• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Ақпан, 2018

Рухани кемелдік

2265 рет
көрсетілді

Ғылыми әдебиеттерде «со­пы» сөзінің шығуына байланыс­ты екі жарым мыңға жуық анықтама бар деген деректер келтіріледі. «Сопы» ұғы­мы Пайғамбарымыз дәуі­рінен бұрын болған, дегенмен оның ішкі мәнін толтырған Ислам болды дейді ғалымдар. 

 

Сопылық ілімін зерттеу­ші ғалым, Мұхаммед Пайғам­бардың ұрпағы Идрис Шах Па­й­­ғамбар «сопылардың үнін естіп, «Әумин!» демеген­ Алла алдында аңғырт болып есептеледі» деген сөзін келті­реді. Бірқатар зерттеушілер сопы­лар Ислам ілімінің сыртқы «қа­бағы» ғана, ал мазмұны бар­лық діндерге, адамзатқа ор­тақ, Тауратқа, Інжілге бөтен емес деген де ойлар айтылады. Бірақ оның Ислам дінінің шын мағынасында рухани мәні бо­ла­тындығына талас жоқ деп түйеді мұсылман ғалымдары. Сопы­лар – нағыз тақуалық өмір салтын ұстанып, рухани кәміл­дікке ұмты­лушылар. «Өзін өзі мейлінше шектеп, фәни қызы­ғын, пенделік тіршілік қамын, жеке бас еркін тәрк етіп, бір ғана Аллаға жетуді мақсат етушілер» дейді «Ислам энциклопедиялық анықтамасы». Сопылар өздерін бауыр­ластар, дос­тар деп санап, табиғи қабілеттері ойлау мәде­ниеті мен дағдыларына қарай бір-бірін тез таниды, белгілі ұстаздар төңірегінде топталып машықтанған. Олар өркениетке VIII ғ. мен XVIII ғ. ара­лығында зор ықпал еткен. Сопылықты зерт­теуші ғалым Е.Э.Бертельс сопы деген кім деген сұраққа «Сопының жүре­гін­де түйткіл жоқ. Ол көсіліп сөйлейді, бірақ, сөз жоқ, ол бәрін көреді, бірақ көргені жоқ, ол тамақ ішеді, бірақ оның дәмін білмейді, онда беймазалық та, қанағаттық та, қайғы да, қуаныш та жоқ» деп жауап береді.

Сопылар дүниеқоңыздық, мақ­тан­шақтық, дарақылық, дәс­түрге бірбеткей табынудан, болмаса біреулерді асыра қас­терлеуден аулақ. Олар діни дәс­түрлерді ақылға жеңдіріп, қоға­мның әлеу­меттік үйлесімі, бір­лігі тұрғысынан құр­меттейді, пе­ріштелерді ізгілікті қасиеттері ашылған адамдар деп есеп­тейді. Низами жазғандай «ақынның көме­­кейінде асыл қазынаның кілті жасы­­рынған».

Сопылық ағымның қолдау­шысы, ұстаздарының бірі Қожа­насыр мол­ланың ұсынған рухани жетілу жолдары бүгін де құнды. Зерттеуші Идрис Шах та сопылыққа арналған еңбе­гінде Қожанасырға әдейі назар аударады. Оның ойынша, Қо­жанасыр ойдан шығарған дәруіш, кейіпкер. Ол туралы әң­гімелер Орталық Шығыста көп тараған. Егер үстіртін қа­ра­сақ, ол дәруіштер шайханаларында, керуен сарайларда, отбасыларында, бүгін радио мен теледидарда айтылатын әзіл-қалжыңның, әң­гімелердің кейіпкері ғана. Де­ген­мен, оның астарлы, терең ойға жетелейтін әңгімелеріне ғалымдар зор мән берген. Оның өткір әзіл-қалжыңы әлемнің көптеген елдерінде тарап, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, себебі оны мойындамауға, келіспеуге болмайды да. Мұсылман елдерін айтпағанда, бір-біріне жақын емес, әртүрлі дүниетанымдағы христиан қауымы мен коммунис­тер Қожанасырды мойындаған, ал Ке­ңес үкіметі оның басынан кешірген уа­қиғаларына фильм де арнады. Тіпті гректер Қожанасыр әзілдерін өз мәдени мұрасының бөлігі деп есептейді екен. 

Оның өмір сүрген жылдары туралы әртүрлі мәліметтер жа­зылуда. Қо­жанасырдың бұл өмірде басымен төмен қарай жүремін деген сөзіне сүйеніп, оның құлпытасындағы 386 ж. деп қайтыс болған жылын 683 жыл деген деп кері оқу керек деушілер бар. Екінші бір профессор, араб ғалымы цифр­лардың орнын ауыстырсақ 274 болады депті. Осылай сан түр­лі болжаулар айтылуда. Шын­дығында, оның кім бол­ғаны, қайда және қашан өмір сүр­генін ешкім дөп басып айта алмас, бірақ бүгін оның ойлары маңызды.

Сопылар рухани кемелдікке же­ту үшін адам өз бойындағы кесірлерден арылып, жақсы қасиеттеріне дамытуға тиіс дей­ді. Ал ойлау жүйесі қатып қал­ған, таптаурын қағидалармен өмір сүретіндер бұрынғы қара­пайым күйінде қала береді. Өзен­нен адамдарды қайықпен тасып күн көрген Қожанасыр жел тұрып, су тасыған күні өзін зор, басқаны қор санайтын ғалымсымақты өзеннің екін­ші жағасына алып келе жатады, арасында оны әңгімеге де тартады, сөзінде әдейі грам­­матикалық қателіктер де жібе­реді. Бұл сопылардың әдісі. Сонда педант Қожанасырға «Сен ешуақытта грамматиканы оқы­мап па едің?» деп сұрайды. «Жоқ», дейді молла. «Онда сен жарты өміріңді босқа өткізген екенсің», дейді педант. Сәл кідірістен кейін Қожанасыр «Сіз суға жүзіп үйреніп пе едіңіз?» деп сұрайды. «Жоқ. Неге сұрадың?» дегенде: «Онда сен қазір бүкіл өміріңмен қоштасасың, қайық суға батып барады», деп байсалдылықпен жауап беріпті Қожанасыр. Бұл жерде өз білетінін ғана бұлдайтын, ақиқат деп есептейтін, өмірге икемсіз, заманға бейімделе алмайтындар сыналып отыр.

Бұл ой келесі бір пікірта­ласта жалға­сады. Айтыс дәр­уіш­тердің кездесетін шайхана­сында болса керек. Монах шайханаға кіріп келіп: «Менің ұстазым адамдарға мынаны хабарлауға бұйырды. «Өз басы­нан әділетсіздікті кешірмеген адам оны өз басынан кешірген адам­дай қабылдап, оған көн­бесе, адамзат кемеліне келе­ді». Бұл сөздер лезде жинал­ғандарды таңғалдырады. Сон­да Қожанасыр былай дей­ді: «Менің ұстазым айтып отырған әділетсіздік шынында да әділетсіздік пе, әлде ол жасырын игілік пе? Көз жет­кізбей ешкімді де, ештеңені де жоққа шығармау керек». Қо­жа­насыр әркез қарапайым, тіп­ті ештеңеден бейхабар адам кей­пінде өз ойын осылай ортаға салып отырған, ал ойларының астары терең. 

Ақиқат күрделі, қарама-қай­шылық­тарға толы. Қадыр ақынның өлең жолдары ойға аралады:

«Бабамыз от басқан табанымен Бірдей екен жақсысы жаманымен. Бір жаманы-тынымсыз көше берген, Бір жақсысы – қимаған да­ла­ны кең», деп кете бере­тін ұлтымыздың бо­йындағы қай­шылықтардың таңғалар­лықтай үйлесіп жатқандығы соның көрінісі. Еркін ойлау қатып қалған стандарт­тармен, шектеулермен үйлеспейді. Ақи­қат белгілі бір уақытқа, ахуалға, нақты жағдайға байланысты, бірақ адамдар оны сезіне бермейді. Ақиқаттың шартты, салыстырмалы екенін, құ­былыстардың артық-кемін байқап барып пайымдамайынша, қоғам жаңғыруы мүмкін емес.

Қожанасыр сарайға шақы­рыла­ды. Патша оған өзінің қол а­стын­дағыла­рының жалған сөзге үйір екендігі туралы қын­жылады. Сонда Қожанасыр: «Тақ­сыр, ақиқат алуан түрлі. Адамдар оны тану үшін нақты шындықты меңгеріп барып, бірақ барлығын керісінше істеу керек. Нәтижесінде адамдар өздерінің ойдан шығарған ақиқаттарына ойланбастан сүйене береді, бірақ олардың жалған екенін де сезінеді», дейді. Патшаға әң­гіме тым күрделі көрінеді. «Құбылыс, оқиға не шын, не жалған болуы керек, дейді патша. Мен адамдарды тек шындықты айтуға міндеттеймін, осылай адамдар ойларын тура айтуға үйренеді». 

Ертеңгі күні қала қақпа­сының алдында дар ағашы жа­­сақ­­талып, жендеттер де да­йын тұрады. Жаршы: «Қалаға кір­ген әрбір адам ең алдымен патша әскеріне әділ, шын жауап беруі тиіс деп» хабарлайды. Қожанасыр қалаға бірінші болып кіреді. Әскери адам: «Сен қайда барасың, шыныңды айт, болмаса асыласың» дейді. Қожанасыр: «Мен дарға асыл­ғым келіп келе жатырмын», депті. «Мен саған сенбеймін десе», «Өте жақсы. Егер мен өті­рік айтсам, онда мені дарға ас» дейді молла. «Онда сен шын айт­қан болдың» дегенге, ол «Дәл солай, тек сендерше шын» деп­ті. Бұл мысал ақиқаттың таза шын, не таза жалған түрінде бола бермейтінін, адамның «қу­ланып», басқа жол тауып, түр­ліше айла-тәсілге баратыны туралы. Ақиқат бұйрықпен де санаға сіңбейді. Небір тамаша идеялар көпірме сөзге айналатынын, небір сұрқия идеялардың жалған салафизм сияқты «жаңашыл» болып көрінуге тырысатынын көріп те, біліп те жүрміз.

Идеологиялық тәрбие жұ­мы­сында қандай да құнды идея болмасын, адамдарды жалық­тырып қайталана берсе, өзінің алғашқы құндылығынан айы­рылады. Осы мәселеге байланыс­ты Қожанасырдың «Үйрек сорпасы» деген әңгімесі сабақ аларлық. Оған алыстан туысы сыйға үйрек әкеліпті. Қуанған Қожанасыр қонағымен бірге оны пісіріп жейді. Кейін оның үйіне адамдар үйрек әкелген туысының досымыз, досының до­сымыз деп келе береді. Бі­рақ ешқайсысы да сыйлық әкел­мейді. Тағаты кетіп шаршап отырғанда тағы да бір бө­тен адам келіп, «мен са­ған үй­рек әкелген туысқаныңыздың досының досының досымын» деп, тамақ дәметіп отырып алады. Сонда Қожанасыр оның алдына бір аяқ ыссы су қо­йыпты. «Бұл не?» деп сұраған қо­наққа: «Бұл менің туысқаным әкелген үйректің сорпасының сорпасының сорпасы», депті. Тағамның қазанда қайта-қайта қайнай берген са­йын дәмді әсері кететіні сияқты, жат­тан­ды сөздердің де қайталана бе­руі мәселенің мә­­нін жояды,­ қо­ғам­­ды­­ зе­­­рік­­­­тіріп мезі қы­ла­­ды. Рухы биік, озық ойлы адам ­ерекше қабілетімен бас­қалар сезбе­генді сезіп, адам­­дар ақы­­лының же­­тіл­мегенінің се­беп­­терін де біліп оты­­ра­­ды, жетілдіру жолда­рын із­дей­ді. Қожанасыр қайыр­шы бейнесінде бір бай­дың есі­гін қағады. Үй иесі терезе­д­ен кім келгенін көреді де, қыз­мет­шісіне «Мені үйде жоқ де», деп жауап бер» дейді. Бі­рақ­ оны үйде екенін тере­зе­­ден байқап қалған Қо­жа­­насыр айқайлап: «Өте жақсы. Ол ма­­ған ешқандай кө­мек жасамаса да, мен оған бір­ ке­­ңес бе­­рейін. Сен оған айт: «Келесіде үйден кеткенде, терезеде өз бетін қалдырмасын, біреулер ұрлап алар», депті.

Шыншыл Қожанасыр өткір әзіл­мен рухы жоқ, намыссыз, екіжүзді пенделерді сынап отыр. «Мен депутат емес кезім­де көп ойымды ашық ай­тушы едім, депутат болған соң аузым буулы, көп пікірім ішім­де өліп жатыр» деген бір де­пу­тат. Осылай азаматтық бет­­пердесі тұмшаланыпты, Қо­жа­насыр айтқандай «бетін ұрлап алыпты». Біздің заман рухы төмен, табан тірейтін ұстанымы жоқ адамдарды мансап билейтін заман ба? Жоқ, ұлттық рухтың өзегі, арқауы елді түгел аздыруға қай заманда да жібермеген. Дегенмен, олардың көбеюі үлкен қауіп туғызады.

Рух төмендігінің себебін Қо­жа­насырға байланысты тағы да бір мысалдан көреміз. Адамдар кейде рухани жетілуге жол іздеп жүріп, білмей, жалған беделге табынады, әртүрлі тео­риялық ағымдардың жетегінде ке­теді. Сөйте тұра өздерін шындық пен жалғанды айыра алатын қабілеттіміз деп, өз жалған тандауына сенімді жүреді. Көршісі Қожанасырдың тізерлеп отырып, бірдеңені іздегенін кө­ре­ді. «Не жоғалттыңыз? де­се, Қожанасыр «кілтімді жо­ғалттым» депті. Бір сәттен кейін «кіл­тіңізді қай жерде жо­ғалттыңыз», деген көршінің сұра­ғына: «Үйде» депті. «Он­да оны мына жерде неге іздейсіз?» десе, «себебі осы жер жарықтау сияқты», деген екен. Бұл астарлы әңгіме: кілт – ру­­хани құрал. Сопылар кейбір адам­дардың рухани азықты ең алдымен өз ата-мекенінен, дәстүрінен, мұрасынан іздемей, сырттан іздеп адасатынына меңзеп отырған. Шөлін мөлдір бұ­лақтан қандырмай, лай су ішетін жас­тар біздің заманда да баршылық. Әр­түрлі діни ағымдар тараған ортада дінге қызығушылық танытқан жастар бір ағымды таңдаудың алдында тұрады. Таңдауға көп­теген факторлар әсер етеді. Ол әлеуметтік ортаға, әртүрлі мұсыл­мандармен араласуы­на, имандардың беделіне, интернеттегі ақпаратқа байланысты. Сонымен бірге олардың тәр­биесінің, білім деңгейінің, отбасының, ата-аналарының, жұбайларының да орны бөлек. Айналып келгенде біраз жастар бөтеннің аруағына табынады.

Сопылар айтқандай, адам­дар кейде даналықтың ал­­тын кілті қолына рухани ізде­ніссіз келе салатындай көре­ді. Жалаладдин Руми рухани жетілу ізденіс, уақыт­пен­ келетіндігін айта ке­ліп, адам­­дарды қыс мезгіліндегі ағаш­­қа теңейді. Сырт көзге то­ңып тұр­ғандай көрінгенмен, ағаш қыс бойы өз бо­йына құнар­лы нәр, қорек жинайды да жазғытұрым бүршіктенеді. Адамдардың да өсіп жетілуі, парасат жолына түсуі ұзақ уақыттың жемісі.

Осы тұрғыдан Қожанасыр­дың алма туралы ойлары­ ерік­сіз назар аудартады. Шәкірт­терімен сұхбаттасу барысында әлемнің тұтастығы, о дүние мен бұл дүниенің байланысы ту­ралы әңгіме қозғалады. Қо­жа­насыр, «оны түсіну үшін аллегорияны, тұспалдап ойлауды меңгерулерің керек» десе, бір шәкірті «Сіз маған нақты мысалмен, айталық, жұмақтың алмасы туралы баяндасаңыз» депті. Қожанасыр шәкіртіне алма берсе, ол «бұл алма жартылай шіріген, көктегі алма мінсіз болу керек емес пе» деген. «Көктегі алма жемісі шынында да мінсіз» – дейді Қожанасыр – бірақ сен де, мен де мына руха­ни шіріген, бүлінген дүние­де өмір сүргендіктен және қабі­летіміздің шектілігінен де ешуа­қытта жұмақ жемісінің қандай екенін біле алмаспыз» депті. Күнделікті пенделік тіршіліктен жан тазалығына, ізгілікке, рухани жоғары дәрежеге жету жолдарын табу сопылық ілімнің не­гізі және ол алыс, ұзақ жол.

Жеке адамның да, қоғам­ның да сана­сының жаңаруы оның білімділігінің деңгейі мен адам­дардың ғылыми са­уаттылығына байланысты деген ой басым. Ол дұрыс та. Дегенмен, рухани кемелділік адамның тек интел­лект дең­гейіне қарап емес, іш­кі дүниесіне, рухани қа­сиеттерімен өлшенеді. Жаппай қырып-жоятын қаруларды жа­сағандар жоғары интеллекті ие­лері еді.

Әдетте адамдар дағдыға ай­нал­ған дайын үлгілерден, шаб­лонды ойлаудан аса алмайды, тіпті құлша еліктеуге үйренген, басқаша ойлай бермейді. Қожанасыр, мысалы, өмірде барлығы мызғымас себеп-салдар тізбегі арқылы алдын ала анықталып қойған дей­тін көзқарасты жоққа шыға­рады. Ол мынадай мысалға жүгі­неді. Тар көшеде келе жат­қан Қожанасырға үйдің шатырынан бір адам құлайды. Бі­рақ құлаған адамға ешқандай зақым келмепті, ал молла емха­надан бір-ақ шыққан. «Осы уақиғадан қандай қорытын­ды шығардыңыз?» деген шәкірт­терінің сұрағына ол «Адам шарасыз, тағдырдың бұйырғаны ғана болады деген ойдан аулақ болыңыз. Себептің соңынан күткендей салдар келе бермейді. Шатырдан құлаған адам­ның мойны үзіледі деген теориялық мәселеден аулақ болыңыз. Адам шатыр­дан құлады, бірақ оның емес, менің мойным үзілді», депті. Дағдыға айналған үлгі­лер­­мен ойлайтын адамдар сәтті өмір сүре де берер, бірақ айна­ласында болып жатқан көп жағ­дайларды сезбейді, демек ойы шектеулі, рухы төмен деген ой түйеді Қожанасыр. 30-­жылдары елімізде қуғын-сүргін, жаза көп болды, бірақ ол қылмыстың салдары емес еді. Бүгін қылмыс жасаушылар көп болғанмен біз күткендей әділ жаза бола бермейді. Заңға сенім болмаған елде халықтың рухы төмен болатыны белгілі. Дәлелдеуді қажет етпей­тін, ақиқат деп танылған қағи­даларды әрдайым іс-әрекетке, бас­шылыққа алуға болмайтынын Қожанасыр тағы да бір сұх­батында дәлелдейді. Қы­тай данасы Қожанасырға «әр адам өзін де бас­қаларға қоятын талап­­тарға сәйкес ұстауы ке­рек. Сенің жүрегің өзіңе тіле­мегенді басқаға да тілемеуі тиіс» депті. Дәстүрлі діндерге де, Конфуцийге де тән ортақ бір қағида барлығы белгілі: «Өзіңе жасамағанды басқаға жасама» деген. Қожанасыр қытайлық ойшыға: «Бұл ескертуіңіз өзіне тілегенді басқаға тілемейтін­дерді таңғалдырар. Тіршілікте адамның өзіне тілеуін досы түгіл тіпті дұшпанына тілемей­тін жағдайлар болады. Өзіне тіле­генімен бөтенге тілеуі үйле­се бер­­мейді, бір адамның ойын­ан шық­қан екінші адамның ойынан шыға бермейді» деп жауап беріпті. Адамдар арасында ақиқатты саралап, салыстырып барып қана танитын, заттар мен құбылыстардың бір-бірінен артық-кемін байқап барып таңдау жасайтындар аз да болса бар. Сондықтан, ақиқат – нақты, салыстырмалы. Тағ­дыр тәлкегіне түскен пенде өзіне өзі қол салуы мүмкін, бірақ басқаға оны тілемейді. Дағдыға сәйкес «жақсы адам» атану үшін әрдайым ережелерге сүйену әдепке жатпайды. Этикалық нор­маларды әркезде қажетке жарайды, мыңға бір дауа деп қабылдау орынсыз. «Бұл Алла әмір еткендіктен дұрыс емес, Алла бұл дұрыс болғандықтан әмір етті» деген ойдың төңіре­гінде та­лай пікірталастар туа­ды. Сопылық ілім таңдаған жол­ды негіздеу үшін бүгінгі дін­дегі буквалистердей Құран аят­тары мен хадистерге ойсыз, сөзбе сөз, дәлме-дәл, бір әрпін бұлжытпай орындаудан гөрі, қасиетті кітаптардың байлауларына, рухани мәніне, ақылға сүйенген жөн. Сопылардың мәтелі бойынша «жалған ақша шын ақша болғандықтан ғана көрініп жүр» деген. Жалған мұсылмандық ұлттың сау рухани организміндегі зиянды ісік тәрізді.

Біз бүгін сопылық ілімінің баға­сын бере алмай жүрген сияқтымыз. Әдебиетте кейде сопыларды шала сауатты, жөнді білім алмаған дүмше молдалармен теңейді. Шындығында, сопылар көбіне қалың көпші­лікпен тығыз байланыста болып, зор беделге ие болған. Дәстүрлі діни догматтарды сақтаушылар оларды өздеріне бәсекелес санағаннан кемсітуге ты­рысқан. Ал сопылық мәдениет қа­зақ даласына терең тараған, оның бір кө­рінісі Қожанасыр молланың халық жадында сақталуы.

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры