• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Ақпан, 2018

Жауынгерлік өнер жандана бастады

974 рет
көрсетілді

Садақ ату ежелден келе жатқан жауынгерлік өнер. Соңғы жылдары елімізде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының мұрындық болуымен Жамбы ату федерациясы құрылып, нәтижесінде өткен жазда «Алтын жебе» атты халықаралық турнир елорда төрінде жалауын көтерді. Қазіргі таңда осындай этникалық садақ ату спорты Корея, Жапония, Түркия, Моңғолия қатарлы елдерде жақсы дамыған. Тіптен түрік ағайындар садақ атуды халық болып айналысатындай бұқаралық спорт дәрежесіне жеткізіп отыр.

Қазіргі таңда түрік садақшыларының әдіс-тәсілін әлем үйренуде. Мұндай түркілік игіліктің кең өріс алуына жол ашып отырған Анкарадағы Юнус Эмре институты. Жақында аталмыш институттың елордадағы өкілдігі мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы келісе отырып, Астана төрінде этникалық садақ ату курсын ашты.

«Мұндағы мақсат – түрік бауырларымызбен бірлесіп, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай халқымыздың генетикалық ептілігін ояту және ұлттық кодын жаңғырту», дейді ҰСТҚ-ның вице президенті Ерлен Оспанов мырза.

Осы орайда, жоғарыдағы шараға ұйытқы болып отырған мекеме түркиялық Юнус Эмре институтының Астанадағы өкілдігі директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина ханымға жолығып, мән-жайға жете қанықтық.

– Этникалық садақ ату спорты әлем халықтарына ортақ мұра десек те, осы бір жауынгерлік өнер­дің ұшар басында түр­кілер тұрғаны ежелгі тарихтан белгілі. Зерттеушілердің пікі­рінше, адамзат тарихында алғаш рет садақшылар (мерген­дер) қосынын дүниеге әкел­ген ғұндар дейді. Біздің ата-ба­баларымыз ғұндардың тіке­лей мұрагері екенін ескерсек, этникалық садақ ату өнері қа­зіргі түрік халықтарын түп та­мы­­рымен табыстыратын идео­логиялық үрдіс, – деді Алмагүл Тұрғанбекқызы.

– Алмагүл ханым, сіздің пікіріңізше, этникалық садақ ату өнері халқымызды түркілік бірегейлікке бастайтын жол бол­ғаны ма?

– Әрине. Түркияда этникалық түрік садағын жаңғыртуды мақ­сат еткен Садақшылар қоры деген бар. Қордың құрметті төрағасы Билал Ердоған. Осы қор Юнус Эмре институтымен бірлесіп «Кеманкеш» (садақ­шы) деп аталатын жобаны жүзеге асыруда. Қазірдің өзінде жоба­ның алғашқы сатысы ретінде – өткен жылдың қараша-жел­тоқсан айларында Ыстанбұл қала­­сында халықаралық тренинг өтті.

Оған Германия, Босния-Герцоговиня, Марокко, Палес­тина, Иран, Жапония, Катар, Қазақстан, Кипр, Ливан, Малай­зия, Мысыр, Польша, Сер­бия, Судан, Йордания қатар­лы 40 елден келген садақ­шылар қатыстырылды. Бұлар қаланың ескі тарихи ауданы Ок Мейдандағы жаттығу айла­ғына орналасып, жүйелі дәріс үйренеді.

– Шетелдік садақшыларды жоғарыдағы тренинг-курсқа тартудың шарты қандай?

– Шетелдіктерді жоғарыдағы садақшылар курсына қатыстыру ісімен сол мемлекеттегі Юнус Эмре институтының бөлім­шелері айналысады. Дәл қазір әлем бойынша этникалық түрік садақ ату өнерін үйренуге 550 адам ниет білдірсе, осының 200-і әйелдер. Ал Қазақстаннан 3 са­дақшы жоғарыдағы курсқа қатыс­ты. Курс бітірушілерге арнайы сертификат берілді.

Келесі бір айта кететін дүние жоғарыдағы жобаның шарты бойынша қазір әлемнің 16 елінде этникалық садақ ату курсы ашылуда. Жаттығуға қажет – садақ, жебе, қорамсақ, нысана сияқты материалдық жабдықтар қор есебінен толықтырылуда.

– Астана қаласында ашыл­ған садақ ату курсы да жоға­рыдағы жоба аясында іске асып отырған дүние ме?

– Дәл солай. Қазірдің өзін­де курсқа 40-тан астам аста­налық тіркеліп үлгерді. Елор­да­мыздағы «Алатау» спорт кеше­нінде апта­сына екі дүркін, әр­бірінде бір­­жарым сағаттан сабақ өтіп жатыр.

– Курстың бағдарламасы жайлы айтып өтсеңіз?

– Курстың бағдарламасы барлығы 36 сағатты құрайды. Дәріс кезінде садақтың құры­лымы, садақ тарту техникасының қыр-сыры үйретіледі. Сонымен қатар Анадолыдан білікті мамандар келіп, шеберлік сағаттарын, семинар, көрме өткізеді.

Одан кейін курсқа қаты­сушылар арасында сайыс ұйым­дастырылып, жеңімпаздар шет елде өтетін халықаралық жа­рысқа жолдама алады. Әрі қарай шеберлігін жетілдірем десе, Түр­кияға барып, нағыз майталман ұстаздардан дәріс алуға мүмкіндік бар.

– Жоғарыдағы курсқа қа­тысам деушілер кімге, қайда ха­барласады?

– Курсқа қатысуға ниет білдірушілердің жасы 18-ден асқан болуы шарт. Жыныстық және әлеуметтік тұрғыдан шектеу жоқ. Толық мәліметті Юнус Эмре институтының Астанадағы бөлімшесіне хабарласып алуға болады.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

АСТАНА