Ойлантпай қоймайтын тақырып. Болашақ жастардікі. Өз ұрпағыңның сауатты да саламатты, іскер де білікті болғанын қалайсың. Алаңдайсың. Ойланасың. Бүгінгі өмір тынысына көз жүгіртесің, сарапқа саласың.
Кадрлық резерв. Бұл сонау бір қайта айналып келмеске кеткен кеңестік дәуірдегі талап-тәжірибе болатын. Жарайды. Сол бір дәуір мен кезең өтті-кетті. Сұрақ туындайды: сонымен бәрі бітті ме, жақсы да, жаман да тұмшаланып бәрі де Кеңес Одағымен бірге кетті ме? Жоқ әлде кейбір озығын пайдаланып, ал тозығын қоқыс жәшігіне тастап жібере саламыз ба? Өткенге тіптен, ада-күде түңіле қарауға болмайтын да шығар бәлкім. Сонда мені қандай мәселелер мазалап, не айтпақ ойда отырмын?
Айталық сол «кадрлық резерв» тұсында бір мекемеге басшы етіп тағайындау үшін кемінде екі-үш қызметкер мамандығына сәйкес алдын ала резервке қойылатын да, ендігі болашақ басшылар міне, солардың арасынан іріктелетін. Таңдалатын, талқыланатын. Таңдауға – іскерлік, біліктілік, жауапкершілік жататын да, ал талқылауға – оның мінез-құлқы мен мәдениеті, тіптен көршісімен арақатынасына дейін сарапқа салынатын.
Өз басым бұл сияқты іс-тәжірибелердің ешқандай да тозығы жоқ деп есептеймін, керісінше өміршең, қай дәуір, қай кезеңге болса да керек талап, қажет тәжірибе екені сөзсіз. Осының бәрін ой елегінен өткізе отырып, кешегі мен бүгінгі мамандарды қатар қоя көз жүгіртемін, сөйтемін де оларға жан-жақты зер сала қараймын. Сөз саптауы мен түйсік-таным, пайымдауы мен ой жүйелеу қабілетін таразыға саламын.
Телефон шырылдайды. Трубканы көтерсең, арғы жағындағы аудан әкіміндегі жас маман: «Сізді әкім шақырып жатыр», дегенді айтады. «Не мәселеге қатысты шақырды екен, қарағым?» деген сұрағыңа: «Білмеймін, келсеңізші!» деумен ғана шектеледі әлгі қызметкер. Ал айтылған жерге барсаң семинар, не болмаса актив жиыны өтіп жатады. Осыдан соң кеңестік дәуірдегі осындай шақырулар мен шақыртушылардың әдебін еске алуыңа тура келеді.
«Саламатсыз ба, бұл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы пәленшемін, сізді аудандық партия комитеті ертең сағат пәлендей уақытта өтетін жиналысқа шақырады. Күн тәртібінде, мынадай мәселе қаралады», деп бүге-шігесіне дейін жеткізеді де, тағы да «Айтылған уақыттан 10-15 минут бұрын залға кіріп отыруыңызды өтінеміз», деген ескертпесін де айтады.
Мұндағы сауаттылық пен іскерлік қайда жатыр дейсіздер ғой. Бірінші кезекте өткізілетін іс-шараны бір күн бұрын әрі оның қай тақырыпта өткізілетіндігі жайлы айтып түсіндірілуінде. Бұл деген сөз – әдеп, мәдениет, іскерлік. Неге? Себебі сіз жиналыстың күн тәртібін білгеннен соң сол мәселеге жан-жақты әзірленіп барасыз. Сұрақ болса мүдірмейсіз. Бәлкім қосып айтар ортақ ойыңыз да бар шығар.
Бірде, бірде болғанда көп емес, осыдан шамалы ғана уақыт бұрын аудандық қоғамдық кеңеске есеп беруге келген аудан әкімдігінің дербес бөліміне жататын жерге қатысты білдей бір мекеменің жаңадан сайланған басшысы қоғамдық кеңес мүшелерінің аудандағы жекеменшік жайылым көлеміне байланысты қойған сұрағына жауап бере алмай қалды. Мұнысымен тұрмай, қолындағы жазбаға аудандағы ауыл әкімдіктерінің толық санын көрсетіп жаза алмағаны үшін тағы қысылды.
Бұл сонда қандай жауаптылық, қандай сауаттылық, қандай біліктілік пен іскерлікке жатады? Ол төмен қарап қағаз шұқылап тұрғанда біздердің көз алдымыздан Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіндегі: «Қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға...», деп нақпа-нақ айтылған сөйлем жолдары біртіндеп өтіп жатты. Ал қоғамдық кеңестің осы отырысына қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары болса әлгі қызметкер жіберген олқылықтың орнын толтырумен әлекке түсті.
Жастар – ел болашағы деп, олардың іскерлігі мен жауапкершілігі жайлы ойлап, үміт артып отырған тұста небәрі 60 мыңға жетер-жетпес ғана халық тұратын ауданда бір жылдың ішінде екі бірдей қызметкер парамен ұсталып, жауапты болды. Алдыңғы буын ағаларды осы мәселе ойлантпайды ғой дейсіз бе? Санаңа соққы. Осындайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Оқытасың. Жағдай жасайсың. Мәпелеп өсіресің. Ал кейбір жас кадр- ларымыз болса бұрыс кетіп, ұятқа қалдырады», деген өкініші есіңе түсіп, сай-сүйегің сырқырайды. Неге олай? Бойыңды тағы да сарсаң билейді. Баяғы «кадрлық резерв» мәселесі еске түседі.
Серікбай ТҰРЖАН, ардагер журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы