• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әдебиет 02 Ақпан, 2018

Марал Ысқақбай - бекзат суреткер

1384 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған жазушы ағам Марал Ысқақбайдың үлкенді-кішілі шығармаларын қайта оқыдым. Алды осыдан қырық-елу жыл бұрын жазылса да, еш ескірмеген. Ең бастысы – ол осы келелі де кемел шығармаларында өз басы мен кейіпкерлері қандай қоғамда ғұмыр кешті, қалай өмір сүрді, не бітірді, қандай адам екендіктеріне жақсы жауап берген. Нақ осы тұрғыдан келсек, ол алғашқы қадамдарынан бастап-ақ әдебиеттің өз адамы, төл қолтаңбасы айқын шебер, тілі таза, ділі дарқан батыл да бекзат суреткер. Алла тағала жомарт қабілет дарытса,  өз басың сол талантыңды түсіне бағалап, қадірлеп, қуатын барынша ашып, шуағын шашып пайдалансаң, жақсы шығарма тууы соншалықты қиын да емес. Алайда тұла бойы текті, сойы тәрбиелі суреткерге мұның өзі де аз. Сондықтан да шығармасын қарақан бас қамы үшін емес, халқы үшін жазғандықтан ол өмір мен өнердегі қайсы бір қадамында да батылдыққа барып, бекзаттық бітім танытып келеді.

 

Біз суреткер Марал Ысқақ­бай­ұлы­ның мұндай батыл бекзаттығын неден көреміз? Ол – біздіңше, түбегейлі та­қырып тауып, соны терең игеруде ғана емес, тәуелсіз игеруде. Бұл – яғни тақырыпқа әдебиет, өнер талабынан  келіп, келешектің талғамынан табылу. Ал бұл – нені жазсаң да, бұрын мың рет игерілген  кенді қазсаң да, жа­ңалық – маржан табу, таңдап алған тақырыбыңды: кейіпкердің сұлулығы мен сұмдығын да, өмірдің әділетсіздігі мен шындығын да өліп-өше күйіп-сүйіп жазу – жалын болып жану. Жай қағаз шимайтын жан болып қалмай, жүрек нұрыңды құйып, әдеби ерлік жасау – құрбандыққа бару.

Міне, осындай талап-талантпен, ша­­­быт-талғаммен жазғандықтан ба­тыл да бекзат суреткер Марал Ыс­­қақ­­­­байұлының әрбір шығармасы жен­тек-жентек кен рудасы болып қал­май, құрыш болып құйылған десек қателеспейміз. Жағымды кейіпкерлері еркек болып  туған қалпында қалмай, ер адамдарға, қыз-әйелдері ұрғашы болып қалмай, асыл анаға, арда аруларға айналса, ол бедерлеген от сезімдер де – жалаң нәпсі құштарлығы емес, мөлдір де маздақ махаббат болып түзілген. Ол бейнелеген тарих та тарихтың өткенге, өзі билік еткен кезеңге емес, «бүгін мен келешекке қызмет ететінін» (Әбіш Кекілбай) айғақтап, өлмес нар ұғымға, жарқын тағылымға ұласқан. Ол бейнелеген кешегі күндер мен  бүгінгі күндер де оқып біткен соң ұмытылып қалмайтын, жанды, жасампаз, оқыған сенің көкірегіңнен көшпей, өшпей өмір сү­ре беретін көркем  кешегі күндер мен бүгінгі күндер. Біз егер әрбір шын, шынайы шығарманың толайым жа­ңа, жазушы жүрегін жарып шығып жа­ралған жеке бір әлем екенін, оның өн ­бойында авторы бойында, сойында, ойын­да жоқ бірде-бір сөз, толқын мен өрт, әлеуметтік дерт пен суреткерлік серт кездеспесін ескерсек, Марал Ысқақбайұлының біз оқыған қайсыбір әңгімесі  мен повестері де, романдары мен, тіпті сын мақалалары да оның қашанда ар алдында табаны таймайтын, батыл, қандай да бір дар алдында да дірілдемейтін бекзат суреткер екенін көрсетеді десек жаңылмаспыз.

* * *

«Қазат құйқылжыған құс үнінен оян­ды. Күнде естілмейтін тосын үн бүгін неге құлқын сәріден ұйқы бұз­ғанын әуелде түсінген жоқ. Тәтті ұй­қысын қия алмай, маужырап жатып, құлағын сиқырлы әуенге еріксіз тос­қан. Бозала таңның сұлу көркіне таң­данып, талып түсіп отырған әнші құс таңдайын үсті-үстіне қағып, ішегін  ұзақ-ұзақ тартады. Ол үні ағыл-тегіл ән болып төгіліп, құлақ құрышын қан­дырады...».

Жазушының қазіргі күн тынысын ар­қау еткен «Ғашық боп көрмеген келін­шек» повесі осылай басталады.

Қазат, сөйтіп бүгін ерте оянды. Бұ­ған себеп – курортқа келгендігі, Ыс­тық­көл бойының бозала таңдағы керемет көркі, соны жырлаған құстың құйқылжыған әні ғана ма? Жоқ. Жүре­гіне ғашықтық оты түскендіктен. Ал ға­шық болып қалған адамға – көрік­ті та­биғатты айтпағанда, күллі дүние сұлу.

Өзгелерде ұшыраспас бір бөлекше тар­тымдылығы, «сиқыры» бар сұлулар болады. Бір көргеннен  ұнату өз алдына, ғашық боп қаласың. Қырғыз келіншегі Бүбия нақ сондай сұлу сияқ­ты. Мұндай сұлулықты мөлдіретіп жеткізу үшін жазушыға шын шеберлік, бекзат суреткерлік керек. Осыны аңғартатын бір-ақ деталь-үзіндіні алға тарталықшы:

«–Қызықсың сен, Бүбия. Өзің оны сүй­меймін дейсің. Сөйтіп отырып  абыройын ойлайсың.

– Неге ойламайын. Балаларымның әке­сі емес пе ол! Шаңырағымның иесі емес пе?

– Өне бойы ел көзінен жасқанып жүретінің де сол Ермек үшін бе? 

– Ермек үшін де, өзім үшін де. Ар­тық сөздің маған керегі не? Бала-ша­ғам бар, ағайын-туған бар, жолдас-жорам бар – солардың көзіне тура қа­рауым үшін бойымды бақпасам, кім бол­ғаным?!».

Мынадай адамгершілік иесі, мынадай мәдениетті әйелдің сұлу болмауы мүмкін бе?

Біз аталмыш повесте нақ осындай сұлу­лықпен танысамыз. Ол ғана емес, маздақ та мөлдір, жұмбақ та қымбат махаббатпен табысамыз. Бүбия да сымбатты, ең бастысы – жаны бай, сұлу, бекзат Қазатты бірден ұнатып қалады. Екеуінің де жұбы бар, қос-қостан балалары бар. Қазаттың әйелі Мәрзия жақсы адам болса, Бүбияның күйеуі Ермек те  кемітетін жаман жігіт емес. Айырмасы – Қазат Мәрзияға сүйіп қосылса, Ермек Бүбияны енді бойжеткен кезінде алып қашып кеткен. Сүйіп қосылмағандықтан ол ғашықтықтың не екенін  әлі білмейді.

Екеуі бірдей: Қазат та, Бүбия да жүрек­теріне тоқтам салғанмен, болмады. Бірін көліктен опат «болуға», бірін өмірден өлердей опық жеуге жет­кізбей, тағдыр  табыстырды. Бүбия енді – ғашық боп көрген, махаббатты бас­тан өткерген келіншек. Алда не күтіп тұр? Оны әл-әзір  бұлар білмейді, Құ­дай біледі.

Жазушы Марал Ысқақбайдың екін­ші бір ерекше  туындысы  «Жойқан төбе» романының қаузаған тақырыбы – тарих: әйтеуір тарих емес, нақты, шы­найы тарих. Дәлірек түстегенде, 1398 жылы атақты Ақсақ Темірдің өмі­рінің соңғы кезінде жасаған жойқын  жо­рықтарының бірі – үнді жерін қан-қа­сапқа ұшыратып, Дели қаласын жау­лап алуы.  Мұны нысана ете отыра оған керегі – осы жолғы  сұрапыл со­ғыс қимылдары, әйгілі шайқастың та­рихтағы орны, әйтпесе теңдессіз қол­басшы Әмір Темір Көрегеннің ақыл­дылығы, көптен озған қасиеттері де емес, ол жасаған осы жорықтардың адамгершілік тұрғыдан алғандағы шын мәні мен  біздің  бүгінгі  күнімізге де аса қажетті сабағы. Яғни мұндай та­рихи оқиғаға ол Ақсақ Темір – өзі­міздің  барластан тараған, түріктен шық­қан сайыпқыран ғой деп саралайтын, өресі тар өзімшіл надандықтан қол үзіп, саясаттан да тыс,  парасатпен етене, адамзатқа ортақ ақиқат, әділ­дік өлшемінен саралайтын бек­заттық суреткерліктен табылған. Бұл мақсатына жету үшін ол Ақсақ Темірді емес, оқымысты-шежіреші әрі ақын Ғиясты басты кейіпкер етіп алған.

Сонымен бұл романдағы  барлық оқи­­ға, орда қам-қарекеті,  ел мен жер­ тағдыры, ой мен сезім, бәрі-бәрі Ғияс ақын көзімен беріледі. Ол ақын бол­ғандықтан да мына жорық жайы­на, қаты­гездікке, әсіресе бейбіт халықтың жа­зықсыз қырылуына селқос, енжар қарай алмайды. Ал тарихтағы іс жүзінде ғұмыр кешкен шежіреші Ғиасадин Әли­дің Ақсақ Темірді асқақтатып, бір жол сын айтпай, күдіктенбей, бар­лық іс-әрекетін ақтап-мақтап, ұлы жи­һангер етіп дәріптегеніне дау жоқ. Бірақ ол шеңберден шыға  алмаса, қанішерлікті жақтаған жазушының қанқұйлылардан несі артық? Біздіңше «Жойқан төбенің» тарихи тұрғыдан да, көркемдік  келеден де  ең мықты жері – шындыққа қиянат жасамауы; жорық кезінде және одан кейін болған оқиғалардың өрбуін, өршуін, сабақтастығын, деректерін сақтай отырып, шын сырын, сұмдықтарын қалтқысыз ашуында.

Мына өмірде әділетсіздіктердің де ая­сына сыймайтын сұмдықтар да болады екен. Мұндай жағдай, әсіресе адам: бұл жерде ол – әрине Ақсақ Темір – өзін  өлетін пенде емес, екінші Алла тағала сезіне бастағанда орын алатыны онша дәлел тілемесе керек. Сондай сұм­дықтардың біріншісі – жүз мыңнан ас­там қарусыз Синд тұтқындарын қырып тастау. Екінші ерекше сұмдық – дау жоқ, Делиді алу үшін болған ала­пат шайқас. Әңгіме бұл соғысқа екі жақтан екі жүз мыңдай адам бір мез­гілде қатысып, тұңғыш рет пілдер ара­ласып, «зеңбіректер» оқ атып, адам қаны суша төгілуінде ғана емес. Ол – «екі жақтың да би­леу­шілері мен негізгі күштері бір нәсілден тараған, тілі де, діні де ортақ түріктер», мұсылмандар болуында. Ақсақ Темір он жерден «Құранға» құптатса да бұл соғыстың Алла таға­ланың ақ жолына ешқашан қоңсы қонбасы дәлел  тілемейді. 

Үшінші  сұмдық – мұны тіпті сұм­­дық деген сөз де  жеткілікті бей­­­нелей алмайды, бұлардың осы со­ғыстың алдында Луни түбінде қырып салған бейбіт 100 мыңнан астам тұт­қындардың бастарынан төрт қырлы төбе тұрғызуы. Сол маңдағы ең биік қырқа үстіне күншілік жерден көзге шалынардай етіп адам бастарын үю. Ақсақ Темірден үнді жерінде қалар ең басты белгі. Ол мұның алдында  оншақты жыл бұрын – 1387 жылы Исфаһанды басып алғанда 70 мың адам­ның басынан 12 мұнара тұрғызса, мынау содан асқан сойқан. Жазушы Марал Ысқақбай романға тақырып еткен «Жойқан төбеңіз» де – міне, осы төбе... Қысқасы, даңқы жер жарған Ақсақ Темірдің артында қалған ең басты іс – ескерткіш те осы.

Марал Ысқақбайдың «Жойқан тө­бе» романынан кейін мен Ақсақ Те­мірдің шын мәнінде кім екенін білдім. Естіп, оқып жүргеніміз – ақиқаты көп шы­ғар, аңыз, асыра мақтау, Ақсақ Те­мірді қолдан жақсы адам жасап, идеал­дандыру екен. Ол – іс жүзінде есі­рік (қанды көп төккен, көрген адам есірікке ұшырайды) ауру адам екен. Атақты жиһангер, ұлы қолбасшы, ақылды екеніне, оның тарихтың дамуына  үлкен әсер етіп, тіпті бағытынан бұрып та жібергеніне күмән  жоқ. Әсіресе оның Тоқтамыс ханды, Баязит сұлтанды, Ер Едігені (әрине соғыста) жеңіп, Алтын Орданы құлату арқылы болашақ озбыр орыс отаршылдарына жәрдемдесіп, даңғыл жол ашып беріп, түркі-қыпшақ бабаларымызға, тіпті бүгінгі мына біздерге орасан зор тарихи  зиян-зардап келтіргені сәл де айғақ-дәлел тілемейді. 

Тұтас қарастырғанда суреткер Ма­­рал Ысқақбайдың  творчествосын­да мазмұны нәрсіз, айтары әрсіз, көр­кемдігі әлсіз дүниелер жоқтығын айт­пағанда, басты емес, күллі қазақ әде­биеті аясынан келіп шолғанда да осал, ортақол шығармалар жоқтың қа­сы. Қай-қайсысы да айтары жөнінен жа­ңалық, көркемдік келбеті жөнінен да­ралық білдіретін дарқан дүниелер. Мы­сал үшін «Ғажайып бала», «Пенде ғұ­мыр» романдарын алайық немесе «Қырық қыз», «Таң атарда», «Кө­ңіл жұбанышы», «Кезек дүние» по­вестерімен танысалық – міне, осындай бітім-болмысты, білікті прозашылық даралықты, талғампаз сыншылық саралықты көреміз. 

Біз мақаламыз барысында­ биік парасатты прозашы Марал Ысқақбайдың шығармаларынан бірнеше рет  деталь: оқиға, сурет, мінездеме, кейіпкер сөз­­дерін дәйек ретінде ұсынсақ, со­лар­дың бәрі дерлік ең кемі қос қа­бат­ты, алуан астар-ажарларға ие, жазу­шы­ның реалистік шыншылдығын, бай­қа­ғыштығы мен шеберлігін аңғартып қана қоймайды, автордың айтқанына қоса айтпағынан да, шығармасының не­гізгі идеясы мен автор концепция­сынан да жақсы хабар береді. Жазу­шының аса үздік туындысына жата қой­мас «Таң атарда» повесінің бас кейіп­кері Ерубайдың «Бүгінгі бейбіт, тоқ күндерде өмір сүрудің өзі – бақыт» де­генге саятын соңғы сөз-байламын ес­ке түсірелік. Осы қорытынды ой-та­ғы­лымды соны айтып отырған Еру­байдың бастан кешкенімен және жа­зушының осы повесімен идеялас, са­бақтас басқа да шығармаларымен са­лыстыра отырып байыптасаңыз, керуен-керуен ой-таным, сезім-тағылым әлеміне шым батып кете барасыз. Өйткені бақыт  ұғымы өте кең, жан-жақты, ал Ерубайдың бізге білдіргені – небәрі бір қыры ғана. Осыған орай сұңғыла сыншы,   саңлақ суреткер, кемеңгер Әбіш Кекілбайдың керемет танып-тауып айтқан, Марал Ысқақбайдың «Таң атарда» повесінің ғана емес, барлық творчествосының алтын арқауы, Темірқазығы іспеттес мына бір сөздеріне еріксіз бас иесің: «Адамның пенде болмаққа да, Құдай болмаққа да хақысы жоқ. Адам адам болып қалуы керек. Басына бақ қонса да,  іс түссе де  адамдығынан айнымауы керек. Ысқақбай творчествосының  ұқтырары – осы. Шын әдебиет, шын өнердің ұқтырары осы».

Атақты американ жазушысы­ Тео­­­дор Драй­зер дәл тап басқ­ан­дай,­­ әдебиет қана абзал адамды ­– қай­­раткерді қа­лыптастырады. Әри­не бұл жерде шын әдебиет, шынайы шығарма тілге тиек етіліп отыр­ғаны өзінен-өзі түсінікті. Ал қазақ қаламгері Марал  Ысқақбай – міне, осы  жер бетіндегі ең мәртебелі мін­детке шынайы шығармалары ар­қылы үлкен үлес қосқан суреткер. Ал­дағы уақытта да үлес қоса беретін бек­зат қаламгер. 

Бақыт  САРБАЛАҰЛЫ