Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше Сербияның Сыртқы істер министрі Вук Еремичпен кездесті.
Әңгіме барысында тараптар сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту, оның ішінде агроөнеркәсіптік сектор, фармацевтикалық саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ екі елдің транзиттік-көлік әлеуетін пайдалану мәселесін талқылады.
2011 жылдың 9 айында Қазақстан мен Сербияның арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 7,7 млн. АҚШ долларын құрады (оның ішінде, экспорт – 3 млн., импорт – 4,7 млн.).
Екі ел арасындағы тауар айналымының құрылымы, тауарлардың үлес салмағы ғана өзгергені болмаса, ұзақ жылдар бойы тұрақты келеді. Сербияға жөнелтілетін қазақстандық экспорттың номенклатурасында минералды өнімдер, машиналар, жабдықтар, механизмдер мен электр-техникалық жабдықтар басым болса, Сербиядан Қазақстанға жеткізілетін импорттың негізін химия өнеркәсібінің өнімдері, ағаш және ағаш өнімдері, тоқыма өнімдері, қағаз массасы құрайды.
Қазақстанда серб капиталының қатысуымен 10 шақты бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, олар негізінен көтерме және бөлшек сауда, тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттар құрылысы саласында қызмет етеді.
«Егемен-ақпарат».