«Ысырапшыл дәстүрден арылайық!» деген мақаланы («Егемен Қазақстан», 08.12.2017 жыл) оқып отырып, ой орамынан шыға алмай қалдым. Неге десеңіз, жерлеу рәсіміне кететін шығынды есептесеңіз біраз келеңсіз жағдайға тап боласыз.
Ертеректе Ислам дінінен хабары бар бір кісінің айтқан әңгімесі осы күнге дейін жадымда. Көршісінің әкесі қатты ауырыпты. Дімкәс әкесін қаратуға дәрігерлер мен емшілерге жүгінеді. Еш нәтиже болмаған соң әкесінің ауруы дендеп қайтыс болады. Әкесін соңғы сапарға шығарып салу үшін баласы қатты қиналады. Діндар көршісінен ақыл сұраудың орнына, бәленбай жердегі ту биені жеткізу, қалаға барып мәуе – жеміс-жидек, тағы басқа заттарды әкелу, екі-үш қазан күріш басу, есіктің алдынан ұзына бойы бірнеше қатар дастарқан мәзірін дайындау, жыртыс, шапан жабу, тағы сондай көптеген таусылмайтын жоралғыларды тауып, қазаға келген кісілерді құрметтеу рәсімімен айналысып кетсе керек. Әлгі бала қаза болған әкесін мың сан жұмыспен жүріп ұмытып кетуге шақ қалады. Ал діндар көршісі азалы үй иесіне осының барлығы бекер, ысырапшылық деп түсіндірумен әлек. Марқұмның баласының уәжі «Әкемнен немді аяймын» деп қарызға белшесінен батқан.
Сарыағашта тұратын құдағиымыз қайтыс болды. Сонда бір байқағаным, сырттағы ошақта үлкен қазан төңкерулі тұр. Алыстан келген біздерге жаназаға дейін біраз уақыт барын ескеріп, көршісінің үйінде жеңіл дәм бергізді. Жаназадан кейін Құран бағыштап елге қайтып кеттік. Елдегілерге осы көргенімізді айтып ек, теріс көрмей құптады. Қайсыбір жылдары елді мекендерде ысырапшылдыққа жол бермеу жөнінде бастамашы болдық. Өзіміз қатысқан Арыс қаласының іргесіндегі Сырдария елді мекенінде азалы үйдің иесі ас-су берместен, жыртыс, шапан жаппастан, ата телім үлестірмей, тамақ бермей-ақ марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанымыз естен кете қойған жоқ. Біздің байқауымызша, жыртыс үлестіру, тамақ беру, тағы басқа жоралғы жасаумен тынса бір сәрі. Көбіне олай бола бермейді. Жұрт азалы үйдің иелерін құрметтеп, берген асын толығымен тауысып ішсе мақұл. Керісінше, бір-біріне дауыс көтеріп сөйлеу немесе ыржыңдап бір-бірін мұқатып отыруы ерсі екені даусыз. Одан да тамақ ішпей-ақ, жыртысқа таласып, дауға айналдырмай-ақ азалы азаматтарға көңіл айтса жетерлік болар еді. Бұл сауаптың үлкені болмақ. Болмашы дүние жүрген жерде сөз қабаттасып жүретіні екі бастан белгілі. Азалы үйге үлкен ауыртпалық түседі. Соны біле тұрып, өсімге ақша алып қиналғанша, марқұмға азын-аулақ дастарқанға құран бағыштасаң да жетеді емес пе! «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз шындыққа келіп тұрған жоқ па!
Жаңабай ЕРКЕЕВ, зейнеткер
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Арыс қаласы,
Сырдария елді мекені