• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Қаңтар, 2018

Кенепке жазылған «романдар»

739 рет
көрсетілді

Бейнелеу өнерінің дариясына дендеген сайын қылқалам шеберлерін бірінен бірін даралайтын өзіндік қолтаңбалардың сырын тани бересің. Ұлттық живописьтегі көп қырлы дарындардың қатарында Суретшілер одағының мүшесі, өнертану ғылымының кандидаты Жамбыл Нәтбаев та бар.   

Мына бір қызықты қараңыз, қай суретшінің салғанына бас қатырып отырмасаңыз да, бір көргеннен есте қалатын туындылар болады. Бұл – тарихи жанрдағы «Қасиетті Тәуелсіздік» картинасы. Қазақтың басынан кешкен дәуірлі кезеңдерді көз алдыңа лек-легімен алып келетін ауқымды полотно суретшінің интеллектуалдық деңгейін де әйгілейді. Оның көр­мелерінде терең кәсіпқойлық, сурет­керлік қуат, шығармашылық сезімталдылық қатар салтанат құ­рады.

Станоктық және монументальды кескіндемеде жігермен жұмыс істейтін суретшінің монументальды кенептері тарихи деректер мен құжаттар негізінде реалистік мәнерде шешімін тапқанын өнер­танушылар да бағалайды. Халқымыздың ер­кін­дік пен тәуел­сіз­дік жолындағы көпға­сырлық шайқасы кө­рініс тапқан «Қасиет­ті Тәуел­сіздік» кенебі тұ­­тастылығымен да­ра­­ланбақ. Монтаждап біріктіру арқылы құ­ры­лып, құрамына әр ғасырдағы тұлғалар енген панорамалық ком­позиция эпизодтары жайлы жеке-дара есіп эссе де жазуға болар еді. Бірақ бүгінгі әңгіме Жамбыл Нәтбаевтың жалпы суреткерлігі хақында.

Мәселен суретшілердің көр­месіне саяхат шеккен көрермен оның жансарайына да сапарлайды. Картиналардан шығармашылық иесінің білімі мен талғамы, мінезі танылады. Бұл тұрғыда Жамбыл Нәтбаев су­реткерлік қуатының тегеу­рін­ділігімен қоса әрі пси­холог әрі лирик ре­тінде жұ­мыс істейді.

Адамдар сияқты, туған жердің де порт­­реті болатындығын дәлелдеген шоқтығы биік қылқалам шебер­лерінің сапындағы суретшінің пейзаждары көркем. Қасаңдана бастаған көңіл күйді серпілтіп, көзге біт­кен шелдің шілтерін сыпырып алғандай әсер қалдыратын тұстан сіз де талай өткенсіз. Бірақ тек суретшілерге ғана көрінетін таби­ғаттың тылсым сұлулығы бар. Мұның айғағы – үлкен полот­на­ларға бергісіз кө­р­кем этюдтер.

Айтқандай суретшіге қазақ кескіндеме өнерінің классигі Орал Таңсықбаев шығармашылығы үлкен әсер еткенін айтпай тұрып, ол Ташкенттегі П.Беньков атын­дағы көркемсурет училищесін тәмам­дап, М.Ұйғыр атындағы Таш­кент театр және өнер инсти­тутында өзбек живописінің ко­рифейі, Өзбекстанның халық суретшісі Рахим Ахмедовтің шеберлік мектебінен өткенін айту ләзім.

Суретші үшін Ташкенттегі Орал Таңсықбаевтың мұражайы шығармашылық Мекке, шабыт шақырар муза болса, бір жағынан аса талантты ұстазы Рахим Ахме­довтің ықпалы бар. Бірақ Жам­был Нәтбаев өз жолын тапқан көп қырлы шебер.

Орталық Азияның үлкен пей­заждық мектебінен өткен суретші монументальдық және станоктық кескіндеменің түрлі жанрларында алуан тәсілдермен бояуларды басқара алады. Реңктер оркестріне ғажап билігін жүргізе отырып, кенептің бетінде романдар жазады.

Сөзіміз дәйекті болсын, тарихи тақырыптарға үлкен дайын­­дықпен келетін қылқалам ше­берінің тағы бір жалаулы жұ­мысы «Саурандағы шайқас» (2009-2011) полотносы. Қасиетті тәуел­сіздік, бүгінгі егемендік оңай келмеген десек, осының бәрі аталмыш туындыда сайрап тұр. Азаттықтың азапты жо­лындағы батырлардың жан алысып, жан беріскен сәттері, тра­гизм үлкен ауқымда кес­кін­де­луімен құнды.

Мамандар «Саурандағы шай­­қас» жұмысы классикалық «Қа­­сиетті Тәуелсіздік» картина­сы­нан түпкілікті басқа екенін мойын­дайды. Бұл жерде Нәт­баев өзінің табиғи дарынын, суретшілік мүм­кіндіктерін еркін, экс­прес­сивті, тіпті импрес­сионистік тұр­ғыда пайдалануға шебер. Яғни қылқалам шеберінің тарихи тақы­рыптарында азаматтық пафос атой салады. Және Жам­был­дың шығармашылығын кезең-ке­зең­дерге бөліп, жеке-дара қа­рауға болмайды. Картиналары сияқты тұтас, бір деммен жұмыс істейді.

Іңірдегі сұлулық, Қазақ­стан­ның түнгі таулары өзінің жазушысын іздеген болса, оның бірі сөзсіз – Жамбыл Нәтбаев.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ