«Жазайын мына сөзді
Мүтәллапқа,
Тараған абыройы шартарапқа.
Ағашы ат байлайтын
Солтүстіктің,
Тапсырдым сені, қалқам,
жеті аруаққа»,
деп қазақтың жыр дүлділі Ғафу Қайырбеков ағалық ақадал қошеметін білдірген Мүтәллап Қанқожин бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Ақ қайыңдар аралы» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрген ақынның «Қара қанат түн аспанды жаппаса, Ерке қыздай жұлдыз жымың қақпаса. Назды өлеңдер сылқ-сылқ күліп ақпаса, Ақ қайыңдар шашқа шолпы тақпаса, Мен ақын боп тумас ем» деген шынайы сезімнен туған лирикалық топтамаларын оқырман қауым жылы қабылдаған болатын. Өлең өлкесіне өрлей жүзген оның қадамына Ғабит, Сәбит, Сафуан сияқты нар тұлғалы ағалары сәт сапар тілеген. Содан бергі мерзімде 15-ке жуық кітабы мен публицистикалық ой-толғамдарын жұртшылыққа ұсынған абыз ақсақалдың ақындық және азаматтық тұлғаларын бір-бірінен бөле-жару мүмкін емес. Ол тележурналист ретінде де қоғамның көкейкесті мәселелерін тамыршыдай тап басып, ащы шындықты бүкпесіз жаза білді. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағаларының бірі ретінде ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде орнығуына, кең өріс жаюына, тәуелсіздік тұғырының беки түсуіне үлкен үлес қосқан қайраткер, ұлт жанашыры ретінде де жерлестері әркез құрмет тұтады. Абылай ханның ақ үйі секілді киелі орданың сақталып қалуына, Мағжан есімінің қайта оралуына теңдессіз үлес қосты.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Мүтәллап Қанғожиннің 80 жасқа толу құрметіне арналған әдеби кеш С.Мұқанов атындағы сазды-драма театрында өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Дүйсенбайұлы мерейтой иесін аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтап, алғыс хат табыс етті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, еңбек ардагері Құдайберген Қалиев, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов, «Қызылжар» телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов Мүкең жайлы тебірене сөйлеп, сый-сияпаттар жасады.
«Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Жақсыбай Самрат Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын оқып беріп, иығына шапан жапты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы