– Алло, балам, бүгін мен түнгі кезекшіліктемін. Тамағыңды дайындап қойдым, кешікпей қайт үйге...
– Да, мам...
Байланыс соңғы сөзді айтып үлгергенше үзіліп кетті.
Гүлзияның Қалқамандағы ауруханада хирург болып қызмет еткеніне біраз жыл. Данияр жалғыз ұлы. Өзі асырап, жеткізіп келеді. Биыл он алтыға шықты. Колледждің ақылы бөлімінде оқиды. Көлік әпер деп қылқылдағалы алты ай болды. Достарының алды «Бентли» мініпті.
Қайда, жалғыз мұның ақшасы «Тойотаға» жетсін бе... Хирургтің табысы жаман емес негізі, әсіресе ота жасар алдында қалтасы қампиып қалатыны бар.
«...Адамдар да қызық қой, тап ажалдан бұл алып қалатындай, міне жаны шығарда сүйретіліп келеді де, иманына дейін хирургтің алақанына иіріп салуға шақ. Иә, дәме деген адамды бұза бастайды екен. Қазір бөлімдегі қыздар кезекшілікке шыққанда қанша тапқанын айтып жарысатындай жағдайда... Өткенде, Перизатқа көлік апатына түскен баласының жарасын жуып бергені үшін ғана бір байшыкеш уыстап доллар ұстата сапты. Әжетханадан шықпай санаған ол пақыр бір жылап, бір күліпті. Енді, бақандай 1800 долларды ұстата салса... Байлар жомарт қазір. Әсіресе, жақындары көлік апатына ұшырағанда жандары безек қағады. Сосын бұлар да қалталыны алыстан ажырататын болған. Әйтпесе, қалтаға тиын салмақ түгілі, өзіңді түтіп жейтін кедей-кепшік толып жатыр. Бастыққа шағынып, сотқа беремін деп байбалам салатынын қайтесің...».
Гүлзия осындай ой жетегімен ырғатылып отырғанда нөмірі 16-автобус Қалқаманға жетіп те қойды.
– Гуля Әміржановна, ерте келгеніңіз қандай жақсы болды. Қазір ғана Момышұлының бойында болған апаттан адамдарды алып келді. Жедел операцияға кіресіз.
Аға медбике тызақтап жүр екен. Хирургияның дәлізі полицияға толып кетіпті. Бас киімін мыжғылай берген подполковник, бұған қарсы жүрді: «Доктор, бала менікі еді. Жалғыз ұлым ғой... Құтқарыңыз, бас сүйегі жарылған дейді, құтқарып қалыңыз. Аянбаймын, барым сіздікі, дәрігер...». Бұл қартаң подполковниктің жалынышты жүзіне күлімсірей қарап жүре берген.
Не... Қасынан медбикелер жүгіре сүйретіп өткен зембілге назар аудармаса да, кеудесі шым ете түсті. Алқынып кеткені несі?.. «Мынау көк джинси шалбарды қайдан көріп еді. Кетші, не көп, шалбар көп емес пе?» Мырс еткен ол ота бөлмесіне беттеген.
...Ауыр ота жасағаны осы шығар. Екі сағат бойы сынған бас сүйекті тазалап, үзілген қан тамырды жалғап, ақыры жас жігітті құтқарды-ау... Дәрігерлер бөлмесіне беттеген оны тағы да аға мейірбике тоқтатты. «Гуля Әміржановна, мында тағы бір ауыр соққы алған бала бар. Есін жимай жатыр, басынан соққы алған, гематом болуы керек. Өзінің артынан ешкім келмей жатыр. Қарайсыз ба?», – деді шыр-пыры шығып.
– Жаным-ау, артынан жақындары іздемесе біз не істей аламыз? Процедураны жасай беріңдер, кіріп шығамын...
Дәрігерлер бөлмесінің есік ауызында мұны подполковник күтіп тұр екен.
– Дәрігер...
– Тірі балаңыз, алып қалдық!
Бұл қатқылдау сөйлеген. Анау иіліп әлек...
– Қазір, су ішуге мұрсат бересіздер ме өзі?
Кабинетке кіре қол сөмкесінен ұялы телфонын іздеген. 12 рет қоңырау шалыныпты. «Тоқта, Данияр неге іздеді екен сонша...».
– Алло, Данко...
– Алло, алло, – Арғы жақтағы ер адамның даусы құлағын жарып жібере жаздады, – Сіз бұл телефонның иесіне кім боласыз?
– Мен... мен мамасымын!
– Мамасы, сабыр етіңіз, мен Әуезов аудандық жол полициясының қызметкері боламын. Сіздің ұлыңыз жол апатына түсіп, Қалқамандағы ауруханаға жөнелтілді... Алло, алло...
Соңғы сөзді естімеген Гүлзия кабинеттен иттен қашып шыққандай тапырақтай жөнелді.
«Бәсе, бәсе, көк джинси шалбар...»
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»