Қазақ тарихында Жанақ атты бірнеше ақын болған. Бір қызығы осының бәрі бір заманда өмір сүрген.
Соның бірі – 1770 жылы Семей өңіріндегі Абыралы жерінде туып, 1850-ші жылдары дүниеден өткен Жанақ Сағындықұлы. Бұл адам ақындығының сыртында қазақтың ескі жолы мен шариғи дәстүрін де жақсы білген. Өйткені жас кезінде Түркістан өңіріндегі Қарнақ медресесінде білім алып, әрі қарай Ташкентте дәріс үйренген екен.
Жанақ ақын орта жүз орысқа толық бағынған 1820-шы жылдары ел аралап келе жатып, үлкен жиынға кез болады. Астында адам қызығарлық шұбар аты бар екен. Жиын үстінде елдің бір шонжары ақынның астындағы атына қызығады. Аударып ала-йын десе бар қазаққа аты мәлім Жанақтан жасқанады. Өзі де бір айлакер қу екен, шұбар аттың маңында айналсоқтап жүріп есінеген кезінде таңдайындағы бармақтай қара қалды көріп қалады.
Озбыр пенде дереу дау салады. «Мына Жанақтың мініп жүрген шұбар атты құнан шығарында қолды болған менің жылқым. Өзіме қайтарсын». Жанақ аң-таң: «Ей, ағайын, бұл Ақтоғай Арқадағы пәлен деген байдың биесінен туған құлан. Мына пенденің сөзі түбірімен жалған», дейді. Ақыры дау өршіп биге жүгінеді.
Төрге жайғасқан төбе билер, «сенің қандай датың бар» деп әуелі шұбар атқа жала жапқан жігіттен сұрайды. Ол: «Бұл шұбардың тай күнінде аузына ұры тіс шығып соны суырған едім. Сонда көзім шалған үстіңгі таңдайында қап-қара қалы бар-тын...». Билер атты алдырып аузын ашып қараса шынында бармақтай қара қал тұр. Бәрі «енді сен не айтасың» дегендей Жанаққа қарайды.
Жанақ ақын бұл істе бір шикілік барын біліп тұр, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Былай депті: «Бір шартым бар, бұл жігіт «мынау менің шын жоғалған атым еді» деп Алланың атымен ант ішсін де, алып кете берсін». Анау да антұрған екен, Алланың атымен ант ішіп шұбарды жетелеп жүре береді. Атының үстінен ер-тұрманын сыпырып алып, оны қолына ұстап тұрып қалған Жанақ ақын:
Жанын берген Жанақтың шұбарын жер, Мына адам шұбарды менікі дер, Жақсы атымды жалғанға сатып алған, Я, Алла залымның жазасын бер,
– деп, дұғасын оқып бетін сипайды да қала береді.
Атты алған жігіт ауылына кетіп бара жатып, жолдағы бұлақтың басына түседі. Шылбырын беліне мықтап байлап бұлақтан секіріп өтпекші болғанда шалқасынан түседі. Ат үркіп-тулап, шонжарды сүйретіп денесін тастан-тасқа соғып сау тамтық қалдырмай шашып тастапты.
Осы оқиғаға куә болған жұрт «бұл пенде Алланың атымен жалған ант ішті, содан болып мұндай пәлеге жолықты» бірден үкім етіпті. Ақсақалдар Жанаққа келіп, «қарағым сенің ісің ақ екен, жалғаншының жазасын Алла берді, енді өз атыңды өзің ал» деген де, Жанақ ақын «жалғаншының жазасына себеп болған жылқыға енді менің ер салғаным жарамас, Алла тағаланың «зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасын қабыл етемін» дегенін білемін. Сол қабыл болды, маған дүниенің қажеті жоқ» деп шұбар атты өлген жігіттің жаназасына сойдырыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»