Премьер Марио Монти бастаған Италия министрлер кабинеті заң шығарушылардың шешуші қолдауына ие болды.
Бейсенбі күні жаңа технократтық үкіметке парламенттің жоғарғы палатасы – Сенат сенім көрсетсе, жұма күні төменгі палата ол үшін өз дауыстарын бермек. Сенатта сөз сөйлеген Марио Монти өзінің дағдарысқа қарсы реформалар бағдарламасын жариялай отырып, еуроның болашағының осы бағдарлама табыстылығына байланысты болатынын ескертті. Италия заңнамаларына сәйкес Марио Монти кабинетін бекіту төменгі палата депутаттарының дауыс беруімен аяқталады.
Екі айлық ереуілмен атап өтілді
«Уолл-стритті басып алайық» қарсылық акциясының екі айлығына орай ондаған мың адам Нью-Йорк көшелеріне шықты.
АҚШ-тың экономикалық саясатына қарсы белсенділер қозғалысының күрес жүргізіп жатқанына дәл екі ай толып отыр. Митингілер, марштар мен ереуілдер барысында Нью-Йоркте 300 адам, Лос-Анджелесте – 72, Чикагода 40 адам ұсталған. Нью-Йоркте белсенділер полицияға қарсы бос шөлмектер мен басқа да қоқыстар лақтырып, оларға бұрышты газ шашқан. 10 ереуілші мен 7 полицей зардап шекті деген мәлімет бар.
Ақ үйді атқан адам тұтқындалды
АҚШ-та Айдахо штатының 21 жасар тұрғыны Оскар Ортега-Эрнандеске сот АҚШ президенті Барак Обаманы өлтірмек болды деген айып тақты.
Айыптау нұсқасы бойынша О.Ортега-Эрнандес 2011 жылдың 11 қарашасында Ақ үйге қарай екі рет оқ атқан. Нәтижесінде бір оқ бронды әйнекке тисе, екіншісі қабырғаға тиген. Ол уақытта Б.Обаманың өзі де, оның зайыбы Мишель де Ақ үйде болмаған көрінеді. Атылған оқтан ешкім зардап шеккен жоқ.
Сирияға қарсы жаңа шешім
Араб мемлекеттері Лигасына кіретін елдердің Рабатта өткен сыртқы істер министрлері мәжілісінде Сирияға қарсы жаңа шешім қабылданды.
Іс жүзінде Сирия басшылығына 3 күн мерзім ішінде өз аумағына құқық қорғаушылар ғана емес, сонымен бірге, әскерилер ұсынған 500 бақылаушыны да жіберу туралы ультиматум қойылып отыр. Олар «Асад режімінің қарапайым азаматтарға қарсы күш көрсетуді тоқтатуына» бақылау жасауы тиіс. Мұның өзі Сирия егемендігіне ашық түрде қысым жасау болып табылады. Сондықтан Дамаскінің оған келісе қоюы күмәнді.
Папаны жарнамалауға тыйым салынды
Ватиканның қысымымен италиялық киім шығарушы Benetton компаниясы Папа Бенедикт ХVI мен Египеттің Әл-Азхар мешіті имамының сүйісіп тұрған суретін жарнамада пайдалануды тоқтатты.
Өткен сәрсенбі күні Ватикан дінге сенушілердің сезімдерін қорлайтын фотомонтажды жарнамалық науқан үшін пайдалануға қарсылық білдірген болатын. Понтификтің өкілі кардинал Федерико Ломбарди суретті Папа қасиетін өрескел қорлаушылық және қарапайым әдептілік ережелерін бұрмалаушылық деп бағалады. Италияның католиктік қоғамдастығы өкілдері де наразылық білдіріп отыр. Әзірге мұсылман әлемі даулы жарнамаға қатысты тіс жарған жоқ. Араб әлемі италиялық католиктерге қарағанда төзімдірек болып шықты.
Грузия Ресей тілегін қанағаттандырды
Грузия президенті Михаил Саакашвили Ресейдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына өтуіне байланысты Грузия мен Ресей үкіметтері арасындағы келісімді бекітті.
9 қараша күні Ресей мен Грузия Женевада Швейцарияның араағайындығымен Ресейдің БСҰ-ға өтуіне ең соңғы кедергіні жоятын үкіметаралық келісімдер пакетіне қол қойған болатын. Олардың бірі Абхазия мен Оңтүстік Осетия аумақтары бойынша тауар айналымына халықаралық мониторинг жүргізуге қатысты. Екінші мәселеге сәйкес мониторинг жүргізетін компания бейтарап жақ – Швейцарияға есеп беретін болады.
Тоннельден табылған марихуана
Полиция Американың Калифорния штаты мен Мексиканың Төменгі Калифорния штатын жалғайтын ірі тоннельді анықтаған.
Онда кем дегенде 15 тонна болатын марихуана табылған көрінеді. АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясы өкілінің айтуынша, 370 метрлік тоннель Американың Сан-Диего қаласы маңындағы қойманы Мексиканың Тихуана қаласындағы қоймамен жалғастырған. Тоннель желдеткіш жүйесімен және жарықпен жарақтандырылған көрінеді.
Президент сайлауы өтпейтін болды
Молдовада осыған дейін жоспарланған ел президенті сайлауы өтпейтін болды.
Оған парламент депутаттарының мемлекет басшысы кандидатурасын белгілеуде өзара келісе алмауы себепкер болып отыр. Әзірге мүмкін деген кандидаттардың бір де бірі сайлану үшін қажетті дауыс жинай алмаған. Осылайша мемлекет басшысын сайлайтын күн жаңадан тағайындалмақ. Молдованың президентсіз өмір сүріп жатқанына 11 қыркүйекте 2 жыл толды. Бұл әлемдік рекорд болып саналады.
Шопинг үшін үздік қала атанды
Киев Еуропадағы шопинг-туризмнің ең үздік қалалары рейтингіне енді.
Зерттеу жүргізілген 33 танымал қалалардың ішінде Киев 26-шы орын алған. Ол тіпті Варшава мен Санкт-Петербург сияқты қалаларды да артта қалдырған. Тек 19-шы орын алған Мәскеу ғана Киевтен озып тұр. Киев дүкендерінің ұзақ жұмыс істеуі және жеңілдіктердің көп болуы арқылы осындай нәтижеге жеткен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.