• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2018

Жүргізушісіз көлік: пайдасын көреміз бе, зиян шегеміз бе?

6001 рет
көрсетілді

Бүгінде жан-жағымызды түгел дер­лік жасанды интеллект өнім­де­рі қор­­шады. Қолыңыздағы смарт­фон­ның онлайн қосымшасымен такси қыз­­метіне жүгіне аласыз, әуежай мен вокзалдардағы кассаларға жүгір­мей-ақ ұшаққа, пойызға билетке тапсырыс бере аласыз, тіпті қо­ғам­дық кө­лік немесе қалааралық қат­ы­нас­тар­дың да оңтайлы қызметін таң­дау­ға мүмкіндігіңіз бар. Бәрі де уақыт әрі қаржы жағынан тиімді. 

Иә, көлік саласындағы өзгерістердің жыл­дам өріс алғаны соншалық, адам­дар­­дың өмір сүру салтын ғана емес, ша­һарлардың тыныс-тіршілігі мен кел­бе­тін де айтарлықтай өзгеріске алып ке­ле жатыр. Соның бірі – жүргізушісі жоқ көліктер.

2010 жылы Google компаниясы ал­ғаш рет жүргізушісіз жүретін көлік жасап шығаратынын мәлімдеді. «Нью-Йорк Таймс бестселлер» сериясымен жарық көрген Эрик Бриньолфсон мен Эндрю Макафидің «Машинаның екін­ші дәуірі» атты кітабында авторлар 2012 жылдың жазында Кремний жа­зы­­ғындағы Google штаб-пәтерінде ком­панияның осы бағыттағы, яғни Chauffeur жобасы шеңберіндегі алғашқы өні­мімен серуендегенін қызықты етіп су­рет­тейді. 101-ші тасжолда ызғытқан кө­лік­тің артқы орындығына жайғасқан олар бастапқыда көлік тізгініне ешкім отыр­майды деп ойлағандарын, алайда жүр­гі­зу­шісі жоқ көлік жаяу жүргіншілер мен бас­қа да көлік жүргізушілерін шошытып, үрейлендіріп алмау және полиция қыз­меткерлерінің назарын аудармау үшін алдыңғы орынға компанияның екі қыз­меткері отырғанын айтады. Бұл түзу даң­ғыл болғанымен әсте тыныш жатқан кө­­ше емес еді. Десе де қозғалысы ты­ғыз жолда көліктің мінсіз жүргені сон­ша­лық, тест-драйв жасаушылар жолай түк істемей отырғандықтан зеріге бас­тағандарын да жазады. Google бұл кө­лік­терді 2020 жылы жаппай саудаға шы­ғаруды жоспарлап отыр. Қазір осы саладағы сынақтарды KIA Motors, General Motors, Toyota, Uber сияқты ком­паниялар да жүргізуде. Басқа да кә­сіп­орындар аз емес. Мәселен, Tesla ком­паниясы 2015 жылдың қазан айында жа­ңар­тылған бағдарламамен қамтылған жар­тылай автоматты жүргізу қызметі бар көліктерді саудаға шығарды. Тіпті қазақстандық қымбат көліктер иелері клубының негізін салушы Бейбіт Әлібеков Tesla электрокарын Алматы қала­сының көшелерінде сағатына 80 ш­а­қырымдық жылдамдықпен сынақтан өт­кізгені де есте. Көлік кептелісінде, бұ­рылыстарда жол белгілеріне қарай өздігінен қозғалған көліктегі отандық кәсіп­кер «Шынында қорқып отырмын. Рульді қолға алып, тежегішті басқым келеді. Менің үш балам бар, әлі өмір сүруім керек» деп әрі әзілдеген, әрі таңғалған бейнежазбасын интернет желілеріне жүктеген болатын. Яғни жүргізушісі жоқ көліктер жақын арада көшедегі үйреншікті көріністердің біріне айналуы ғажап емес. 

Жалпы, жүргізушісіз қозғалатын «ақылды» көліктердің уақыт өткен сайын адамдар жүргізетін көліктерге қа­ра­ғанда, тиімділігі мен қауіпсіздігі жо­­­ға­рылай бермек. Бұл қозғалыс құ­рал­­­дары урбанизация дәуірінде алып мегаполистердегі кептелістерді жоюға, та­сымалдау мен логистика саласында қор­шаған ортаға шығарылатын қал­дық­тар көлемін азайтуға септігін ти­гіз­бек. Сонымен бірге жолдағы кей­бір жүргізушілердің агрессиялық қи­мылдарын шектеуге, яғни өзгенің өмі­ріне қауіп төндірмеуге, жүйкеге тү­сетін сал­мақты төмендетуге де оң әсер етеді. Қарт адамдар мен мүм­кін­дігі шектеулі жандардың да қатынау деңгейін жеделдетуге көмектеседі делінеді. The Boston Consulting Group сарапшыларының айтуынша, автономды көлікті енгізу жол апаттарының санын 90 пайызға, улы газдар шығарылымын 80 пайызға, жол қозғалысы қарқынын 60 пайызға төмендетеді. Әрине кері әсер ететін тұстары да бар. Мәселен, жұмыс күшінің қысқаруына алып келуі ықтимал. Такси жүргізушілері, жүк көліктері, авто­кө­лік өнеркәсібі саласында еңбек күші қажет болмай қалады. Сондай-ақ бюджетке көлік қозғалысындағы айып­пұлдан түсетін кіріс төмендеуі мүм­кін. Жүргізушілер даярлаумен айналы­са­тын заңды ұйымдар да жұмысын тоқ­та­тады. Сондай-ақ хакерлікпен шұғыл­да­нушылар жасанды интеллектке ие кө­ліктердің басқару қызметіне бұйрық бе­ре алады.

Міне, Елбасы биылғы Жолдауында басымдық берген төртінші өнеркәсіптік рево­люцияның дамуы таңдай қақты­рар­лықтай жедел, ауқымы ауыз аш­тырарлықтай кең екенін осы өзге­ріс­тердің бір саласынан ғана көруге болады. Қазір елімізде 4,5 млн шамасында автокөлік бар екен. Жартысына жуығы тұрақты болмаса да ішінара тасымал қызметін көрсетеді. Олар алдағы он жылға жетпей нәпақасыз қалуы мүмкін. Одан басқа да көптеген әлеуметтік мә­селелер пайда болады. Атқарушы би­лікке көлік жүйесінің жаңа трансформациясын жүзеге асыру қажет. Біз осы өзгерістерді лайықты қарсы алуға қаншалықты дайынбыз? Бүгінгі басты сауал осы болса керек. 

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»