиетті, діни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарды, заттарды тарату діни ғимараттарда, рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда, облыстардың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген стационарлық орындарда ғана рұқсат етіледі. Елімізде діни материалдар мен бұйымдарды саудалауға арналған 257 арнайы орын бар.
Жеке пайдалануға арналған заттарды қоспағанда, ел аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды әкелуді діни сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін ғана тіркелген діни бірлестіктер жүзеге асырады. Бұдан бөлек, діни экстремизмді насихаттауға қарсы іс-қимыл интернет-ресурстарды талдау арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, 2017 жылы тек аталған министрлік
10 174 интернет-ресурстың мазмұнына сараптама жүргізіп, оның ішінде 3 555 сайттың заң бұзушылық бағыттағы қызметін анықтады. Заң бұзушылықтар анықталған сайттар бойынша теріс сараптамалық қорытындылар Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберіледі.
«Егемен-ақпарат»