Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне өткен жылы 1 090 755 адам келіпті. Оның 18 345-і шетелдіктер. Жалпы киелі қалаға келген қонақтардың басым бөлігі Үкаша ата, Жүсіп ата, Гауһар ана кесенелеріне және Сауран қалашығына атбасын бұрады екен.
Елімізге келген қонақтар ұлттық ерекшелігіміз бен мәдениетімізді көргісі келетіні анық. Шетелдіктердің барар елі жөнінде алдын ала жан-жақты мағлұматтар жинақтап, сапарын жоспарлайтыны және мәлім. Бұл орайда, Әзірет Сұлтан кәсіпорнының интернет жүйесіндегі сайтында тиісті материалдар үш тілде орналастырылған. Сонымен қатар мәдени ескерткіштерге байланысты үш тілде кітапшалар шығару, туристік агенттіктермен бірлесіп жұмыс істеу күн тәртібінде тұр. Сауран қалашығын да туристік айналымға қосу үшін келушілерге қызмет көрсететін орталық ашылмақ. Ол орталық қазақтың этноауыл стилінде құрылып, музей мамандары, гидтер отыратын, қазақтың қолөнер бұйымдарын, ұлттық тағамдарын көрсететін киіз үйлер тұрғызылмақ.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ бағдарламалық мақалада айтылғандай, Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру маңызды. Бұл орайда, бүгінгі таңда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба бойынша «Қасиетті Қазақстан» орталығы 100 киелі жердің республикалық тізімін жасады. Тізімге «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бірқатар нысандары енді. Олардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи, Рабия Сұлтан бегім, Есім хан кесенелері, Қылует жерасты мешіті, Күлтөбе, Жылаған ата, Үкаша ата мазары мен құдығы, Гауһар ана кесенесі, Сауран қалашықтары бар. Сондай-ақ осы тізімге Қожа Ахмет Ясауидің анасы Қарашаш ана мен әкесі Ибраһим атаның мазарлары да енгенін айтқым келеді. Ендігі басты міндет – киелі жерлерімізді кеңінен насихаттап, туристерді тарту.
Биыл «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Елбасы өз еңбегінде атап көрсеткен киелі мекендерді және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, көшпелі көрме, экспедиция ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру мақсатында Өзбекстан, Франция елдерінде көрме ұйымдастыру жоспарда бар. Түркия мемлекетіндегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы қорлар, ғылыми мекемелермен байланыс орнатуды алға қойып отырмыз», дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейдің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Иә, қазақ халқының ғасырдан ғасыр асырған құнды ескерткіштері мен тарихи мұрағаттары – тек еліміздің ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосушы жәдігерлер. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Бұл олардың Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін маңызы зор мәдени-тарихи нысан екендігінің бірден-бір айғағы.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы «мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар» екенін атап өтті. Сондай-ақ мақалада мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру қажеттігі, мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал екені айтылды. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі аумағында орналасқан барлық ескерткіштерге орнатылған штрих-кодтар арқылы келуші туристер қажетті мағлұматтарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ала алатынын айта кетелік. Сонымен қатар барлық ескерткіштер бойынша 3D-тур виртуалды жобасы іске қосылған. Яғни қай елдің азаматы болсын қорық-музей сайтынан әлемнің төрт бұрышынан 3D-тур арқылы ескерткіштер туралы толықтай ақпарат алуға, ішін аралап көруге мүмкіндігі бар.
Қожа Ахмет Ясауи қорық-музейінде жерленген хандар, сұлтандар, батырлар және билер тізімінің электронды форматы жасалған. Олардың қысқаша өмірбаяны, тарихтағы алған орны, басқа да тиісті ақпарат енгізілген. Бұдан бөлек, тарихи-мәдени қорық музейінің офистік ғимаратының қабырғасына және билет сататын касса ғимаратына орнатылған «жүгіртпе жол» арқылы жұмыс істеу кестесі, өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат келушілерге ұсынылып отыр. Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, бұл цифрлы форматтағы қызмет көрсету түрлері Елбасының басты құжаттарында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында қолға алынып отырған игі шара.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»