Кеше «Ramada Plaza» қонақ үйінде «Кәсіптік білім беру және бизнес: әріптестер сұхбаты» атты үшінші халықаралық форумға салалық министрліктерден, бизнес-қауымдастықтар мен ұлттық компаниялардан, халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысып, кадрлар даярлауда білім беру мен бизнес ынтымақтастығының басымдықтары, «Кәсіпқор» холдингі» АҚ-та бизнес пен мемлекеттің корпоративтік жауапкершілік үрдістеріне негізделген оқу орындарын басқарудың жаңа моделі туралы өз ойларын ортаға салды.
Жиынды сөз сөйлеп ашқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов форумға қатысушыларға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жолдаған құттықтау хатын оқыған соң, «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың негізгі үрдісі мен міндеттері: қазақстандық үлгі» атты тақырыпта баяндама жасады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту мәселесінің алға тартылуы бекер емес. КСРО ыдырағаннан кейін жер-жердегі кәсіптік-техникалық білім ошақтары жағалай жабылғаны есімізде. Министрдің айтуынша, 2000 жылдың басында 1991 жылмен салыстырғанда, білім алушылардың контингенті екі есеге дейін азайған. Осы аралықта техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың арнайы мемлекеттік бағдарламасы іске асырылса, бүгінде сол кезеңмен салыстырғанда оқу орындарының саны 25 пайызға, білім алушылар 30 пайызға артып отыр. Олардың жағдайының жақсаруына, әсіресе, серіктестіктердің қосып отырған үлесі зор. Мысалы, «Қазақмыс» компаниясының көмегімен Астанада, «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен Атырау облысындағы Құлсары қаласында заманауи талапқа сай кәсіптік лицейлер салынған. ТМД елдері арасында елімізде бірінші болып бұрынғы бастауыш және орта кәсіптік білім беру базасында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі құрылды. Мұндай қадам біліктіліктің бірнеше деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Мұнан былайғы уақытта түлектерге білім беру ісі жұмыс берушілердің қатысуымен жүзеге асырылатын болады. 2007 жылға дейін Білім және ғылым министрлігі, ірі компаниялар мен жергілікті атқарушы органдар арасында бірде-бір келісім жасалмаса, бүгінгі таңда осындай 33 келісімнің іске асырылуы бұл бағытта қыруар жұмыстардың атқарылғанын аңғартады. Олардың ішінен «ҚазМұнайГаз», «Қазақмыс», «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком», «Қазинжиниринг», «Қазақалтын», «Азия Авто», «Қазэнерджи» АҚ сияқты басқа да ірі серіктестіктер ерекше аталды. Жергілікті жерлерде оқу орындары жұмыс берушілермен 17,5 мыңнан астам келісімге қол қойса, тек осы жылдың өзінде кәсіпорындармен 150 мыңнан астам жұмыс орны өндірістік тәжірибелерден өту үшін бөлінген. Білім басшысының келтірген мәліметі бойынша, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 200 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіліп, 4 мың адам кәсіпорындардың қаражаты есебінен оқытылуда, 3 мыңнан аса білім алушыға шәкіртақы беріледі. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне әлемдік тәжірибені енгізуден түсетін табыс та көл-көсір болмақ. Бұл ретте Норвегия, Ұлыбритания, Корея, Германия үлгілері алға тартылды. Олармен бүгінде тығыз қарым-қатынас орнатылуда. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі 29 елмен қатар Еуропаның Турин процесіне қатысуы жаңа дәуірге лайық бетбұрыстың нақты көрінісі болып табылады. Экономика мен білім жүйесі қашанда бір-бірімен тығыз байланыста дамитыны назардан тыс қалмады. Жылдан-жылға тауарлар мен қызметтердің сапасына қойылатын талаптар күшейіп, технологиялар күрделене түсуде. Мұндай өзгерістер еңбек ресурстарының жоғары құзыреттілігі мен мобилдігін талап етеді. Бизнестің бұл саланы дамытуға әлі де болса қаржыны жеткілікті бөле түсуіне күш салуы керектігін айтты. Жоғары білікті маман даярлап шығару үшін қаржы көзі жеткіліксіз. Елімізде бір маманды даярлауға 1340 АҚШ доллары жұмсалса, Америкада осындай көрсеткіш – 10,5 мыңға, экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымы елдерінде 7,5 мыңға жуық долларды құрайтыны мәлім болды. Нақты цифрлармен сөйлетсек, бізде техникалық және кәсіптік білімді қызметкерлер – 33, АҚШ-та – 47, ал экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымы елдерінде 44 пайызды құрайтын көрінеді. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бұл саланы түбегейлі жаңғырту қарастырылып, оған 2015 жылға дейін 90 миллиардтан астам теңге бөлінуі көп жайтты аңғартса керек. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіби білім алып жатқан адамның саны 60 мыңнан асады. Мұның өзі жер-жердегі жұмыссыздық түйткілдерін шешуге оң ықпалын тигізуде. Ендігі кезекте, деді министр – заманауи кәсіптік стандарттарды әзірлеуге және техникалық-кәсіптік білім беруді жаңғыртуға Дүниежүзілік банк қарызының есебінен құны 33 млн. доллар болатын жоба іске қосылуда. Экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі салааралық жоспар және техникалық-кәсіптік білім жүйесін дамыту жоспары бекітілгені алға тартылды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес «Кәсіпқор» холдингі» АҚ құрылып, Шығыс Қазақстан облысында осындай орталық ашылған. Министр қол жеткен жетістіктерді барынша молайту мақсатында форумға қатысушыларды әріптестіктің бұрын еш жерде қайталанбаған қазақстандық үлгісін бірлесіп жасауға шақырды. Кадрларға болжамды сұранысты анықтап отыруды нақты мемлекеттік органдарға жүктеу керектігін айтты. Адами ресурстардың дамуына жауап беретін менеджерлердің кәсіби бірлестігі сияқты директорлар клубын құруды ұсынды.
Еңбек ресурстарын кадрлық жаңғырту мәселелері, индустрияландыру жобаларын кадрлық қамтамасыз ету, тау-кен металлургиялық саласын кадрлық қамтамасыз етудегі бизнестің рөлі, бизнестің кадрлар даярлауға қатысуы, тағы да басқа бірталай өзекті тақырыптар ортаға салына келгенде, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне деген бір кездергі ескі көзқарастың бүгінде мүлде басқаша ой түйгізетінін бағамдадық. Қазір қазақ баласы үшін бұл сала нан тауып жейтін нағыз кәсіптің көзіне айналып келеді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.