Тек тамыры бір, діні ортақ, сөздерінде көп алшақтық жоқ түркі елдері кеңес дәуірі құрдымға кеткеннен кейін барын жарқыратып, жоғын түгендеумен келеді. Соның бір дәлелі, елордада екі күн бойы «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты тоғызыншы халықаралық ғылыми-практикалық конференция дер едік. Бұрын мұндай алқалы жиындар Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстанда жалғасын тапқан болатын.
Конференцияны Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев ашып, бүгінде жер бетінде 200 миллионға жуық түркілер өмір сүреді десек, олардың барлығын біріктіріп тұрған ең басты рәміз – ол қасиетті тіліміз. Алайда, небір аумалы-төкпелі кезеңдер барысында біздің бір-бірімізге жақындасуымызға, тілімізді мейлінше байытып түрлендіруге мүмкіндік көп бола қойған жоқ. Міне, бүгінде сол олқылықтың орнын толтырып, түркі әлемінің тіл мұрасын зерттейтін кезең де келіп жетті, деп халықаралық конференцияның алға қойған мақсат-міндетіне тоқталды. Бұдан кейін Түркия Республикасының Ақпараттық технология жұмыс тобының төрағасы Незих Күлейін сөз алып, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы кезінде терминдерді бір ізге түсіру қажеттігін атап өтті. Сол секілді Түркияның Ақпараттық технология басқару кеңесінің мүшесі Корай Өзер өз мемлекетіндегі ақпараттық ұйымның жұмысы туралы ой қозғап, кірме сөздер негізінде қалыптасқан терминдерді алға тартып, қазір 40 жұмыс тобы барын, оның жетеуі мақсатты істермен айналысатынын, интернетте 12 мың сөздік қоры жинақталғанын, 33 университетте жас мамандар әзірленетінін, әдебиеттегі мәтіндерді қалыптастыру мақсатында шығарма жарысы ұйымдастырылып, ол кітап болып шығатынын тілге тиек етті.
Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы туыстас елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, түркітілдес халықтардың ғылым саласындағы байланысын нығайту, өзара термин жасау үдерісін дұрыс жолға қою және салалық, әсіресе ақпараттық ғылым бойынша ортақ терминдер қорын қалыптастыру мәселелерін жан-жақты қозғап, өткен ғасырдың басында Алаш арыстары да термин жасау мәселесін қозғағанына нақты дәлел-дәйектер келтірді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жерде бұрын жабулы тақырып болған түркітілдес елдердің терминологиясына арналған мәжілістер өте бастағанын, ғалымдар көптілді терминологиялық салыстырмалы сөздерін жасауға келіскенін, бірақ бұл істің әлі толық орындала қоймағанын атап өтті. Бізде КСРО құрамына кірген түркі халықтарының тілдерінде терминдерді тіларалық біріздендіру түркітілдестердің өз арасында емес, олардың әрқайсысының орыс тілімен арасында болды. Дәлірек айтқанда, тіларалық біріздендіру түркі тілдерінің орыс тілімен ортақ терминдерін барынша ұлғайту мақсатын көздей отырып, орыс тілі тарапынан түркі тілдеріне қатысты біржақты жүргізілді. Орыс – қазақ, орыс – өзбек, орыс – әзербайжан, орыс – қырғыз, орыс – түркімен, орыс – татар тілдері арасында терминалмасу жүргізіліп, екіншілері негізінен термин қабылдаушы тілдер болып келді. Кеңес одағы тұсында орыс тілінен түркі тілдеріне алмасқан терминдер жүздеп, мыңдап саналса, түркі тілінен орыс тіліне енген терминдер мүлдем мардымсыз, бірлі-жарым еді. Ал орыс тіліндегі терминдердің басым көпшілігі өткен ғасырлардың сөзалмасулары болатын. Ендігі жерде біз түркі тілдерінің өз ішіндегі сөзалмасу, терминалмасу мәселесін жолға қоюымыз керек, деді.
Қырғызстаннан, Әзербайжаннан, Өзбекстаннан келген Р.Момбеков, А.Фатуллаев, Ш.Муталовтар пленарлық мәжілісте сөз алып, түркі жұрты арасында ақпараттық технологиялар ынтымақтастығы туралы айтты. Астанадағы Түркі академиясының президенті Ш.Ибраев түркі халықтарының фольклорлық терминдері туралы өз байламын баяндады.
Конференцияның екінші күні түркі тілдеріндегі ақпараттық технология, терминологиясына қатысты мәселелер сөз болды. Сессиялық мәжілісте түркі тілдеріндегі лингвистикалық терминдер, сөздіктер қорын жасау, тағы да басқалар жұрт талқысына ұсынылды. Осы халықаралық конференцияға қатысқан ғалымдардың баяндамалары алдағы уақытта топтастырылып, кітап болып шығатынын айта кетсек дейміз.
Сүлеймен МӘМЕТ.