«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мәжілісі өтіп, оның жұмысына саяси кеңес, бюро мүшелері, партиялық бақылау-тексеру комиссиялары, аудандық және қалалық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, өңірдегі департамент, басқарма басшылары қатысты.
Кеңесте облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Аңсар Мұсаханов саяси кеңес мүшелері мен партия белсенділері сайлауалды тұғырнамамен танысып, оны талқылауға белсене қатысуына назар аударды. Жаңа заманның талабына сай тұғырнамада алдағы бес жылдың негізгі тоғыз шешуші бағыты ұсынылған екен.
«Нұр Отан» ХДП сайлауалды халықтық тұғырнамасының жобасы туралы» партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерғазы Қошамбеков баяндама жасап, өткен мерзімдегі атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жарыссөзге шыққан Панфилов ауданының әкімі, «Нұр Отан» ХДП Панфилов аудандық филиалының төрағасы, саяси кеңес мүшесі Ермек Келемсейіт, Қапшағай қалалық білім, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бастығы Рысалды Ешімова, партия мүшесі, Талдықорған қалалық ауруханасының хирургі Жеңіс Ахметбеков, «Жар су» компаниясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты, партияның Іле аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Усейн Қасанов, партия мүшесі, Өтеген батыр кентіндегі №13 орта мектеп директоры Ғалия Нәдірбекова, тағы басқалар партияның саяси жетекшілігімен атқарылған жұмыстарға баға беріп, өз міндеттеріне қатысты қол жеткен табыстарға кеңінен тоқталды және партияның сайлауалды тұғырнамасының бағыт-бағдарын саралап, алдағы уақытта атқарылар жұмыс жүйесіне қатысты межелерді айқындады.
Жиналғандар алдында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов бүгінгі жаңарған қоғамдағы қалыптасқан саяси және қоғамдық ахуал жайлы ой өрбітті.
Отырыста «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІV съезіне баратын делегаттардың тізімі жарияланып, партия мүшелерінің қолдауына ие болды. Енді партия өз беделі мен сенімі нәтижесінде халықтың қолдауын иелену үшін білек біріктіріп, жұмыстарын жалғастыратын болады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.