• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2011

Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!

895 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Солтүстік Қазақстан облысы Дайындық ауылынан фоторепортаж беріліп отыр.  

ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ!

90-шы жылдары Ленин кеңшарының бөлімшесі саналып келген Дайындық ауылы 11 миллион теңге қарызға белшеден батқанда басқаруға ешкімнің жүрегі дауаламады. Тұрғындар ауылдың болаша­ғы­нан күдер үзіп, жан-жаққа кете бастады. Үйлер қаңырап, түтін саны 38-ге дейін құлдырады. Біржан Шәймерденов басшылыққа осындай сын сәт­те жерлестерінің өтінішімен облыс орталы­ғын­да­ғы қызметі мен жайлы пәтерін тастап келді. Содан бері арада 15 жыл өте шықты. Осы жерде бір кездері тараудың аз-ақ алдында қалған елді мекен болды дегенге сену қиын. Дайындық адам танымастай өзгеріп, үлгілі ауылға айналды. Ал Біржан құрған осы аттас серіктестік Қы­зыл­жар өңіріндегі іргелі шаруашылықтың бірі сана­ла­ды. Машина-трактор паркі түгелдей жаңарып, соңғы жылдары ғана 12 «МТЗ -82» тракторы, 4 «Джон Дир» комбайны, 2 себу кешені, кең алымды жат­ка, дәрішашқыш сатып алынды. Сөйтіп, озық агротехнологиялар кеңінен қолданылатын болды. Егіншілік мәдениетін жақсарту бағытында жақ­сы тәжірибелер қалыптасқан. 850 гектар астық­ты алқап 10 есеге дейін ұлғайып, жыл өткен сайын шығымдылық артып келеді. 2009 жылы гектар берекесі 34 центнерді құрады. Былтырғы қуаң­шылық­тың өзінде 17 центнерден өнім алды. Биыл 39 цент­нерден айналып, облыста жарыс көшін бастады. Қазір Дайындықта 58 түтін бар. Осы жылдар ішінде Мәдениет үйін жөндеуге 5,5 миллион теңге жұмсалды. 7 миллион теңгеге мешіт салынды. 2,5 миллион теңгеге серіктестік кеңсесі, 12 орынды монша, ФАП бой көтерді. Кітапхана қайтадан жұ­мыс істей бастады. Әлеуметтік-мәдени ны­сан­­дар жиһаздармен, қажетті құрал-жабдық­тар­­мен толықтырылды. Былтыр Моңғолиядан көп балалы отбасыларды алдырып, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етті. Олардың 11 баласы сабаққа барып жүр. Сөйтіп, негізгі мектеп мәр­тебесін сақтап қалды. 90 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы 80 мың теңгені құрайды. Жуырда өз күштерімен 4 үй салып, көп балалы отбасыларды қоныстандырды. Біржан Әбділманұлы мектепке деген қамқорлығын еш аяған емес. Ғимаратты күрделі жөндеуден өт­кізіп, жеңіл көлік сыйлады. Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. 500 мың теңге бөліп, шағын орталық ұйымдастырды. 250 мың теңге қарастырып, өрт дабылын орнатты. Кешегі қан майданнан оралмаған боздақтар мен бейбіт өмірде еңбек етіп, қайтыс болған 97 адамның аты-жөндері жазылған еңселі ескерткіш орнат­ты. Оның жаны саябаққа айналдырылып, ағаш көшеттері егілді. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында ЖШС-де еңбек ететін 10 озат жұмысшыға 50 пайыздық жеңілдікпен жеңіл көлік әперілсе, содан бергі кезеңде ондай құрметке бөленгендердің қатары 50-ге жетті. Биыл 20 жылдық мерейтойды өз сән-салтанатымен атап өту мақсатымен қомақ­ты қаржы бөлініп отыр. «Дайындық» ЖШС 2002 жылдан бері банктен несие алып көрмепті. Істің көзін тауып, ұтымды ұйымдастырудың арқасын­да берешектен толық құтылып, енді егіншілікпен қатар етті мал шаруашылығын да өркендетуге бет бұрған. Соған орай шаруашылықтың 40 миллион теңге қаражатына Шығыс Қазақстан, Қос­та­най облыстарынан 230 бас қазақтың ақбас сиырын әкелген. Оларды аукцион арқылы сатып алынған канадалық етті герефорд бұқаларымен шағылыс­тырмақ. Ондағы мақсат – етті мал басын 400-ге дейін жеткізіп, асыл тұқымды репредуктор шаруа­шыл­ық мәртебесін иелену. Мұнда құнарлы жем-шөп қорын жасау ісі де мұқият ескерілген. 300 гектар жерге көпжылдық шөп егіледі. Мал шаруашылығы үшін Қытайдан жүк тиегіш, АҚШ-тан орама шөп тайлағыш жеткізілген. Францияға «Маниту» атты ондаған операцияны бір өзі атқаратын техникаға тапсырыс беріп қойыпты. Біржан атбегілікпен де айналысады. Серіктестіктегі арғымақтардың дені – ағылшындық тұ­қым­дар. Айман атты желмен жарысқан сәй­гүлік талай бәйгелерде топ жарып, 11 жеңіл көлік пен 3 миллион теңге ұтып алған. Міне, қаладағы жылы орнын ауылға ауыстырған ол бір кездердегі қиын­дықтарды еңсеріп, бүгінде ел азаматына лайық өз орнын тапқан. _____________________________ Материалдарды ұйымдастырған «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ.